Четверг, Август 22, 2019
Басты > Ел жаңалықтары > Асхат Аймағамбетов ҚР білім және ғылым министрі болып тағайындалды

Асхат Аймағамбетов ҚР білім және ғылым министрі болып тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметінен босатылды.

«Асхат Қанатұлы Аймағамбетов Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалсын», — делінген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығының мәтінінде.

Асхат Аймағамбетов 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 2003 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетін «тарихшы, тарих мұғалімі» біліктілігі бойынша тәмамдаған.

2006 жылы – Қарағанды «Болашақ» актуалды білім беру институтының заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2002 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден бастаған, 2004–2005 жылдары «Аңсар» жастар лигасы» ҚБ төрағасы болған, 2005–2006 жылдары «МЕДИА СП» ЖШС директоры, 2006–2012 жылдары — ҚарМУ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті ретінде қызмет атқарған.

2012–2014 жылдары Нұра ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

2014 жылғы ақпан айынан бастап 2017 жылғы тамызға дейін — Қарағанды облысы Білім беру басқармасының басшысы лауазымын атқарған.

2017 жылғы тамыздан бастап 2019 жылғы қаңтарға дейін ҚР білім жəне ғылым вице-министрі қызметін атқарған.

Министр лауазымына тағайындалғанға дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.

2003–2012 жылдар аралығында Қарағанды қалалық мәслихатының III және IV шақырылымдарының депутаты, қала мәслихатының әлеуметтік мәселелер бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланған.