Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > ҰБТ-2019: Нені білу керек

ҰБТ-2019: Нені білу керек

ҚР Білім және ғылым министрлігі Facebooк-тегі парақшасында талапкерлердің ҰБТ жайлы сұрақтарына жауап берді.

Жоғарғы оқу орнына құжат тапсырған кезде мамандық емес білім беру топтарын таңдау керектігі бұған дейін хабарланған. Жалпы 97 топ бар. Оған бір немесе бірнеше бағдарлама кіреді. Топтар тізімі мен оларға сәйкес пәндер тізімін Ұлттық тестілеу орталығы сайтынан немесе төмендегі видеодан көруге болады.

ҰБТ КЕЗЕҢДЕРІ

Бірінші қадам: 20 маусым мен 5 шілде аралығында алдын-ала өтінім беріп, тест тапсыру керек.

Биыл ҰБТ мен КТ біріктірілді. Тест тапсыру орындары тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында бар. Мектеп бұрынғыдай түлектерді тест тапсыру орнына апарып-алып келуге жауапты емес.

Екінші кезең: 13-20 шілде аралығында білім беру грантына байқау өтеді. Оған ҰБТ-дан өтіп, жеткілікті балл алған жағдайда ғана қатыса аласыздар.

Үшінші қадам: білім беру топтарын таңдайсыздар.

Бірінші жағдайда: мысалы маусым айындағы ҰБТ кезінде сіз «Биология» + «Химия» бойынша сынақ тапсырсаңыз, бұл пәндерге тиесілі 16 топтың ішінен (тізімі ҰТО сайтындағы видеода көрсетілген) әр түрлі ЖОО-дан төрт білім беру тобын таңдай аласыз. Әрине, топ ҰБТ-да таңдаған пәніңізге сай келуі керек. Сізде мынадай таңдау болуы мүмкін: 1. «Химия пәні мұғалімі». 2. «Биология мен аралас ғылымдар». 3. «Ветеринария». 4. «Жалпы медицина».

Сіз осы көрсетілген төртеуін ғана емес, он алты топтың ішінен басқа білім беру топтарын да таңдай аласыз.

Екінші жағдайда: шығармашылық мамандыққа тапсыратын талапкерлер грант байқауына қатысу кезінде тек бір ғана білім беру тобын таңдай алады. Мысалы, «Аудиовизуал құралдар мен медиаөндіріс» таңдағанда екі шығармашылық сынақ тапсырасыздар. Білім беру топтарынан төмендегі мамандықтарды таңдай аласыздар: 1. «Операторлық шеберлік». 2. «Баспа ісі». 3. «Полиграфия».

Төртінші қадам: оқуға қабылдау.

Грант білім беру топтарына бөлінеді. Ал білім беру бағдарламасын (бұрын бұл «мамандық» деп аталған) жоғары оқу орнына барған соң таңдайсыз.

Мысалы, «Химия пәнінің мұғалімі» бойынша грантқа ие болсаңыз жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларын қарайсыз. Айталық, ЖОО-да «Химия» немесе «Химия-Биология» деген білім беру бағдарламалары болса — біреуін таңдайсыз. Оқуға қабылдау кезеңі 10-25 тамыз аралығында, он күнге созылады. Оқуға түскені жайлы бұйрық нақты білім беру бағдарламасына қарай шығады. Кейін оқу бітірген сол бойынша диплом беріледі.

АҚЫЛЫ ОҚУҒА ТҮСУ

Жоғары оқу орнына ақылы түрде түспек болған талапкерлер үшін ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі бар. 2019 жылдан бастап тест қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өтеді. Әр кезде әр түрлі пән таңдап тест тапсыруға болады. ҰБТ-2019 сертификаты жылдың соңына дейін жарамды. Осылайша жоғары оқу орнының ақылы бөліміне құжат тапсырған кезде қалаған пәні бойы шекті балл жинағанын растайтын сертификат ұсынасыз.

ГРАНТТАР САНЫ

2019-2020 оқу жылына мемлекет 66 556 грант бөліп отыр. Оның 51 085-і бакалавриатқа, 13 159-і магистратура, 2 312-і докторантураға (PhD).

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bylu-manyzdy/item/322292-bt-2019-neni-bilu-kerek