Понедельник, Ноябрь 18, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Жидебайға аттанады

Жидебайға аттанады

Экспедиция

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Жұбановтан Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция Ақтөбеден Семейге аттанады.

Бұл — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен қолға алынып отырған іс. Нақ осы бағыт кезінде оқу орнының 1983-1995 жылдардағы ректоры Мұхтар Арынның ғылыми экспедициясында жоспарланған екен. Сондай-ақ, бұл — алдағы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай қолға алынатын іс-шаралардың бастауы.

Экспедицияға «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев басшылық етеді.

— Семей жеріне біз алдымен Нұр-Сұлтан қаласы, одан әрі Павлодар облысы арқылы жетуді жоспарлап отырмыз. Ал қайтар жолда Қарағанды облысы арқылы келеміз. Мұндағы мақсат — айтылған өңірлердегі киелі орындарды аралау, солар туралы деректер жинау. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Қарағанды және Семей қалаларындағы жоғары оқу орындарында болып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында істеліп жатқан жұмыстармен танысу, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру жоспарланған, — деді Абат Пангереев.

Экспедиция мүшелері бетке алған басты нысан — тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық Жидебай қорығы. Жидебай — Құнанбай қажының атақонысы. Кейіннен мұндағы қыстау Абайдың иелігіне өткен. Қазір бұл жер мемлекет қамқорлығына алынған, мұнда Абай мен Шәкәрімнің мемориалдық кешені, ұлы ақын Абайдың музей-үйі, басқа да тарихи орындар бар.

Экспедиция жұмысы 10 күнге созылады. Сапар қорытындысы бойынша деректі фильм әзірлеу және кітап шығару жоспарланған.

 Бекбол МАЙЛИШЕВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 2-курс студенті

https://aqtobegazeti.kz/?p=76394