Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Аштық қасіреті

Аштық қасіреті

Конференция

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде  «КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы» атты  республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Онда тарих ғылымдарының докторы, профессор Света Смағұлованың  1920-22 жылдардағы қазақ жеріндегі аштық туралы құпия құжаттар негізінде жазылған  «Ашаршылық қасіреті» монографиясы таныстырылды.

—  1920-21 жылдары қазақ  жеріндегі бес аймақ халқы ашаршылыққа ұшырады. Басты себебі – қуаңшылық. 1920 жылы 11 миллион 300 мың десятина егістік жердің 700 мыңына егін шықпай қалғандықтан, 2 миллион 653 мың 340 адам  аштық қасіретін тартты. Босқыншылыққа ұшыраған жұрт  сыртқа көшіп, сол жылдары  қазақ 30 пайызға кемігенін айтады зерттеушілер. Қазір жарияланып жүрген фотодеректер 1921-1922 жылы түсірілген. Өкініштісі, бұл фотосуреттер 1932 жылғы ашаршылық дерегі ретінде көрсетіліп жүр. 1931-33 жылдары фотосурет түсіруге де, газетке жариялауға да қатаң тыйым салынды, — дейді Света Смағұлова.

1921 жылдың басында  Ақтөбе губерниясының тұрғындары 501 мың 637 адам болса,  солардың 361049-ы ішерге ас таба алмайды. Өлген малдың иістенген етін жеген адамдар  жұқпалы ауруға тап болған. Міржақып Дулатов 1921 жылы «Ақжол» газетінде: «Күніне 250 адам өледі. Қан сүзек, қайталама сүзек, бөртпе сүзек  жайылып кетті, осылардан жан тапсырып жатыр. Өліктерді жинауға да мүмкіншілік болмай жатыр» деп  жазған.

1922 жылы Сәкен Сейфуллин  «Қызыл Қазақстан» журналында: «Басар жері жоқ, бәрі аш, мойындарында іліп алған шоқпыт-шоқпыт дорбалары бар. Арасында жас балалар көп. Тездетіп іс-шара қолдану  қажет» дейді.

1922 жылы «Ресейдің аштыққа ұшыраған халқына 250 мың сом ақша мен нан жіберілсін» деген Ленин бұйрығынан соң аштыққа онша ұрынбаған Ақмола, Семей губарниясы бар   астығы мен етін Ресейге вагон-вагонымен жіберіп, ізінше бұл өлке де аштық қасіретін тартты.

1921 жылғы санақ бойынша қазақтар — 3 миллион 628 мың адам. Бірақ бұған көшпелі аудандар кірген жоқ. 1930 жылғы санақта – 4 миллион 120 мың. 1937 жылғы санақта халқымыз —  2 миллион 862 мың 457 адам.

Аштық жылдарында өлгендер саны бойынша дерек әртүрлі. ҰҚК архиві бойынша 1 миллион 750 мың адам қайтыс болса, тарихшылар  2 миллион 200 мың адам аштық құрбаны болғанын айтады. Яғни, 49 пайызы.

«Аштан қырылып жатырмыз» деп ең бірінші рет 1932 жылдың  10 ақпанында Ақмола облысы Максим Горький атындағы колхоздан Нұрғали Дүйсембиев Орталыққа хат жазады. 1933 жылы Тұрар Рысқұлов — 4 рет, Ораз Исаев 3 рет Сталинге шөп шықпай, мал қырылды деп көмек сұрап, босып кеткен елді  қайтаруға жәрдем сұрайды.

Жалпыұлттық тарихи сананы көтеру мен ұлттық бірлікті нығайтуда елдің өткенін қайта зерделеудің маңыздылығын айтты ғалымдар.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков конференцияны 1922 жылдары аштық құрсауында қалған  Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губерниясы мен Адай уезіндегі  аштық себептері қайтадан жаңа деректермен толықтырылып, мұның зардаптары ғылыми тұрғыдан бағасын алуы қажет екенін айтып қорытындылады

 Баян СӘРСЕМБИНА