Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Балаларға қуаныш сыйлады

Балаларға қуаныш сыйлады

Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күніне және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы  алаңында балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің салтанатты шеруі өтті.

Барлық білім беру ұйымдарын біріктіретін республикалық дәстүрлі шеру бір уақытта еліміздің барлық өңірлерінде өтеді. Шеру қаладағы «Қазақ xалқына мың алғыс»  стелласы алаңында ұйымдастырылды. Оған Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин,  Ақтөбе қаласының Ильяс Испанов, Жұбанов университетінің  ректоры Бауыржан Ердембеков және Ақтөбе қаласының аудандарының оқушылары мен қосымша білім беру, сондай-ақ орта білім беру мекемелерінің педагогтары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.

Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин  жиналғандарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, өзінің игі тілегімен бөлісті.

Шеру мақсаты — «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру аясында балалар мен студенттердің шерулік және фестивальдік жүріп өтуін қолдау және дамыту.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеру облыстың барлық аудандарында бір уақытта өтіп, оған 50 000-нан астам бала қатысқан. Тек Ақтөбе қаласында 8 мектептен тыс ұйымдардан және 60-тан астам білім беру ұйымдарынан құрылған салтанатты қорапта (барлығы 71 қорап) облыстың 7 929 оқушысы қамтылған.

Шерудің салтанатты колонналарын – барабаншылар отряды, үрлемелі оркестрлер мен ансамбльдер, мажореткалар, хор және би ұжымдары құрады.

Салтанатты шарада облыстың үздік балалары марапатталды. Онда  университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы 12 жетім балаға Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантының сертификатын тапсырса, Жоғарғы колледж директоры Гүлжан Үйсінбаева аталған колледждің гранты негізінде «Мектепке дейінгі даярлық тобы» мамандығы бойынша білім алу үшін Мұғалжар орта мектебінің 11 класс оқушысы Айым Танабергенге сертификат табыстады.

Керемет музыкалық репертуар, алуан түрлі аспаптар, сан түрлі өнерді біріктірген бағдарламалар мен көздің жауын алатын бірыңғай әсем киімдермен безендірілген шеру балалар мерекесінің көркін келтірді.

Айта кетейік,   ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябақта «Бақытты бала — бейбіт елдің тірегі» атты ойын-сауықтық мерекелік бағдарламасы мен «Әрқашан күн сөнбесін!» тақырыбында асфальтқа сурет салу байқаулары да өткізілді. Сондай-ақ балаларға арналған «Көңілді старт» спорттық ойындар сайысы, «Балбұлақ» балалар кітап көрмесі ұйымдастырылды.