Суббота, Июль 20, 2019
Басты > Жаңалықтар > Ақ тілектер ақтарылған күн

Ақ тілектер ақтарылған күн

Бүгін Жұбанов университетінің филология факультетінің түлектеріне көптен күткен дипломдары табысталды. Бұл күн студенттер жадында ұзаққа сақталары сөзсіз. Себебі, білім ордасы  әрбір жасқа таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгертіп, болашақ кәсібіне құрмет-сүйіспеншілікпен қарауды үйретті.

Биылғы оқу жылында аталған факультеттің күндізгі бөлімін 109 түлек, ал сырттай бөлімін 83 түлек бітірді, оның ішінде 48 бітіруші үздік үлгідегі дипломға ие болды.

Түлектерге диплом табыстау салтанатты шарасын университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков құттықтау сөзімен ашып,  бітірушілерге салтанатты түрде дипломдарын табыстады. Ректор  өз сөзінде: «Бүгінгі күні филология факультеті — университеттегі іргелі факультеттердің бірі. Бөлініп жеке ғимарат болып шығып, сол ғимаратқа халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілді. Университетте белгілі тұлғаларға көптеген кабинеттер ашылды. Сонымен қатар, Құдайберген Жұбановтың, Әбіш Кекілбаевтың, Тахауи Ахтановтың есімімен аталатын конференция залдарының бар екенідігін айтуға болады. Университетімізде «Ақтөбе ақтаңгерлері» атанған Рабиға Сыздықованың, Тобық Жармағанбетовтің, Сағи Жиенбаевтың және тағы да басқа тұлғалардың портреттерін іліп, ұлықтау рәсімдерін өткізіп жатырмыз. Осы тұста филология факультетінің бастамасымен көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиевтің мерейтойын ұйымдастырылғанын атап өтуге болады»,деген  игі жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Одан кейін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы сыйлықтың лауреаты, облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газеті редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев сөз өнері майталмандарының жолын қуған  филолог-ұстаздардың өскелең ұрпақты ұлттық рухқа баулуда атқаратын рөлі ерекше екендігін атап,  оқу ордасынан түлеп ұшқан түлектер қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрінулеріне тілектестік білдірді.

Салтанатты кешке келген түлектердің жүзінен толқу мен қуаныш сезімдері байқалады. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітіруші Ботагөз Асан  үшін де осы күннің маңызы зор. «Бакалавр» академиялық дәрежесін алған жас алдағы уақытта мемлекеттік тілдің дамуы мен өркендеуіне өзіндік үлесін қосуға ниетті.

Салтанатты рәсімде түлектер дипломдарын университеттің оқу және оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі  проректоры, доцент Бибігүл Әбенованың, «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газеті редакторының орынбасары Ертай Ашықбаевтың, факультет түлегі, №9 мектептің оқу ісі жөніндегі директор орынбасары Бауыржан Қанағатовтың, филология факультетінің деканы Күлзат Садированың қолынан алды.

Ресми табыстау сәтінен кейін, іс-шараның соңы мерекелік концертке ұласты. Өнерпаздар ән шырқап, ата-аналар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.