Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Универсиада жүлдегерлері марапатталды

Универсиада жүлдегерлері марапатталды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Жастар сарайы ғимаратында ҚР Х жазғы универсиадасында жүлделі орындарға ие болған командалар мен спортшы студенттер марапатталды.

Аталған университет командалары жарысқа 20 спорт түрі бойынша қатысып, 21 алтын, 11 күміс және 16 қола медальға ие болды. Сондай-ақ университет қоржынына 12 алтын, 4 күміс, 3 қола салған жүзу командасын айрықша атап өтуге болады. Бұл спорт түрі бойынша университет командасы құрамында ҚР чемпиондары ағайынды Айбек пен Әлібек Қамзеновтер өнер көрсетті.

— Әрине, жеңіс оңай жолмен келмейді. Толағай табыстарда жаттықтырушыларымыздың маңдай тері мен табанды еңбегі жатқаны белгілі. Сондай-ақ университет ректоры тарапынан үлкен қолдау барын сезінеміз.

Мен енді Италия елінде өтетін дүниежүзілік универсиадаға жолдама алдым. Бұл мен үшін зор мүмкіндік. Енді осы додаға тыңғылықты дайындықты бастаймыз, — дейді Айбек Қамзенов.

Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша 1-орын алған үстел теннисі командасының мүшесі, 108 ұпай жинап, жеке есепте үздік көрсеткішке ие болған ҚР чемпионы Жанай Есенгелдінің де еңбегін айрықша атап өтуге болады.

Сонымен қатар алтын медаль иегерлері Әл-Фараби Бимағанбет (белбеу күресі), Аслан Тажіков (самбо), Жәнібек Қартбаевтар (бокс) университет командасы құрамында болды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков спортшыларды және олардың бапкерлерін құттықтап, марапаттады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК

https://aqtobegazeti.kz/?p=76775