Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жас маманның еңбек жолы

Жас маманның еңбек жолы

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бірінші рет жас мамандарға арналған Ашық есік күнін өткізді

 Еліміздегі ірі өндірістік компаниялардың бірі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы жас мамандар үшін арнайы шара өткізді. Осы компанияның еңбек ресурстары департаменті ұйымдастырған «Жас маманның еңбек жолы» аталған Ашық есік күнінің мақсаты — жұмыс беруші, кәсіби оқу орны мен студент арасындағы өзара тиімді әріптестік қарым-қатынасты нығайту, компанияға жас мамандарды тарту, кәсіптік әлеуетті жүзеге асыру үшін студенттердің ынтасын арттыру, жұмыс берушінің кадрлық саясатын жетілдіру. Бұл шара, сондай-ақ, құзыретті мамандарды тәрбиелеу мен даярлау үшін ақпараттық кеңістік құра отырып, компания мен кәсіби оқу орындарының оң имиджін қалыптастыруға да ықпал етеді.

Еңбек ресурстары департаменті кадр бөлімінің инженері Бибіжамал Нұржанованың айтуынша, аталған шара Жастар жылына арналып отыр. Ашық есік күніне компания басшылары мен акционерлік қоғамға қарасты барлық басқармалар мен департаменттер өкілдері, тәжірибелі мамандар және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті мен Ақтөбе политехникалық колледжі студенттері қатысты.

«Бізге жан-жақты білімді мамандар қажет!»

Акционерлік коғамның Ақтөбе қаласындағы негізгі ғимаратының кіреберіс залында жастар үшін аталған компанияның жұмысымен егжей-тегжейлі таныстыратын арнайы көрме жасақталды. Мұнда компанияның барлық бағыттары — мұнай-газ өнімдерін барлаудан бастап оны өндіру, өңдеу, тұтынушыға жеткізу процестері, сондай-ақ, компанияның қоршаған ортаны қорғау саясаты, еңбек ресурстары, әлеуметтік жауапкершіліктері, өндірістік-шаруашылық қызметтері, еңбек қауіпсіздігі, тұтастай алғанда, уақытпен бірге дамып келе жатқан компанияның тыныс-тіршілігі түгелдей көрсетілген. Жастар басқармалар өкілдерімен сөйлесіп, өздеріне қажетті ақпараттар алды. Түйіндемелерін тапсырды. Компания бас директорының бірінші орынбасары Тахталифум Есенғұлов студенттерге «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының жұмысы мен жас мамандарды қолдау бағыттары туралы айтты:

— «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Вэй Юйсанның бастамасымен бірінші рет жастарға арналған Ашық есік күнін өткізіп отырмыз. Тәжірибелі мамандарымыз компанияның өндірістік процесі туралы жастардың барлық сұрақтарына жауап береді. Болашақ мұнайшылар мұнайдың пайда болу процесі — оны табу, барлау, геофизика мен сейсмика жұмыстары, бұрғылау, өндіру, өңдеуден бастап тұтынушыға тапсыруға дейінгі аралықтағы барлық күрделі процесті білуі тиіс. Осы жұмыстың әрқайсысын атқару үшін жақсы мамандар қажет. Мұнайшы болу — өте қиын да, жауапты мамандық. Біз де қарапайым жұмысшыдан бастап бөлімшелерде, департаменттерде жұмыс істедік, бүгінде компания басшылығында қызмет етіп жатырмыз, — деп жастарға үміт пен сенім арта сөйледі.

Бүгінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ —  еліміздегі мұнай-газ кешендерінің көшбасшы компанияларының бірі. Ол тек Ақтөбе облысының ғана емес, оңтүстіктегі бірқатар елді мекендерді газбен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі күні компания Жаңажол, Кеңқияқтағы тұзүсті және тұзасты кен орындары мен Солтүстік Трува кен орындарында жұмыстар жүргізіп жатыр.

— Алдымызда тұрған үлкен міндеттердің бірі — барлау жұмыстарын жүргізе отырып, жаңа кен орындарын ашу. Бұл мұнай-газ қорын арттырумен қатар, қосымша жұмыс көздерін ашуға ықпал етеді. Бұл болашақ үшін, жастарымыз үшін де өте қажет. Осындай іргелі жұмыстардың барлығы да мықты біліммен қаруланған, заманауи технологиялардың тілін білетін, өзін үнемі жетілдіріп отыратын, еңбек нарығында бәскеге қабілетті болуға ұмтылатын мамандарды керек етеді. Біздің компания өз кадрларының өнім өндіру мен шикізатты өңдеу саласында әлемдік заманауи технологиялардың тілін игеріп, білімі мен кәсіби біліктілігін жетілдіруіне аса мән береді. Осы мақсатта мамандарымызды еліміздегі, шетелдегі жоғары оқу орындарына оқуға жіберіп тұрамыз. Және өз арамызда осындай білімді мамандарды көргіміз келеді, — деді Т.Есенғұлов.        

 «Біздің компанияның жастарға әрдайым есігі ашық»

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы кадр саясатында жас мамандарды даярлауға үлкен мән береді. Мұнда жұмыс істейтін алты мыңнан астам жұмысшының 1200-ге жуығы — 30-ға толмаған жастар. Өңірдегі оқу орындарының студенттері осы жерден өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу бітірген соң жұмысқа орналасып жатқан жастар да бар. Мәселен, «Октябрь мұнайгаз өндіру» басқармасының инженері Нүркен Әжібаев — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлегі екен.

— Университетті мұнай-газ ісі мамандығы бойынша аяқтадым. Осы компанияға жұмысқа келгенімде алғашқы үш жылда қарапайым жұмысшы болдым, қазір инженермін. Бізге жергілікті оқу орындарында білім алып жатқан студенттер өндірістік тәжірибеге жиі келеді, олардың әрқайсысына тәлімгер тағайындап, бірге жұмыс істейміз. Мысалы, біздің басқарманың өзінде тоқсан сайын үш жас маман тәжірибеден өтуге келеді. Компанияда жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне бар жағдай жасалған — арнайы спортзалдарымыз бар, басқа да әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі, — дейді ол.  

Мұнай және мұнай өнімдерін өткізу басқармасының жас қызметкері Ержан Ұзақбаев та  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін тәмамдаған. Ол сонымен қатар «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жастар кеңесін басқарады.

— Мен оқу бітірген соң бірден осы компанияға жұмысқа тұрдым. Қатал іріктеу болды, үш конкурс өткізілді. Өзімді көрсете алдым деп ойлаймын. Жұмыс істеп жатқаныма екі жылдай болды. Мұндай ірі компаниялар үшін жас мамандардың орны бөлек, себебі жастар қашанда жаңа идеялар мен жаңа бастамалардың генераторы, олар басқаша ойлап, басқаша әрекет етуге ықпал етеді. Сондықтан, біздің компанияның жастарға әрдайым есігі ашық. Осы шара барысында қабылданған жастардың түйіндемелерінің барлығы да еңбек ресурстары департаментіне жолданып, біліктілігіне, мамандықтарына сәйкес іріктеледі. Және бос орын пайда болған кезде міндетті түрде түйіндемелер қаралады, — деді ол.

Ержан Ұзақбаев өзі секілді жастарға, ашық есік күніне келген іні-қарындастарына батылдау болу керектігін айтады:

— Мықты ерік-жігер керек, алға сеніммен қарауға дағдылану қажет. «Мен қалайда осы компанияға жұмысқа тұрамын, сол үшін еңбектенемін, сол үшін білімімді жетілдіремін», — деп мақсат қою керек. Сондай-ақ бірден лауазымды, жоғары жалақы беретін жұмысқа топ ете қаламын деу қате, сондықтан, қай салада болмасын мықты маман болу үшін төменгі сатыдан бастап тәжірибе жинақтауға даяр болу керек, — дейді ол.

Айта кету керек, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жастар кеңесі былтыр құрылған болатын. Облыстық жастар ісі жөніндегі басқарманың басшысы Нұрлан Күнтуовтың айтуынша, былтыр қыркүйекте осы компания жастарымен бірінші рет кездесу ұйымдастырылған:

— Компания басшылығы жастардың кез келген бастамаларын қолдауға дайын. Жастардың волонтерлық жұмыстары, әлеуметтік қолдау шараларына белсенді араласуы, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру секілді бастамалары ескерусіз қалмайды. Соның бір көрінісі — бүгінгі Ашық есік күні, — дейді Н.Күнтуов.

«Біз осында жұмыс істегіміз келеді!»

Ақтөбе политехникалық колледжінің 4-курс студенттері Нұрмұхан Әбдіжәми мен Ермахан Мұсағалиев Ашық есік күніне арнайы келіпті. Акционерлік қоғамның жұмысымен танысып, тәжірибелі мамандармен пікірлесіп, түйіндемелерін тапсырып, үйлеріне үлкен үмітпен кетіп бара жатыр екен.

— Мен аталған колледжді биыл электрмен қамтамасыз ету мамандығы бойынша бітіремін. Сәті түсіп жатса, осы компанияға жұмысқа тұрғым келеді. Бұл менің алдыма қойған мақсатым! Компанияның барлық кен орындарындағы, басқармаларындағы жұмыс барысымен таныстым. Болашақта осы компанияның белді қызметкері болатыныма сенемін, — дейді ол.

Ал Ермахан автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша диплом алмақ.

— Өз мамандығыма қатысты біраз ақпарат алдым. Егер жұмысқа шақырса, міндетті түрде келемін, — дейді ол.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде мұнай-газ ісі мамандығы бойынша оқып жатқан Қайырбек Орынбасар техника және технология біліктілігін алып шығады.

— Маған мұнай мен газды өндіру, өңдеу жұмыстары бойынша алған ақпараттар қызықты әрі маңызды болды. Әрбір студенттің арманы — өз саласы бойынша жұмысқа орналасу. Мен де өз салам бойынша жұмысқа орналасуды мұрат етемін. Өзім Ойыл ауданынанмын. Қазір Ойыл ауданында да барлау жұмыстары жүргізіліп жатқанынан хабардармын, бәлкім, сол жерлерде жұмыс істеудің сәті түсер… — дейді ол.

Ашық есік күніне Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің мұнай-газ ісі, органикалық заттардың химиялық технологиясы бойынша оқып жатқан 4-5 курс студенттері мен болашақ экономистер, есепшілер, заңгерлер келді.

— «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамымен өзара келісімшарт негізінде біздің студенттер осы компаниядан өндірістік тәжірибеден өтіп тұрады. Егер студент өзін жақсы жағынан көрсете білсе, конкурстық негізде жұмысқа қабылданады, — дейді аталған университеттің кәсіби даму және мансап орталығының жетекшісі Бақытгүл Ертілеуова.

Жастар тәжірибелі мамандармен көп пікірлесті. Әсіресе, олардың қоршаған ортаны қорғау, еңбек қауіпсіздігі қызметтерінің негізгі бағыттары туралы ақпараттар жазылған тұста көбірек кідіргенін байқадық:

— Қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жаңа технологиялар, жұмыс барысында адамның өзін-өзі қорғау үшін киетін қиімдері, құрал-саймандары туралы сұрақтар көп болды жастар тарапынан, — дейді еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Биболат Қоңыратбаев.

Қысқасы, «Жас маманның еңбек жолы» атты Ашық есік күні компания үшін де, жастар үшін де нәтижелі өткеніне күмән жоқ. Бірі әлеуетті жұмысшылары үшін молырақ ақпарат беруге тырысса, екінші тарап — жастар алдағы үлкен жолда алдынан ашылған есіктердің бар екендігін көріп, сенім мен үміт арқалап кетті!..

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

https://aqtobegazeti.kz/?p=76637