Суббота, Июль 20, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Жылқы: тарих пен таным

Жылқы: тарих пен таным

Ұлы даланың жеті қыры

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында төрт түліктің ішіндегі тектісі — жылқы жануарын ерекше атап өтеді.

Көшпенді халықтың жылқы жануарымен бірге өсіп, біте қайнасып кеткені соншалықты, оны жоғары бағалаған біздің ата-бабаларымыз «ел намысын қорғаған батырлардың оң қанаты» деп есептеп, ерекше қасиеттерін аңыз еткен. Әсіресе, белгілі тұлпарлардың есімдері эпостық жырларда, ел аузында, толғаулар мен жырларда сақталып қалған.

Қазақ халқы жылқының адам өмірі үшін қоғамдағы атқаратын қызметін жоғары бағалап, қасиетті жануар ретінде жеті қазынаның бірі санап, оған жыл қайыруда жетінші орынды берген. Қазақ батырларының басты тірегі, жан серігі болған бұл түлік түрінің есімдері халық санасына сіңіп қалған. Мысалы, Қобыланды батырдың Тайбурыл тұлпары, Алпамыстың — Байшұбары, Ер Тарғынның — Тарланы, Қамбардың — Қарақасқасы, Кендебайдың — Керқұласы, Көроғлының — Көкаласы мен Ғыраты, Төлегеннің — Көкжорғасы, Сансызбайдың — Бурыл мен Сандалкөгі, Арқалықтың — Көкжалы, Телағыстың — Телкүреңі, Қабанбайдың — Қубасы, Бөгенбайдың — Қызыл аты, Ақан серінің — Құлагері мен Маңмаңгері, Біржанның — Телқоңыры, Бурылтайы, Кененнің  — Көкшолағы мен Ерғалидың — Шайтанқарасы, Шораның — Таспакері мен Қатукері, Тілеулі батырдың — Кезқұлағы, Бармақ батырдың — Сандалкөгі, Исатайдың — Ақтабаны, Махамбеттің — Кесікқұлағы, Жанқожаның — Мəстекқарасы, Абылай ханның — Шалқұйрығы, Əбілқайыр ханның — Ақбоз аты, Амангелді батырдың — Шалқасқасы, Кейкі мергеннің — Кераты, Қарабектің — Қарасы, Қамыстың — Шұбары, Ерқосайдың — Торысы, Сегіз серінің — Бозжорғасы, т.б. қазақ ауыз әдебиетінің ең бай да көне жанрларының бірі болып табылатын «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» сияқты жырлар мен ертегілерде  ерекше суреттелген. Қазақтың әйгілі жазушысы Сәбит Мұқанов: «…Гректер жылқыны суреттей алған жоқ, ал қазақтардың жылқыны суреттеуі — шын мәніндегі поэзия. Жылқы эпопеяда адамдармен қатар орын алады», — деген болатын. Ақын Ғафу Қайырбеков: «Жылқы — қазақ даласының екінші аты. Осынша даланы меңгеру үшін, осынша шалғайлықты қаусыру үшін тек аттың ғана жалы мен белі, тұяғындағы желі керек болды бабаларға» деп айтқан екен.

Ұлы дала тарихын ат тұяғының ізімен жазған ежелгі көшпенділер — жылқы мінезді, рухы биік, ержүрек халық екені, олардың ертеректе аңшылықпен айналысқандығы  және түрлі тастардан, сүйектерден балшықтан жасалған шаруашылық құралдарын алғаш қолданғаны бүкіл әлемге әйгілі. «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деп Елбасы өзінің мақаласында осы тарихи деректерді нақтылайды. Әлем өркениетінің ежелгі мекені саналатын қазіргі Солтүстік Қазақстан  жеріндегі тарихи Ботай мәдениетін В.Зайберт бастаған отандық археолог-ғалымдар ең алғаш рет, яғни осыдан 6-6,5 мың жыл бұрын біздің ата-бабаларымыздың жылқының қолға үйретілген және аң аулауға пайдаланылған жері ретінде ғылыми дәлелдеді. Айта кету керек, Жайық пен Ертіс өзендерінің аралығында қоныстанған жергілікті тайпалардың Ботай жұрты мәдениетінің өмір сүру мерзімі б.ғ.д.V-IV ғасырлар болып есептеледі. Археологиялық қазба жұмыстарының арқасында аталмыш өңірден жылқы сүйектері арқылы ғалымдар ежелгі тайпалардың, қазіргі қазақтардың түп атасының тұрмыс-тіршілігінде ағашты өңдейтін қашағыш, киім тігетін ине, жылқының ат-әбзелдері мен қару-жарақтары (тастан жасалған пышақ, қанжар, жебе, найза), жүгені, ауыздығы және олардың ең алғаш рет ат арбаны шаруашылықта қолданғаны, қымыз сүтін өндіргені туралы тарихи жәдігерлер анықталды. Америкалық маман Д.Энтони: «Бүгінгі дәуірдің ғалымдары дүниежүзілік тарихтың сан мың сұрағының жауабын осы «Ботай мәдениетінен» тауып отыр» дейді.

Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі — батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» деген болатын. Мұның өзі жеті қазынаның бірі болып саналатын жылқының халықтық санаға сіңісіп, ұлттық тәрбиенің негізін құрап, рухани құндылыққа айналғанының айғағы. Қазіргі қазақ елінің Елтаңбасында жылқы бейнесінің өзіндік орын алуы тарихи сабақтастықты білдіреді. Ежелгі сақ тайпаларында жылқы малына табынған және адамдар дүние салғанда жылқымен қоса жерлеу рәсімі орын алған. Ұлы Даланың әр өңірлерінен табылған археологиялық қазбалардан белгілі адамдармен  бірге жерленген жылқы сүйектерінің қалдықтары осыған дәлел бола алады.

Ежелгі дәуірдегі грек тарихшысы Геродот «Тарих» кітабында: «Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса береді, соғыстың екі тәсілін де жетік меңгерген: садақпен және найзамен қаруланған, қарапайым қару мен айбалтаны да қолданады. Сондай-ақ олар аттарының алқымын сауытпен қаптайды, ал жүгендерін, ауыздықтарын және құйысқандарын алтынмен зерлейді» деп жазады.

Атақты француз тарихшысы Рене Груссе (1885-1952 жж.) «Дала империясы — Орталық Азия тарихы» атты кітабында: «Жылқыны алғаш қолға үйретушілердің көшпенділер болғаны күмән тудырмайды. Жылқы қолға үйретілісімен-ақ соғыста пайдаланылды. Атты сарбазды кемелдендіре түсетін түрлі техникалық тапқырлықтардың ішінде, үзеңгінің маңызы тіптен айрықша болған. Ол арқылы сарбаз ат үстінде өзін орнықты әрі мығым сезінетін. Екі қолы бос болатын. Соғыс кезінде үзеңгі солтүстіктегі атты ұлттарды ұзақ уақытқа дейін оңтүстіктегі жатақшы жұрттарға қарағанда ырықты етіп келді. Еуропалықтардың үзеңгіні қолдануы VІ ғасырда — аварлар басып кіргеннен кейін ғана болды. Сайын дала — жылқының отаны. Далалықтар жаратылысынан «ат құлағында ойнаған» сарбаздар. Батыстағы паршылар мен шығыстағы түрік-монғолдар hәм ат әбзелдерін ойлап табушылар да осылар…», — дейді.

Қазіргі уақытта қазақ тілінде жылқы атауының 80 түрлі синонимі бар екен. Дана халқымыз атам заманнан бері жылқы малын пір тұтып, қадірін ескере отырып, оны баптап өсіріп, ғасырлар бойы айналысқан кәсібі мен барлық  тұрмыс-тіршілігінде  өз кәдесіне пайдаланып келген: сойса — ет, сауса — қымыз, мінсе — ат, жексең — көлік, жауға шапсаң — жолдас, желдей жүйрік  болды. Бұл тұста Қасым ханның мынадай сөзі барын еске сала кетсек: «…Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз — ет, сүйетін шәрбәтіміз — қымыз… Қызық көретініміз —өрістегі жылқымыз».

Қазақ халқының бұл жануарға қатысты даналық сөздері көп: «Ат — ер қанаты»,  «Жылқы — малдың патшасы», «Ер ел сақтайды, ат ер сақтайды», «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады».

Ұлттық өнерден халық, әсіресе жастар рухтанады, рухани қуат алады, жігерленеді.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларына көрсетілген тұжырымдарды жүзеге асыру мақсатында және Ақтөбе қаласының 150 жылдығы, Жастар жылы аясында ипподром күрделі жөндеуден өтіп, мұнда жастар арасында көкпар тарту, теңге алу, аударыспақ, жорға жарыс, қыз қуу, т.б. ұлттық ойындар бойынша жарыстар ұйымдастырылып, кеңінен насихатталса, түрлі үйірмелер ашылса екен дейміз. Сөйтіп, ипподромды қалпына келтірсе, қарапайым халық, ат баптайтын атсейістер мен жүйрікті тап басып танитын ат сыншылары риза болар еді…

Қорыта айтқанда, Елбасы Н.Назарбаевтың қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ерекше маңызға ие «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы ой-пікірлер өзекті болып табылады. Аталған тың жобаларды іске асырсақ, білікті де білімді, әлемдік бәсекелестікке сай жаңашыл мамандарды даярлайтынымыз, жас ұрпақ тәрбиесіне қомақты үлес қосатынымыз анық.

 Бауыржан ЖҮНІСОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры.

Әлібек БАЗАРҒАЛИЕВ,

Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасы директорының орынбасары.

Ақтөбе қаласы.