Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жұбановтан — Абайға

Жұбановтан — Абайға

Жолсапар

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жұбановтан — Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылып, Ақтөбе — Нұр-Сұлтан —Павлодар — Семей — Жидебай — Баянауыл — Қарқаралы — Қарағанды бағытындағы киелі жерлерде болып қайтты.

Аталған шара Ұлы Абайдың 175 жылдығы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды. Айта кетейік, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай сол кездегі Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, профессор Мұхтар Арын осы бағытта экспедиция ұйымдастырып, ағамыздың орны толмас қазасына байланысты, ол орта жолдан үзілген болатын. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембековтің бастамасымен сол үзілген тарихи сабақтастықты осы сапар арқылы қайта жаңғырту көзделді.

Алғашқы күні экспедиция Нұр-Сұлтан қаласында «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өткен Бас алаңда, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасы мен мұражайында болды. Ал келесі күні экспедиция мүшелерін «Алаштың Астанасы» — қарт Семей күтіп алды. Шәкәрім атындағы университет студенттері мен оқытушылары бізді құшақ жая қарсы алды. Осы күні Ұлы Абайдың кіндік қаны тамған Шыңғыстау бауырына ат басын бұрдық.

Бөрлідегі «Мен Абайды, Абай мені әлемге танытты» деген қазақтың ұлы жазушысы, академик Мұхтар Омарханұлы тұрған үйдегі мұражайымен танысып, көптеген тың тарихи мағлұматтар алдық. Құдды бір, Ұлы жазушының әлеміне, Абай эпопеясының ішіне енгендей сезімде болдық. Одан соң алыстан теңіздің бетіндегі ақ желкендей мұнартқан, «жатқан жері жайлы болғыр» Шыңғыстың қос алыбы — хәкім Абай мен философ Шәкәрімнің рухына тағзым етіп, Құран бағышталды.

Абай мұражайындағы айналасындағылардың тұтынған, ұстаған, пайдаланған заттарының әрқайсысы бізді сол заманға жетелегендей күй кештік. Жас ұрпақты Абайдың тәрбиесімен, Абайдың жолымен рухтандыра, жігерлендіре алсақ, рухани жаңғырудың даңғыл жолы сол болмақ. Абайдың әр қара сөзі бір үлкен ғылыми жұмыс, диссертация секілді. Оны тек ақын ғана емес, ағартушы, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры ретінде танудың, пайымдаудың маңызы зор. «Қашанда бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деген ақын сөзі ойға оралды. Халқын ғылым, білім жолына шақырған ақынның мұрасы біз үшін ешқашан құнын жоғалтпайтын рухани қазына. Сондықтан «Абайтану» курстары тек Шәкәрім, Абай университеттерінде ғана жүргізілмеуі керек. Ол гуманитарлық мамандықтар бойынша барлық оқу орындарында оқылуы тиіс. Баяғыда М.Әуезов Қазақ Ұлттық университетінде «Абайтану» курсын оқығанда, басқа университеттер студенттері өз сабақтарын тастап барып, ұлы жазушының дәрістерін тыңдайды екен.

Семей жерінде махаббат пен сүйіспеншіліктің символына айналған Еңлік пен Кебектің үңгіріне, олардың ескерткіш-күмбезіне кідірдік. Сондай-ақ, Абай оқыған медресе, тәуелсіздіктің ақ таңын аңсаған алаш арыстарының штабына айналған, кезінде Абай тоқтаған «Алаш арыстары» үйі де сол заманнан сыр шертеді. Шәкәрім атындағы Семей, С.Торайғыров атындағы Павлодар, Е.Букетов атындағы Қарағанды университетіндегі археологиялық және ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмыстарымен танысып,  ғалымдар мен магистранттар бас қосқан дөңгелек үстелде қызу пікірталастарға қатыстық. Болашақта бірлескен жобалар мен ынтымақтастық жағдайлары талқыланды. Тек сырт елдерде ғана емес, өзімізде де заманауи білім алуға жағдайдың бар екеніне жастардың көзін жеткізу, студенттерге білімін тереңдету жолдарын көрсету қазір өзекті болып отыр.

Семейден Қарағанды арқылы қазаққа жиырмадан астам академик сыйлаған, Орталық Қазақстанның «маржаны» атанған Баянауылға бет алдық. Мәшһүр Жүсіптің кесенесі алыстан көзімізге түсті. Бала Жүсіп тоғыз жасқа келгенде, оған «Мәшһүр» деп ат таңған Мұса Шорманов екен.

Дала аристократиясының жарқын өкілі саналатын, жалпақ халыққа аты тек Мұса Байжановтың «Ақ сисасымен» белгілі болған, ал негізінде қарадан шықан аға сұлтан — Мұса Шорманов. Төре тұқымымен құдандалы болып, ресми түрде ақсүйектікті алып, оны халық мойындаған. Орыс әскерінің полковник шеніне дейін көтерілген. Бөгенбай батырдың ұрпағы Саққұлақ би Мұсаны «Орта жүздің шамшырағы» деп атаса, Шоқан Уәлиханов «Аяулы мырза ағамыз сирек кездесетін керемет адам еді», — деп жазған болатын.

Келесі бас тіреген жеріміз — Қоңыр әулие үңгірі. Аңыздар бұл үңгірді Нұх пайғамбар заманымен байланыстырады. Топан судан құтқару үшін Нұх пайғамбар тіршілік атаулыны кемеге тиеп алғанда, үш әулиеге орын жетпей қалған екен. Олар — Қыран, Құлан және Қоңыр. Ағаштан сал жасап, кемеге тіркеледі. Жолшыбай судың ағынымен үшеуі үш жаққа кетеді. Тау-тасқа соғылып, әрқайсысы әр үңгірді мекендепті. Қоңыр әулие мекен еткен үңгір сонау заманнан киелі орын саналып, мұнда жұрт ағылып жатады.

Одан кейін, қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланның туып-өскен жеріндегі С.Торайғыровтың мұражайына келдік.

Келесі барған жеріміз — ғажап көлдерімен әйгілі болған Қарқаралы тауы. «Атыңнан айналайын Қарқаралы, сенен бұлт, менен қайғы тарқамады», — деп жырлаған Мәди Бәпиұлын, 1905 жылғы атақты Қарқаралы петициясын тарихтан білеміз. Қарқаралы — табиғаты ғана емес, тарихымыздағы орнымен де айрықшаланатын қасиетті жер.

«Арғы атасы қажы еді…» дегендей, Құнанбай атамыз 1850-1851 жылдары осы жерде мешіт тұрғызған. Құнанбай қажы осында тамыры Халиулла Бекметовтың үйін жалға алып, сол үйге Абай тоқтаған. Кейін, ХХ ғасырдың басында осы «Көк үйде» (халық солай аталған) алаш арыстары — А.Бөкейханов, А.Байтұрынұлы, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков жиі-жиі бас қосқан.

Экспедиция өз жұмысын Қарағанды қаласында аяқтап, Нұр-Сұлтан арқылы Ақтөбеге оралды. Біз болашақта осындай ғылыми-танымдық экспедициялар өз жалғасын табады деп үміттенеміз.

 

Дәулет  ӘБЕНОВ,

тарих ғылымдарының 

кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе

өңірлік мемлекеттік университетінің

доценті.

https://aqtobegazeti.kz/?p=76941