Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе өңірлік университеті студенттер сайысында екінші орынды иеленді

Ақтөбе өңірлік университеті студенттер сайысында екінші орынды иеленді

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университеті студент жастардың X жазғы Универсиа­дасының жа­былу салтанатын өткізді.

Еліміздің 62 жоғары оқу орындарының  арасында 38 спорт түрі бойынша ұйымдастырылған аталмыш шараның қорытындысында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ үздік университеттердің бірі болып, 48 медальға ие болды. Ақтөбе өңірінде алғашқы рет өткізілген спорттық шараға біздің жоғары оқу орнынан 20 спорт түрі бойынша түрлі командалар қатысып, облыс тарихында болмаған жетістікке қол жеткізді.

Салтанатты шараға Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры, «ҚР құрметті спорт қайраткері» Садық Мұс­тафаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ильяс Испанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Мұрат Телеуов,  Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков және басқа ресми тұлғалар, спорт қауымдастығы, жанкүйер қауымы қатысты.

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына және Жастар жылына  арналған шараның мақсаты – Елбасының Жолдауына сәйкес бұқаралық спортты дамыту, спортты білім беру жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретінде ілгерілету, салауатты өмір салтын насихаттау.

Универсиаданың жабылу салтанатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садық Мұстафаев  Универсиадаға қатысқан студенттер мен жоғары оқу орындарының ректорларына ризашылығын  білдірді.

– Жоғары оқу орындары арасында өткізілген Қазақстан Республикасының Х жазғы Универсиадасы бүгін өз мәресіне жетті. 2019 жылдың 03 сәуір мен 09 маусым аралығында өткен бұл шара еліміздің Алматы, Орал, Шымкент, Өскемен, Семей, Тараз және Ақтөбе қаласында өткізілді. Былтыр Талдықорған қаласында өткен ІХ жазғы Универсиадаға 52 жоғары оқу орнының спортшылары қатысқан болатын болса, биыл Ақтөбедегі Жұбанов университетінде өткен спорттық шараға 62 жоғары оқу орындарының командалары қатысты. Сондай-ақ, Х жазғы Универсиадаға 480 командадан 4025 спортшы қатысып, былтырғы жылмен салыстырғында 70 пайызға артып отыр, – деді Садық Шоңмұрынұлы.

Сөз соңында Универсиада жарыстарын ұйымдастыру­шылар, жеңімпаздар мен жүлде­герлер, олардың   оқытушылары мен жат­тықтырушыларын  Білім және ғылым министрінің грамотасымен, дене тәрбиесі орталығының кубогымен,  естелік медальдармен марапаттады.

Жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің коман­дасы, жүлделі екінші орынды  Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ командасы иеленсе, ал үшінші орынға І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің командасы ие болды. Тиісінше 4–6 орындарды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командалары ен­шіледі. Жиын барысында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ мен  М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің Х жазғы Универсиадасының ұйымдастырушылары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Универсиада туын табыстады. X жазғы Универсиаданың соңы үлкен концерттік бағдарламаға ұласты.

Келесі күні Ақтөбе өңірінде жастарды білім алуға, ғылым мен спортты ұштастыруға үндеп, студенттер арасында бұқаралық спорттың дамуына мұрындық болып жүрген Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков универсиада жеңімпаздарымен арнайы  кездесті. Басқосуға  жоғары оқу орнының аталған жарысқа қатысушы командалары, оларды спорт додасына дайындаған жауапты оқытушылары мен бапкерлері қатысты.

Кездесуде Бауыржан Аманкелдіұлы: – Біз бұл үлкен додаға бір жылға жуық уақыт, яғни сегіз ай бұрын дайындалған болатынбыз. Біздер дайындық барысында Ақтөбе өңірлік университетінде спорттың бар екенін дәлелдеп және командалық бестікте көрінуіміз керек деген мақсат болды. Міне, 62 жоғары оқу орындарының арасында екінші орыннан көрініп, спортшыларымыз биылғы оқу жылының соңында университет абыройын асқақтатып отыр.  Бұл тарихи сәт, – деді.

Университет ректоры сөз соңында жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге жетулеріне  тілектестігін  жеткізді. Сондай-ақ басқосуда университет басшысы Х жазғы Универсиадада жүлделі орындарды иемденген командалар мен жеке спортшы студенттерді, бапкерлерді, жауапты оқытушыларды  арнайы дипломдармен және ақшалай сыйақылармен марапаттады.

Айта кетейік, республикалық жарыс нәтижесінде Жұбанов университетінің екі командасы – І орынға (жүзу/ерлер), үстел теннисі (ерлер), екі командасы – ІІ орынға (гандбол (ерлер, қыздар) және таэквондодан  алты команда – ІІІ орынға (қыздар), бокс (ерлер), әйелдер күресі, шахмат, марафон, самбо (ерлер) ие болды.

Сонымен қатар IV, V, VI, VII орындарға ие болған командалар да бар. Х жазғы Универсиадада Жұбанов университетінің қоржынына 12 алтын, 4 күміс, 3 қола салған жүзу командасын айрықша айтуға болады. Бұл спорт түрі бойынша университет командасы құрамында  ҚР рекордсмендері, ҚР чемпиондары, спорт шеберлері ағайынды Айбек және Әлібек Қамзеновтер өнер көрсетті.

Университеттің бірінші орын алған үстел теннисі командасының мүшесі жарыс қорытындысы бойынша 108 ұпай жинап, жеке есепте үздік көрсеткішке ие болған спорт шебері, ҚР чемпионы Жанай Есенгелдінің де еңбегі айрықша атауға болады.  Осы орайда алтын медаль иегерлері белбеу күресі бойынша Әл-Фараби Бимағанбет, бокс бойынша Жәнібек Қартбаев, ал самбода Аслан Тажиков университет командасы құрамында өнер көрсетті.

Басқосу соңында спорт шебері Айбек Қамзенов сөз сөйлеп,  қолдау көрсеткен университет әкімішілігі мен профессорлық-оқытушылық құрамға ризашылығын білдірді. Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары еліміздің намысын қорғау үшін осы жылы өтетін Неаполь (Италия) қаласындағы ХХХ жазғы Бүкіләлемдік Универсиадаға қатысады.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ
Баспасөз қызметі бөлімінің маманы

http://bilimdinews.kz/?p=43585