Жұбанов университетінің студенттік емханасы — еліміздің жоғары оқу орындарының алғашқы медициналық мекемелерінің бірі. 1999 жылы желтоқсан айында университет жанынан ашылған студенттер емханасы өңірлер арасында тұңғыш рет құрылды. Аталған емхана 19 жыл бұрын студенттерге сапалы амбулаториялық-емханалық көмек беру және оның қолжетімділігін көтеру үшін Ғылыми кеңестің шешімі бойынша ұйымдастырылған болатын. Мұнда медицина мекемесінің бастауында, яғни ашылуы мен қалыптасу кезінде болған білікті мамандар тобы әлі күнге дейін студенттерге сапалы медициналық көмектер көрсетіп келеді. Арнайы медициналық мекеме тиісті материалдық базамен, заманауи қондырғылармен және білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз етілген. Нақты айта кетсек, емханада 12 жоғарғы санатты және 3 бірінші санатты медициналық қызметкерлер жұмыс жасайды.
Елімізде әлемнің бірқатар елдеріндегідей маусым айының үшінші жексенбісін медицина қызметкерлерінің күні ретінде атап өту дәстүрі қалыптасып келеді. Медицина қызметкерлерінің күні — бұл мереке барлық ғұмырын алғысқа лайықты істерге – өзге адамдардың денсаулығы мен өмірлеріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбектері еленетін күн. Осы төл мереке қарсаңында университет емханасының ақ халатты абзал жандары құрметке бөленді. Бүгінгі «Медицина кәсібі — адамгершіліктің асылы» салтанатты шарасы да медицина қызметкерлеріне арналды. Адам өмірінің арашашысы атанған дәрігерлерді салтанатты жиында университет ректоры құттықтап, сала үздіктері марапатталды.
Салтанатты жиын барысында ректор, профессор Бауыржан Ердембеков кәсіби мерекеге орай жылы лебізін білдірді. «Құрметті университет емханасының медицина қызметкерлері мен дәрігерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір мемлекеттің басты байлығы – ол оның азаматтары болса, әрбір адамбаласы үшін байлық та, бақыт та – денсаулық. Олай болса, медицина қызметкерлерінің кез-келген қоғамда алар орны қашанда ерекше. Әрбір азаматтың денінің сау болуы — Сіздердің ерік-жігерлеріңіздің, білімдеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіздің жемісі. Алдарыңызға қиналып келген науқасты жүрек жылуларыңызбен қарсы алып, әртүрлі жағдайларда да адамның өміріне араша түсіп, барлық тәжірибелеріңіз бен білімдеріңізді ұлт денсаулығын жақсарту жолында қызмет етіп келесіздер. Сондықтан, университет ұжымы атынан көрсеткен лайықты қызметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін!», — деді. Университет басшысы сөз арасында емхананың ауқымды жұмыстарына тоқталып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
«Біз облыстық қаржыландыру жағына қарай көштік. Былтырғы 2018 жылы емханаға 74 млн.теңге бөлінсе, биылғы жылы 112 млн.теңге бөлінді. Университет емханасы өз қаражатына өмір сүріп жатыр. Соңғы 2 жылда бері диспансерлік есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмектер беріледі. Сондай-ақ, медициналық ұйымның қызметі мен медициналық көмектің сапасы жоғарлады. Біз емхананы жаңа зертханалармен жабдықтап, медициналық жабдықтарды жаңартуды жоспарлап отырмыз», — деп, жоспарларды орындауға күш салып жатқандықтарын да жеткізді.
Жиында кәсіби мерекеде құрметке бөленген сала мамандары өз қуаныштарын жасырған жоқ. Олар алдағы уақытта да денсаулық сақтау саласында талмай еңбек ететіндерін жеткізді. Өз кезегінде емхана меңгерушісі Жұмагүл Жұмағазина «Университет емханасынада біраз жылдан бері қызмет етіп келемін. Бірақ, дәл бүгінгідей толқымаған шығармын. Еңбегімізді елеп, бағалап отырған университет басшылығы мен ұстаздарына алғысым шексіз. Халық алдындағы қызметіміз басшылық тарапынан қолдау тауып жатқанына ризамын», — деген ол көрсетілген құрметке деген қуанышын жасырмады.
Салтанатты басқосуда Студенттік емхананың 10 қызметкеріне университет ректорының Алғыс хаттары мен кәсіподақ ұйымының ақшалай сыйлықтары табысталды.