Четверг, Апрель 18, 2024

Жаңа саты

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Онда қазақ тілінің латын әліпбиіне өту жобасы талқыланды.

Шараны университеттің филология факультетінің деканы, профессор К.Садирова жүргізіп отырды.  Университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент  Бибігүл Әбенова кіріспе сөз сөйледі. Одан соң Астанадан келген  Евразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығыметовке сөз кезегі тиді. Ғани Сақтағанұлы: — Біздің институт мемлекеттік тапсырыс бойынша аналитикалық, әлеуметтік зерттеулер жүргізеді. Жұртшылық жылы қабылдап, қолдау білдірген Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы қазақ тілінің латын әліпбиіне біртіндеп ауысуы, «Туған жер» ,«100 жаңа есім» «100 жаңа оқулық» бағдарламаларын халыққа  түсіндіру, ел-жұрттың пікірін тыңдау, оны билікке жеткізу мақсатында Ақтөбеге жолым түсіп отыр. Мұның алдында Өскемен, Павлодар қалаларында болдық. Бүгін Ақтөбеде  осыған қатысты ғалымдар, тілші мамандар өздерінің  пікірлерін  ортаға салатын болады, — деді.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, «Рухани жаңғыру» жобасы кеңсесінің жетекшісі Ермек Тауанов  Ақтөбе облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайлы жан-жақты әңгімеледі.

Университеттің теориялық және қолданбалы лингвистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Сәдуақас  «Латын графикасына көшу — заман талабы» тақырыбында келелі әңгіме қозғады. Латын әліпбиіне көшудің қажеттілігі мен ұсынылған жаңа жобадағы кейбір жайттарға байланысты өз ойын жүйелі жеткізді. Осы кафедраның тағы бір доценті Мұқтар Миров «Латын графикасына көшу — ғаламдық мәдениетке жақындаудың бір сатысы» деген тақырыпта ой өрбітті.

Ал университет профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдуллаев Қазақстандағы әліпби тарихынан сыр шертті.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

источник