Суббота, Июль 20, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Жұбанов университетінің бүгіні мен ертеңі

Жұбанов университетінің бүгіні мен ертеңі

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембековпен сұхбат

— Университеттер заман талабына сай өзгеріп жатыр. Бұл тұрғыда Жұбанов университетінің бағыт-бағдары қандай?

— Ең алдымен, жоғары оқу орындары дербестікке көшіп жатыр. Әр жоғары оқу орнының өз білім траекториялары болады, жеке өзінің дипломын бере бастайды. Бәсекеге қабілетті болсаң, заманның даму ырғағына ілесесің, болмаса көштен қалу қаупің бар. Құдайберген Жұбановтың атын иеленіп отырған біздің қарашаңырақтың 85 жылдық тарихы бар. Іргетасы сонау 1935 жылы қаланған. Бірақ, негізгі көрсеткіш ол емес. Бүгінде жиырма, отыз жыл бұрын құрылған жас университеттер өзіндік білім платформаларын жасақтап, алға ұмтылуда. Сол себепті, «біздің тарихымыз бай, мамандығымыздың саны көп, студенттердің саны он бес мыңға жетті» деген көрсеткіштер келешектің кепілі бола алмайды. Саннан сапаға көшетін кез жетті, тіпті өтіп кетті десе де болады. Әрине, университет үздіксіз ізденіс жұмыстарының арқасында біршама жетістіктерге жетті. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі рейтингісінде осы оқу жылында Қазақстанның ең үздік 20 жоғары оқу орындарының арасында 4-орында тұрмыз, бірақ бәсекелестік өсіп келеді.

Жақында өткен Х жазғы Универсиаданың қорытындысы бойынша университетіміз командалық есепте ІІ орын иеленіп, еліміз бойынша үздік үштікке енді. Жұбанов университетінде спорт қаншалықты дамыған дегенге айтар дәлел — осы. Бірақ  бұл жетістіктермен тоқтап қалуға болмайды.

Бірнеше бағытты қатар алып келе жатқан алып кемелер қайраңға тұрып қалып, кішкентай желкенді қайықтардың желдей есетін заманы келгенін ұмытпауымыз керек.

  Өткен оқу жылында Жұбанов университетіне 5000-нан астам талапкер оқуға қабылданды. Бұл — үлкен көрсеткіш. Университет бұған қалай қол жеткізді?

— Бұл арада бағыт-бағдар беру, яғни кәсіби бағдарлау жұмысын атына сай дұрыс жолға қою керек болды. Біз кәсіби бағдарлауды көбіне жалаң үгітпен шатастырып аламыз. Ауыл-елді аралап, мектепке барып, «Біздің университетке келіңдер» деген бір жапырақ жарнама қағазды таратумен шектелетін үгіттеудің күні келмеске кетуі керек. Немесе теледидар мен баспасөзге жарнама беріп, соны жеткілікті санауға болмайды. Мектеппен жан-жақты, жүйелі байланыс орнату, соның ішінде 11-сыныпты бітіретін түлекпен ғана емес, 8,9-сынып оқушыларынан бастап түгелдей мамандық таңдауға тарту керек. Тек болашақ мамандық иесімен ғана емес, сондай-ақ ата-ана, мектептегі пән мұғалімдері, класс жетекшісі, т.б. адамдармен кешенді жұмыс жүргізу қажет. Біздің университет сол жұмысты жасап жатыр. Қабылдау комиссиясының алдына келіп, құжат тапсырар сәтте мамандық таңдауға қиналып тұратын түлектің келбеті, біле-білсеңіз, бүкіл мемлекеттің болашағы үшін келеңсіз көріністердің бірі. Сондықтан да мамандық таңдау мәселесіне бейжай қарамауымыз керек.

Мәселеге осылай кешенді түрде келген университеттің аяқ алысы жаман емес. Жыл сайын білім алушылар саны артып келеді. Мысалы, 2017 жылы университетте он мыңнан астам студент білім алса, бүгінде он үш мыңнан астам студентіміз бар. Өткен жылы студенттер қатары 5 318 адаммен толықты.

Біздің университет несімен тартымды дегенде, қос дипломды және дуальды білім беру мүмкіндіктерін, аралас және жаңа білім беру бағдарламаларының пайда болуын, түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие екенін атар едік. Универсианттардың 50 пайызы тегін білім алады. Олардың ішінде мемлекеттік білім грантының, университеттің атаулы гранттарының, облыс әкімі грантының және әртүрлі өндірістік кәсіпорындар гранттарының иегерлері бар. «Серпін» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы қалаларынан келген студенттер оқиды. Студенттер қатарын Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия сынды алыс және жақын шетелдерден келген 1000 студент толықтыра түсті. Айта кету керек, 2018 жылы университетте «Ата Қоныс — Ақтөбе» жобасы басталып, алыс және жақын шетелден келген ұлты қазақ студенттерге арнайы жеңілдіктер жасалды.

Біздің университет — Ұлттық бірыңғай тестілеуге, мемлекеттік білім гранты конкурсына құжат қабылдайтын өңірдегі базалық жоғары оқу орны. Өткен оқу жылында университет базасында  Жоғары колледж ашылды, онда 400-ге жуық студент оқиды, биыл олардың саны мыңға жетеді деген үміттеміз. Студенттер саны жаңа, бүгінгі қоғамға қажетті мамандықтарды ашу есебінен де көбеюде. Осы арада айта кетуіміз керек, жоғары оқу орындарының рейтингі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жүргізген сараптамалары арқылы бағаланады. Осы бағалауда соңғы орындарда көрінген мамандықтар бәсекеге қабілетсіз болса, оларды жабу керек. Бұл тұрғыда университет саннан сапаға қағидасын мықтап ұстануда. Мәселен, келесі оқу жылында білім алушылар (бакалавриат, магистрант, докторант) саны он алты мыңнан асады деген жоспарымыз бар. Санның көбеюіне байланысты сапаны да күшейту керек. Үлгерімі төмен және Жұбанов университетінің студенті деген атқа сай емес, тәрбиесі толыспаған кез келген жас оқудан шығарылады. Солай істеліп те жатыр.

— Сонда, тәрбие мәселесі де басты орынға қойылатын болғаны ма?

— Иә. «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидың сөзін бас ғимаратттың маңдайшасына тегіннен-тегін жазып қоймасақ керек. Осыған орай университеттің миссиясы былайша айқындалуы тиіс деп ойлаймын: Жұбанов университеті тек маман даярлаумен шектелмеуі керек, ол Абай айтқан толық адам қалыптастырып шығаруы қажет.

Тәрбие бар жерде өтірік, өсек, басбұзар өктемдік, дарақылық пен өркөкіректікке жол берілмейді. Тіпті қазір қоғамда өршіп тұрған парақорлық та тәрбие мен тәртіптің жанында тұншығып қалады.

— Тәртіп туралы айтып қалдыңыз. Өзіңізден, өзгеден тәртіпті қалай талап етесіз?

— Өзім туралы бағаны өзгелер берер… Әдебиетші болғаннан кейін, кемшілікті сүйектен өткізіп айтатын әдетім бар. Темірдей тәртіптің болғанын қалаймын. Темірдей дегенді қасаң түсінбеу керек. Мысалы, кешіккенге жаным қас. Өз басым еш жерге кешікпеймін. Кешігу — өзгенің уақытын ұрлау. Үш сағат кешігіп басталатын тойлардан кейін, тойға көп бармауға тырысамын. Біздегі жиналыс болсын, мерекелік іс-шара болсын, бір минут кешіктірілмей уақытында басталады. Кешігіп келіп, «қазақпыз ғой» дегендерге айтарым, чукча халқына ұқсап, сайқымазақ әңгіменің кейіпкеріне айналмайын десеңіздер, жаман нәрсенің бәрін қазаққа жапсыра бергенді қою керек.

Екінші бір дүние, әріптестер арасындағы алауыздық, ұжымда тіл табыса алмау мәселесіне төзбеймін. Қанша жерден өз ісінің мықты маманы болғанмен, маңындағылармен тіл табыса алмаса, ұжымнан жеке басын жоғары қойса, онда жұмыс жүрмейді. Ондай мінезі келіспеген адамдар қай деңгейдегі басшылыққа да жарамсыз.

Өзім ашықпын, ашықтықты жақсы көрем. Адамдарды тек жұмыс істей алатын, істеуге ұмтылатын немесе жұмыс істей алмайтын, құлықсыз деп қана бөлу керек. Сондай-ақ, біреуді сыртынан жамандайтын адамдармен жұмыс істемеуге тырысамын.

— Батыс Қазақстанның агломерациясы болып табылатын Ақтөбе қаласында Жұбанов университеті аймақтық ғылымды дамытудың негізгі орталықтарының бірі болып табылады емес пе?

— Расында, солай! Облыс ғалымдарының басым бөлігі, жоғары оқу орындарында, соның ішінде Жұбанов университетінде шоғырланған және дәстүрлі түрде іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулермен айналысады. Жоғары оқу орнының 85 жылдық тарихында физика, математика, филология, тарих, педагогика және басқа ғылымдар саласында ғылыми бағыттар мен мектептер қалыптасты.

Жұбанов университетінің көптеген профессорларының ғылыми ізденістері айтарлықтай жемісті тәжірибесі бар, олардың нәтижелері отандық және шетелдік ғылыми ортада лайықты бағаланған. Мысалы, профессор Қуанышбек Шүңкеевтің радиациялық физика мектебі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Эстония, Белоруссия, Польша, басқа да шетелдерде әйгілі. Бұл зертхананың жабдықталуы әлемдік стандарттардан кем түспейді, зертханада Назарбаев университетінің, Тарту мемлекеттік университетінің жас ғалымдары өз зерттеулерін жүргізеді. Профессор Жайшылық Сартабановтың дифференциалды теңдеулерді шешу бағытындағы мектебі де осы сала білгірлерінің ерекше ықыласына ие, ал белгілі қоғам қайраткері, ғалым Амангелді Айталының әлеуметтану, дінтану, саясаттану бағытындағы ғылыми еңбектері өз өзектілігімен құнды. Сондай-ақ, этнолингвистика және топонимика, әдеби өлкетану бағыты, педагогика мен психология мектебі, «Мәдени мұра»,  «Рухани жаңғыру»  мемлекеттік бағдарламалары аясында жаңа серпін алған тарихшылар зерттеулері мен археологиялық ізденістердің ғұмыры баянды.

Университет іргелі ғылыми зерттеулермен қатар, аймақтың қолданбалы міндеттерін шешуге де назар аударады. Ол үшін жаңадан құрылған «Инновациялық технологиялар паркі» зертханаларын қосымша жабдықтау жүріп жатыр, үнемі жаңа жабдықтар сатып алынуда. Қазіргі уақытта, техникалық факультетте металлургия кафедрасының ғалымдары «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен университет сатып алған тікелей токты доғалы пешінде хром кенінің шаңын кәдеге жарату бойынша бірлескен жоба әзірлеп жатыр. Кенді сынақтық балқыту осы жобаның тиімділігін көрсетті. Кафедра ғалымдары мен зауыт мамандары бірлесіп, қоршаған ортаны феррошаңнан кешенді тазарту сынды жобаларды қолға алды.

Аймақтың экологиялық мәселелерін шешу жөніндегі өзекті міндетті диатомит минералының көмегі арқылы жүзеге асыру жолдарын іздестірумен физика, химия саласы мамандары мен экологтардан құрылған бірлескен команда айналысып жатыр. Аталған материалдың Ақтөбе қаласындағы жағымсыз иіспен күресуге байланысты мәселені шешуге септігі тиеді. Зертханалық сынақтар аяқталды, енді далалық зерттеулер мен коммерцияландыру деңгейіне көшу қажет.

Гуманитарлық сала ғалымдары қолданбалы міндеттерді «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында шешуде, атап айтқанда қазақтардың діни-мемориалдық ескерткіштері, табиғат, мәдениет ескерткіштері зерттеліп, болашағы бар туристік бағыттарға енгізіліп жатыр. Алайда бәрі керемет деуге де болмайды.

— Көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?

— Мәселен, республикалық деңгейде қаржыландырылатын жобалар аз. Университетте таза ғылыммен айналысатын мамандар азайып барады. Кезінде ғылыми орталықтарды басқарған ғалымдардың дені — зейнет жасында. Ендігі жерде жастарға үміт арту керек. Маманды сырттан шақырғанмен, оның тұрақтап қалуы екіталай. Докторантураға басқа қалаға барып оқуды көп жастардың отбасылық жағдайы көтере бермейді. Сол себепті, екі жылда он бес мамандық бойынша — магистратура, бес мамандық бойынша докторантура аштық. Біздің ғылыми қоғамдастықтың соңғы жетістіктерінің бірі ретінде университет жанынан математика және физика мамандықтары бойынша екі диссертациялық кеңестің ашылуын айтуға болады, олардың құрамында университеттің 10 ғалымы бар. Осылайша жас ғалымдар даярлауды өзіміз қолға алып жатырмыз.

— Кәсіпкерлікті дамыту ісі елімізде өте қарқынды қолға алынып жатыр. Бұл істен сіз басқаратын жоғары оқу орны да тыс қалып отырмаған шығар?

— Осы жерде бір мәселеге назар аударғым келеді. Біз ғылым мен кәсіпкерлікті шатастырмауымыз керек. Қазір осыны бір дүние деп қарап жүргендер бар. Әрине, кәсіпкерлікті дамыту, «Startup» жобалардың ғылыммен байланысы бар, бірақ екеуі — екі бөлек нәрсе.

Кәсіпкерлікке баулу деген бар да, онымен түбегейлі айналысу деген бар. Университет — өндіріс орны емес, бірақ бастау көздерін үйрететін, баулитын орта. Жұбанов университетінде барлық дайындық бағыттары үшін «Кәсіпкерлік негіздері»  пәні енгізілді. Осы жылы университет базасында «Startup академиясы» ашылды, оның басты мақсаты — студенттер мен оқытушыларды кәсіпкерлік дағдыларға оқыту болып табылады. О бастан мұнда бизнес-жобалар мен жас кәсіпкерлердің идеяларын дамыту жоспарланған. Жұбанов университетінде алғашқы стартап-байқау 2017 жылдың желтоқсанында өтті. Ең қызықты жобалардың бірі — «Ақылды балабақша» жобасы болды (жетекшісі — профессор Клара Төребаева), ол қазір 100-ден астам бала қатысатын дербес «Зерек» балаларды дамыту орталығына айналды. Қазір орталық «Жазғы лагерь» жобасын да сәтті іске асырып жатыр.

Өткен жылы облыстық деңгейде жастарды маңызды әлеуметтік жұмыстарға тартуға бағытталған «Zhas project» байқауы өткізілді. Біздің университетімізден 11 өтініш түсіп, оның алтауы жалпы сомасы 7 миллион теңгенің грантын ұтып алды. Келешекте «Startup» академиясы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Жұбанов университетінде ғана емес, бүкіл облыста кәсіпкерлік дағдыларды дамытатын бизнес-жобаларды талқылау және іске асыру алаңына айналады деп үміттенеміз.

— Жұбанов университеті — облыс жұртшылығы үшін — рухани даму орталығы. Осы бағытта қандай қадамдар жасалады?

— Бұл ретте біздің университет базасында құрылған «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық кеңсесі үлкен әдістемелік көмек көрсетуде. Біз осы топырақтан шыққан тарихи тұлғалардың есімдерін қайта жаңғырту мақсатында, жоғары оқу орнының оқу ғимараттарына олардың есімін беру мәселесін көтердік. Мысалы, университет Ғылыми Кеңесінің шешімімен бас оқу ғимаратына — Мұхтар Арынның, тарих факультетінің ғимаратына — Бекежан Сүлейменовтің, филология факультетінің ғимаратына Нұрпейіс Байғаниннің есімдері берілді.

Осы жылы іске асырылған жобаның бірі — Жастар сарайының жаңғыртылуы, мұнда фортепиано, хор өнері, хореография залы, баян және домбыра кластары, кинозал, «Атриум» көрме залы және «Мәңгілік ел» конференц-залы бар. Демеушілер қаржысына Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Алмас Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Рабиға Сыздықова сынды тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атына дәрісханалар жабдықталды. Бұл арада ата-бабаларымыздың есімін елге  насихаттап жүрген жаны жомарт меценат азаматтарға алғысымыз шексіз. Тарихи тұлға туралы құнды деректер беретін дәрісханалар жай ғана жасақталмай, сол жаны жомарт жандармен байланыс орнататын орталыққа да айналып отыр.

Өткен жылдан бастап ғалымдарымыздың еңбектері «Жұбанов кітапханасы» сериясымен жариялана бастады, қазіргі таңда 20-дан астам монография жарық көрді. Биыл біз Абайдың 175 жылдығы, Құдайберген Жұбановтың 120 жылдығы және университеттің 85 жылдығы аясында Ақтөбеден Шығыс Қазақстанға дейін  «Жұбановтан — Абайға»  экспедициясын ұйымдастырдық. Бұл — оқу орнының 1983-1995 жылдардағы басшысы Мұхтар Арын бастап кеткен игілікті істің жалғасы.

— Биылғы жыл университетте Сапа жылы боп жарияланды. Білім беру қызметінің сапасын арттыру мақсатында университетте қандай шаралар жүзеге асырылуда?

— Сапа жылы деп екпін беру уақыт талабынан туындап отыр. Жоғарыда айттық, сапасыз кадрдың ешкімге керегі жоқ. Өз мамандығын дұрыс таңдамаған түлек әлсіз студентке, ал әлсіз студент сапасыз маманға айналады. Ол, біріншіден, жұмысқа тұра алмайды. Жұмысқа тұрған күннің өзінде жұмыс берушінің көңілінен шыға алмайды. Бұл көрсеткіштер, яғни жұмысқа орналасу, жұмыс берушінің пікірі — бүгінде университеттің рейтингін анықтайтын негізгі параметрлер. Демек, біз екі мәселеге баса назар аударуымыз керек: сапалы профессорлық-оқытушылар құрамы және сапалы студент.

2017-2018 оқу жылы материалдық базаны нығайту жылы ретінде өтті, ал осы жылы сапа мәселесін алға қойдық. Профессорлық-оқытушылық құрамның қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесі туралы ереже қабылданды. Қосымша төлемақы осы рейтингке байланысты болады. Профессор немесе доценттің бәрі бірдей, біркелкі қосымша төлемақы алатын бұрынғы жүйе келмеске кету керек. Жақсы, нәтижелі жұмыс істейтін жас магистр жылына бірде-бір мақала жазбайтын, оқу құралын шығармайтын, кураторлық жұмысқа жегілмейтін профессор не доценттен көп қосымша төлемақы алуы мүмкін. Осылайша рейтингі төмен оқытушылар ысырылып, жаңа мамандар жұмысқа қабылданып жатыр.

Студенттердің сапасын жақсарту жолында, жаңа нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, жоғары оқу орнының Академиялық саясаты жаңартылды, сапа кепілдігінің саясаты анықталып, жарияланды, оқу жылына арналған сапа мониторингінің кешенді жоспары жасалды, курстан курсқа көшірудің өтпелі балл көрсеткіші жоғарылатылды.

Тағы бір назар аударатын мәселе — өндіріспен байланыс. 2019-2023 жылдарға арналған модульдік білім беру бағдарламалары мен 2-4-курстардың модульдік оқу жоспарлары өңірдің кәсіпорындары мен ұйымдарының 138 өкілінің қатысуымен әзірленген және олардың ұсыныстары бойынша 400-ге жуық пән енгізілген.

Университетте 30 мамандықтың білім беру бағдарламаларына 57 траектория енгізілген, яғни бір диплом алу аясында біз «жан-жақты» маманды даярлаймыз. «Білім беру» бағытындағы 7 мамандық студенттері көптілді білім беру жүйесі бойынша білім алып жатыр. 9 білім бағдарламасы бойынша университетішілік қос дипломды білім беру бағдарламалары әзірленген. Биыл бізде «Кәсіби даму және мансап орталығы» жұмысын бастады. Мұндай орталықтар еліміздің бес университетінде құрылды. Бүгінгі таңда университет 230 өндіріс орнымен, әртүрлі меншік нысанындағы мекемелер және оқу орындарымен келісімшарттар жасасты. Білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар базасында кафедралардың 82 филиалы құрылды. 35 мамандықтың 114 пәні бойынша дуальды оқыту элементтері енгізілген. Практикаға бағытталған оқыту мақсатында дуальды оқыту элементтері бар пәндер бойынша тәжірибелік және зертханалық сабақтар кафедра филиалдары мен практика базаларында өткізіледі.

Университет вендорларды (WorldSkills) тарта отырып, жұмысшы мамандықтары бойынша біліктілік беру арқылы студенттерді кәсіптік сертификаттауды жүзеге асырады. Осы жұмыс басталғалы 2 жыл ішінде жүзден астам студент 9 жұмысшы мамандығы бойынша сертификат алды.

2019-20 оқу жылында 1-2 курстарда педагогикалық практиканы оқу процесінен тыс өткізу жоспарланып отыр. Өндірістік тәжірибеден өту үшін 8 мамандық студенттеріне ірі компаниялар есебінен жалақы төленеді. Сондай-ақ, бұл кәсіпорындар алдағы уақытта осы мамандарды жұмысқа орналастыруға дайын.

— Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жемқорлық құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған  шаралар қолға алынып жатыр. Университетте осы бағытта қандай жұмыстар бар?

— Жоғарыда да айттық, жемқорлықпен жаппай күреспесе, тамыр жайып кеткен бұл індетті жою қиынға соғады. Сананы тәрбиелемей, салдармен күресу — бос әурешілік. Әсіресе, әке-шешесінің қасынан енді ғана жырақтаған жастарға жемқорлық індетін жұқтырмауымыз керек. «Жұбанов университетінің оқытушылары пара алады екен» деп әлеуметтік желіде айтылып жатса, маған да, менің әріптестеріме де, студенттерге де оңай дейсіз бе? «Мешкей деген жақсы ат па?». Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Студентпен де, оқытушылармен де жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл тұрғыда бізбен бірге қоян-қолтық жұмыс жасап жатқан Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне алғыс айту керек. Екі мекеменің арасында «Ақтөбе облысы жоғары оқу орындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартиясына» қол қойылып, түрлі іс-шаралар ұдайы өткізіледі.

Емтихан кезінде «Біз таза сессияны қолдаймыз» акциясы аясында call-center жұмыс жасайды, мұнда сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалар қабылданады. Университет толықтай бейнебақылаумен жабдықталған, оның көмегімен пәндерді оқыту сапасы мен емтихан тапсыру бақыланады.  Бүгінгі таңда университетіміз Академиялық адалдық Лигасына кіруге дайын.

Жемқорлық сабағын оқи алмайтын студентке көп қатысты. Алты ай сабағына бармай емтихан кезінде оқытушыға сыйлық ала жүгіретін студент те қатаң жазалануы керек.

— Шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастық бүгінгі таңда үздіксіз білім беру жүйесіндегі маңызды компонент болып табылады. Осы бағытта сіздің университетте қандай жұмыстар жүргізіледі?

— Университетте ішкі академиялық ұтқырлықпен қатар халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламалары қарқынды дамып келеді. Әлемнің 24 еліндегі 127 жетекші университетпен тығыз байланыс орнатылды. Жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларын салыстыру негізінде академиялық ұтқырлық Қытай, Ресей, Польша, Түркия, Латвия және Қырғызстанның жетекші университеттерімен жүзеге асырылады. Мысалы, 2016-17 оқу жылында академиялық ұтқырлық бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында 42 студент білім алса, ал 2017-18 оқу жылында — 133 студент, биыл 109 студент білім алды. 2018 жылы Польшадағы Быдгощ университетінде, 2019 жылы Түркияның Кастамону университетінде қазақ тілі мен мәдениетінің «Qazaq eli»  орталықтары ашылды. Польшадан келген әріптестермен байланысты одан әрі нығайту мақсатында біз осы оқу жылында университет жанынан поляк тілі мен мәдениеті орталығын аштық.

— Қазіргі жоғары оқу орындарында әлеуметтік қолдау мен көмек көрсетудің түрлі формалары мен тәжірибесі көрініс беруде. Жұбанов университетінде осы салада қандай жұмыстар жүргізіледі?

— Биыл Жастар жылында университетте жастарды әлеуметтік қорғау мақсатында біраз жобалар іске асырылуда. Университетте оқу ақысына жеңілдіктер беру ережесі  бекітілген. Мысалы, жетім балалардың оқу ақысына — 100 пайыз, көпбалалы отбасынан шыққан үздік  студенттерге 50 пайыз жеңілдік беріледі. Сонымен қатар оқуда, спортта немесе шығармашылықта жетістіктері бар талапкерлер мен білім алушылар Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантына немесе стипендияға үміткер бола алады. Демеушілер мен кәсіпорындар 200-ге жуық студентке қаржылай қолдау көрсетіп отыр.

Бүгінгі таңда бізде «Жұбанов жылуы» және «Үмітің үзілмесін», «INVO» International Voolunteer Organization сынды еріктілер топтары жұмыс істейді. Бұл жұмыстар тек қаржылық қолдаумен шектелмейді. Осындай жобалар арқылы біз студенттер мен педагогтарға моральдық қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ, биыл 450 студент құрылыс жасақтарының құрамына енді. Жыл сайын студенттеріміз «Жасыл ел» көгалдандыру отрядтарының жұмысына қатысады, ал биыл «Жасыл желекті Жұбанов» жаңа жобасына да белсене атсалысты.

Біздің университетімізде «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясын өткізу дәстүрге айналды, оның мақсаты — тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау. Аталмыш акция аясында университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері мұражай қорын әртүрлі тарихи жәдігерлермен толықтырады.

 Жұбанов университетін екі жылдан бері басқарып келесіз. Университетте 2017-2018 оқу жылы — Жаңғыру жылы, өткен оқу жылы Сапа жылы болып жарияланды. Ал алдағы оқу жылына қандай істер жоспарланған?

— Біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтамаймыз: келесі жыл университетте Ғылым мен инновация жылы ретінде жоспарланған. Ол үшін профессорлық-оқытушылық құрамның талапқа сай біліктілігін көтеру және жас ғалымдарды университетке тартуды мақсат етіп отырмыз. Инновациялық технологиялар паркін лабораториялармен жабдықтауды жалғастыру, университеттегі ғылыми мектептердің жұмысын түрлі өндіріс орындарымен байланыстыру, ғылыми жобаларға университетішілік гранттар тағайындау (әр бағыт бойынша бір немесе екі жоба), шетелдік жоғары оқу орындарымен біріккен жобаларға қатысу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдеби өлкетану, тарихи-өлкетану бағыттарын жалғастыру, соның ішінде «Ақтөбе ақтаңгерлері» жинағы, археологиялық лаборатория, Орынбор мұрағат қорымен ынтымақтастық жасау секілді істер жоспарланған. Жоба аясында жинақталған құжаттар мен мәліметтер Ақтөбе облысының тарихы бойынша цифрлы деректер базасын құру кезінде ескерілетін болады. Сонымен қатар университетте студенттердің «Bastau.kz» медиаорталығын ашу жоспарланған.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Smart-университет құру идеясын жүзеге асыруға мүмкіндігі бар жоғары оқу орындары барынша бәсекеге қабілетті болады. Қазіргі таңда  Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті классикалық университет моделінен Smart-университет моделіне көшуді жүзеге асыруда. Университеттің бүгінгі smart-ортасы — «Темірқазық»  студенттерге қызмет көрсету орталығы, «Ситуациялық орталық», «ИРБИС» электронды кітапханасы, science.arsu.kz мәліметтер базасы және виртуалды мұражай.

— Шешімін таппай тұрған қандай мәселелерге назар аудару керек деп ойлайсыз?

— Барлығы да мамандар біліктілігіне байланысты. Сол себепті, бар кадрлардың білімін жетілдіру керек. Жоғарыда айтқандай, жас ғалымдарды және өндіріс пен мектептен тәжірибелі практиктерді қосымша жұмысқа тартамыз. Жақсы маман мен саналы студент  — бұл университтетің қос қанаты. Қанаты қарымдылар ғана алысқа самғайды.

Айна САРЫБАЙ.