Среда, Июнь 26, 2019
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті Республикалық универсиадада жүлделі 2 орынды иеленді

Жұбанов университеті Республикалық универсиадада жүлделі 2 орынды иеленді

Күні кеше екі айға созылған Ақтөбе қаласының 150 жылдығына және Жастар жылына  арналған Қазақстан Рес­публикасы жоғары оқу орындары студенттерінің X жазғы Универсиадасының жабылу салтанаты өз мәресіне жеткен болатын. Еліміздің 62 жоғары оқу орындарының  арасында 38 спорт түрі бойынша ұйымдастырылған аталмыш шараның қорытындысында Жұбанов университеті үздік университеттердің бірі болып, 48 медальға ие болды. Ақтөбе өңірінде алғашқы рет өткізілген спорттық шарада Жұбанов университетінен 20 спорт түрі бойынша командалар қатысып, облыс тарихында болмаған жетістікке қол жеткізді.

Ақтөбе өңірінде жастарды білім алуға, ғылым мен спортты ұштастыруға үндеп, студенттер арасында бұқаралық спорттың дамуына мұрындық болып жүрген университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков бүгін универсиада жеңімпаздарымен кездесті. Басқосуға  жоғары оқу орнының аталған жарысқа қатысушы командалары, оларды спорт додасына дайындаған жауапты оқытушылары мен бапкерлері қатысты.

Кездесуде Бауыржан Аманкелдіұлы «Біз бұл үлкен додаға бір жылға жуық уақыт, яғни сегіз ай бұрын дайындалған болатынбыз. Біздер дайындық барысында Ақтөбе өңірлік университетінде спорттың бар екенін дәлелдеп және командалық бестікте көрінуіміз керек деген мақсат болды. Міне, 62 жоғары оқу орындарының арасында екінші орыннан көрініп, спортшыларымыз биылғы оқу жылының соңында университет абыройын асқақтатып отыр.  Бұл тарихи сәт», — деді. Университет ректоры сөз соңында жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге жетулеріне  тілектестігін  жеткізді.

Сондай-ақ бүгінгі жиында университет басшысы Х жазғы Универсиадада жүлделі орындарды иемденген командалар мен жеке спортшы студенттерді, бапкерлерді, жауапты оқытушыларды  арнайы дипломдармен және ақшалай сыйақылармен марапаттады.

Айта кетейік, республикалық жарыс нәтижесінде Жұбанов университетінің екі командасы — І орынға (жүзу/ерлер), үстел теннисі (ерлер), екі командасы — ІІ орынға (гандбол (ерлер, қыздар) және таэквондодан  алты команда — ІІІ орынға (қыздар), бокс (ерлер), әйелдер күресі, шахмат, марафон, самбо (ерлер) ие болды.  Сонымен қатар IV, V, VI, VII орындарға ие болған командалар да бар.

Х жазғы Универсиадада Жұбанов университетінің қоржынына 12 алтын, 4 күміс, 3 қола салған жүзу командасын айрықша айтуға болады. Бұл спорт түрі бойынша университет командасы құрамында  ҚР рекордсмендері, ҚР чемпиондары, спорт шеберлері ағайынды Айбек және Әлібек Қамзеновтер өнер көрсетті.  Университеттің І орын алған үстел теннисі командасының мүшесі жарыс қорытындысы бойынша 108 ұпай жинап, жеке есепте үздік көрсеткішке ие болған спорт шебері, ҚР чемпионы Жанай Есенгелдінің де еңбегі айрықша атауға болады.  Осы орайда алтын медаль иегерлері белбеу күресі бойынша Әл-Фараби Бимағанбет, бокс бойынша Жәнібек Қартбаев, ал самбода Аслан Тажиков университет командасы құрамында өнер көрсетті.

Бүгінгі басқосу соңында спорт шебері Айбек Қамзенов сөз сөйлеп,  қолдау көрсеткен университет әкімішілігі мен профессорлық-оқытушылық құрамға ризашылығын білдірді.

Жарыс жеңімпаздары еліміздің намысын қорғау үшін осы жылы өтетін Неаполь (Италия) қаласындағы ХХХ жазғы Бүкіләлемдік Универсиадаға қатысады.