Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Түлектер қияға қанат қақты

Түлектер қияға қанат қақты

Жұбанов университетінің жаратылыстану факультеті бітіруші түлектеріне диплом тапсыру кешін өткізді. Биыл аталған факультет  295 түлекті қанат қақтырып, сән-салтанатымен шығарып салды.

Шараға арнайы шақырылған қонақтар мен университет  оқытушылары, ата-аналар және студенттер қатысты. Салтанатты рәсімді ашқан университет ректоры Бауыржан Ердембеков түлектерді айтулы күнмен құттықтап, диплом иелерін ел дамуы жолында еңбек етуге шақырды. Бауыржан Аманкелдіұлы сөз соңында 85 үздік диплом иелеріне салтанатты түрде диплом табыстады.

Кеште түлектер студенттік күндерінің ұмытылмастай ерекше болғанын, әрбір өткен қызықты шақ мәңгі есте сақталатындығын жеткізді. Сонымен қатар профессор-оқытушылар мен университет басшыларына алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, түлектердің ата-аналары да сөз сөйлеп, университет ректорына және ұстаздар қауымына ризашылығын жеткізді.

Осы орайда университеттің баспасөз қызметіне үздік диплом алғандардың бірі Ақбота Талдыбаева: «Биыл осы оқу жылын бітіріп жатырмыз. Үлкен толқыныс үстіндеміз. Барлығымыз қуанып жүрміз. Өзім үздік диплом алайын деп жатырмын. Қызыл диплом. Оған өте қатты қуаныштымын. Осы мамандығымды жалғастырып, болашақта үлгі тұтар ұлағатты ұстаз болам деген ойдамын», — деген қуанышымен бөлісті.

Диплом табыстау рәсіміне қатысқан университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров: «Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн. Шәкірттерімізге дәріс берген ұстаздарымыз үшін де, Сіздерден үміт күткен ата-аналарыңыз үшін де өте үлкен қуаныш. Түлектер, сіздердің алдарыңызда тұрған ең басты міндет – осы оқу ордасынан алған білімдеріңізді тәжірибемен ұштастыра отырып, еңбек нарығында бәсекелестік қабілеті жоғары кәсіби тұлға болу. Өмір жолдарыңыздағы сапарларыңызға сәттілік тілейміз!», — деді.

Салтанатты жиын соңында қимастық сезімге бой алдырған жастар назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.