Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өзге тілдің тілін біл…

Өзге тілдің тілін біл…

Жұбанов Университетінде филология факультетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы халықтарының Тілдері күні» мерекесіне арналған халықаралық Тілдер фестивалі өткізілді. Фестиваль аясында лингвистикалық дәріс және викториналық сұрақтар конкурсы, лингвистикалық тренинг жүргізілді.
Ресейдегі Уфа қаласынан келген Башқұрт мемлекеттік университетінің доценті З.Ф.Шайхисламова «Башкирский язык в системе тюркских языков» тақырыбында, Стерлитамак қаласы, Башқұрт мемлекеттік университетінің Стерлитамак филиалының оқытушысы, ф.ғ.к., доцент Л.М.Хусаинова «История башкирского письма» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс барысында башқұрт тілінің ерекшелігі, қазақ тілімен ұқсастықтары, түркі тілдері жүйесіндегі орны туралы мазмұнды мәлімет берілді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушылары ф.ғ.к., доцент И.И.Свиридова «Коммуникативные возможности языка» тақырыбында, п.ғ.д., профессор Б.Ж.Құрманова, ф.ғ.д., профессор К.Қ.Садирова «Речевая тактика и стратегия казахского языка» тақырыбында баяндама жасады. Лингвистикалық дәріс кезінде тілдің қоғамдағы орнын, сөздің құдіреттілігін танытатын дәлелді пікірлер айтылды. Лингвист ғалымдар аудитория сұрақтарына жауап беріп, тыңдаушылардың тіл туралы түсінігін тереңдете түсті. Дәріс соңында филология факультетінің оқытушылары ф.ғ.к., доцент Б.С.Қарағұлова және PhD А.Кушкимбаева викториналық сұрақтар конкурсын ұйымдастырды.

Дәріске қатысушылар Қазақстанның картасына өздері келген өңірді белгілеп, Тілдер мерекесімен құттықтауларын, Тілдер фестивалінен алған әсерлерін, ізгі тілектерін білдірді.
Лингвистикалық дәрістермен қатар Тілдер фестивалі аясында өзге тілдер туралы түсінік беріп, тіл үйренуге ынталандыратын лингвистикалық тренингтер өткізілді. Университетіміздің полиглот оқытушысы ф.ғ.д., профессор С.С.Исакова «Французша сөйлейсіз бе?» тақырыбында тренинг жүргізіп, әлем «махаббат пен сүйіспеншілік» тілі деп мойындаған французшаның қыр-сыры туралы ақпарат берді. Гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы Н.Қ.Құлтанбаева «Араб грамматикасына саяхат» атты тренингінде әлемдік маңызға ие араб тілінің ерекшеліктерін түсіндіріп, көп қолданылатын бірнеше фразаларын меңгертті.

Тілдер фестивалінің жабылу салтанатында Қ.Жұбанов университетінің ардагер оқытушысы Ж. Нұржанқызы жиналған қауымға өзінің батасын беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Фестиваль барысында белсенділік танытып, презентацияларын ұсынған қатысушылар арнайы сыйлықпен марапатталды. Тілдер фестиваліне арнайы келіп қатысқан шетелдік және өзге өңір өкілдері іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын айтып, ризашылық білдірді. Фестивальдің жабылу салтанатында мәтінін университетіміздің оқытушылары Ш.Г.Әбдірова, С.Х. Абдигази, А.Агисбаева, М.Мамбеткулова жазған, А.И.Островскийдің әніне негізделген «Фестиваль гимні» шырқалды

Тілдер фестивалі ұлтаралық татулық пен халықтар достастығының нығаюына оң ықпалын тигізді. Өз тілімізге, дәстүрімізге деген сүйіспеншілік сезімінің тереңдей түсуіне, өзге ұлттардың ерекшеліктерін танып, өзара сыйластықтың артуына әсер етті.

ВИДЕО