Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үлкен өзгерістер қарсаңында…

Үлкен өзгерістер қарсаңында…

«Ақтөбе — құтты мекен»

80-жылдардың басы — КСРО тарихындағы ерекше кезең болды. 1981 жылдың 23 ақпанында басталған СОКП-ның ХХVI съезі — коммунистердің Ленин жолын дәріптеумен, ұйымшылдықпен, ың-шыңсыз өткізген соңғы съезі еді. Сондай-ақ, бұл — Брежневтің басшылығымен өткен соңғы съезд. 1982 жылдың қараша айында Л. И. Брежнев дүниеден өтті. 1982 жылдың қарашасы мен 1985 жылдың наурызы аралығында КСРО-да үш рет басшылық ауысты. Кеңес халқын алда үлкен өзгерістер күтіп тұрды.

«Ленинше еңбек ету» жылы
Алайда, нақ 1980 жылы халық алдағы өзгерістерден бейхабар еді. Сол жылы КСРО-да өндірістік емес саланың қызметкерлері үшін жаңа ставкалар мен еңбекақылар енгізілді. Осыған сай 31 миллион адамның жалақысы артқан. Бұл жылдың басты оқиғасы — Лениннің 110 жылдық мерейтойы болды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жеңістің 35 жылдығы және Мәскеу Олимпиадасы сынды дүбірлі оқиғалар, Қазақ Республикасының құрылғанына 60 жыл толу тойы да 1980 жылдың еншісіне тиді. Оның үстіне, бұл жыл — оныншы бесжылдықтың соңғы белесіеді. Сондықтан, компартия бүкіл кеңес халқын осы жылды «ленинше еңбек ету жылына айналдыруға» шақырды.

Ақтөбе жұртының даәр күні осы ұранға үн қосуға арналды. Облыстық газетте жазылғандай: «Облыстың жергілікті өнеркәсіп қызметкерлері көсем мерекесі құрметіндегі жарыс жалауын желбірете түсті. Олар жаңа жылдың алғашқы айының жоспарын асыра орындап шығып, бір миллион 384 мың сомның әртүрлі өнімдерін өндірді. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 19 мың сомға көп. Әсіресе, «Актюбхимпласт» өндірістік бірлестігі мен Новоресей кірпіш заводының коллективтері татымды жұмыстар атқарды». («Коммунизм жолы», 23 ақпан. «Алғашқы ай артығымен».)

Немесе Қарабұтақ ауданындағы Партияның ХХ съезі атындағы совхоздың аға малшысыОрынбай Бердібаев Лениннің туғанына 110 жыл толуы құрметіне бұзау алу жөніндегі бесжылдық жоспарын толықтай орындап шыққан. Сөйтіп, ол бес жыл қатарынан социалистік жарыстың жеңімпазы атанған. («Коммунизм жолы», 2 мамыр, «Бесжылдығын орындады».)

Ал Темір совхоз-техникумының озат механизаторы Аманқос Жұмағалиев еңбектегі табыстары үшін «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған… Озат еңбеккерлер мен олардың мерейін үстем еткен марапат-мақтаулар қатары осылай жалғаса береді.

Олимпиадаға жолдама
1980 жылғы озаттардың бір тобы Мәскеуде өткен Олимпиаданы тамашалауға жолдамаларға ие болған. Мысалы, 21 маусымда «Коммунизм жолы» газеті былай деп хабарлады: «Жақында «Ақтоғай» совхозында «Лениншіл жас» комсомол-жастар бригадасының мүшесі, өткен жылы орта мектепті алтын медальмен бітірген Іңкәр Жиеналинаға, «Тоғыз» соахозындағы «Жеңіс» бригадасының мүшесі Құлбай Жарылғасовқа, «Айшуақ» совхозындағы «Тұлпар» бригадасының мүшесі Мереке Қуғашеваға, «Шалқар» совхозындағы «Береке» бригадасының мүшесі Жоламан Қауысовқа қой шаруашылығын өркендетудегі жақсы табыстары үшін Москва Олимпиадасына жолдама берілді».

35 жылдан кейінгі кездесу
Осы тұстағы баспасөзден1941-1945 жылдары соғыстың бар азабын бірге кешкен майдангерлердің бір-біріне іздеу салуы жиілегенін аңғарамыз.
Қарабұтақ ауданындағы «Қызыл жұлдыз» совхозының тұрғыны Төрехан Жолымбетов 1980 жылдың қаңтарында қарулас досын іздеп, Башқұртстанның бас қаласы — Уфаға барып қайтыпты. Соғыста Төрехан Жолымбетов взвод командирі болса, Иван Полунин оның жәрдемшісі боп тағайындалған. Екеуі бір-бірінен 1945 жылдың сәуірінде Кенигсберг түбінде көз жазып қалған екен. Екеуі де — майданда ерлік көрсеткен жауынгерлер: Иван Полунин Кеңес Одағының батыры атағын алса, Төрехан Жолымбетов омырауына үш орден мен 11 медаль тағып оралған.
Кейіннен Төрехан ата қарулас досының суретін «Огонек» журналының бетінен көреді. Журналда оның мекен-жайы да беріліпті. Өмір мен өлім арпалысқан сұрапыл күндердегі ең жақын досын аңсаған ардагер сонау Уфаға аттанады. Қасына өзінің көршісі, шешен жігіті Хасан Юсуповты ертіпті. Бұл кездесу жөнінде «Коммунизм жолы» газетіне М. Бірментаев жазған.
Т.Жолымбетов соғыстан екінші топ мүгедегі болып оралғанына қарамастан, бейбіт жылдарда ферма меңгерушісі, селолық кеңестің атқару комитетінің төрағасы болып, жемісті еңбек еткен екен.

Жұбановтың туған жері
1980 жылы көктемнің жазға ұласар шағында Ақтөбеде көркемөнерпаздар коллективі оркестрлерінің облыстық және республикалық бірінші байқауы болып өткен. Ақтөбе музыка училищесінің сол кездегі оқытушысы А. Бағдәулетұлы бұл жөнінде мақтанышпен: «Ақтөбе аймағы — ежелден домбыра өнеріне бай аймақ. Атақты академик, жерлесіміз, қазақ совет профессионалдық музыка отауының іргесін қалаушы Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туған жері домбыра өнерін сүю қасиетін бұл сайыста да көрсете білді» — деп жазды. Сайысқа Шалқар, Мұғаджар, Октябрь, Байғанин және Қарабұтақ аудандарынан өнер ұжымдары қатысқан. Жюриді композитор-дирижер С. Құсайынов басқарыпты. Байқау қорытындысында Қарабұтақ, Байғанин аудандары оркестрлері бұрыннан келе жатқан «халық аспаптары оркестрі» атақтарынқорғаса, ал Шалқар ауданының оркестрі бірінші орынға ие болып, сонымен қатар, «халық аспаптары оркестрі» атағын алуға лайық деп танылған.

«Еңбексіз келген бақты жақтамаймын»
1980 жылдың шілде айында Ақтөбеде республиканың 60 жылдық тойына арналған айтыс өтіпті. Бұл күні облыс орталығындағы орыс драма театрының (ол кезде қазақ театры жоқ — ред.) сахнасы қазақтың киіз үйі тәріздес етіп безендірілген. Жиналған көрермендер алдында сол кездегі облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ғизат Ибатов құттықтау сөз сөйлеген. Айтыс арасында термеші Байназар Қоңырбасов, Райымбергеновтердің отбасылық ансамблі, биші Гүлжан Сағынова, әншілер — Өрік Достанова, Жұмагүл Тәліпова, т.б. өнер көрсеткен. Айтысқа барлық дерлік аудандардан, жалпы саны 35 ақын қатысқан.Олардың алтауы жүлдегер атаныпты: ойылдық Нұрлыбек Қалауов пен исатайлық Елеусіз Кенебаев — бірінші орын; новоресейлік қарт ақын Қаншайым Қалмұхамбетова мен байғаниндік Өмірбек Мұқтарбаев — екінші орын; мәртөктік Нағашыбай Ердәулетов пен ырғыздық Мәдіғали Тапақов үшінші орын алған. Жүлдегерлерге дипломдар мен естелік домбыралар сыйға тартылыпты.
«Коммунизм жолы» газеті 17 шілде күнгі санында айтыс жеңімпазы Елеусіз Кенебаевтың айтыстағы жырынан үзінді беріпті. Сексенінші жылдардың ақыны былай деп жырлапты:
«Әр адам шаруа көзін көре білді,
Тың жерге биыл егін көп егілді.
Жоспарды жартыжылдық орындадық,
Жөнелттік ет пен сүттен мол өнімді.
Басына толған шығар бақ талайдың,
Еңбексіз келген бақты жақтамаймын.
Жүз қойдан жүз елу үш қозы алған,
Қалайша Шоқпытовты мақтамаймын?
О баста әкесінен бата алыпты,
Биікке әке даңқын апарыпты.
Жас шопан, жас коммунист Кәрім біздің,
Облыс саңлағы атаныпты.
Ісімен өзін елге сүйікті етті,
Бар шаттық көкірегіне сыйып кетті.
«Победа» колхозынан Балуанов
Жыл сайын көрсеткішін биіктетті.
Екінші тыңның сырын алғаш ұқты,
Сан рет қиындықпен арбасыпты.
Жүз қойдан 133 қозы алған,
«Жарықтан» Сейілханов алға шықты.
Міндет көп біткен істің жалғасына,
Жұмыс мол салатұғын арнасына.
Алпыс бес мың тонна астық тапсырамыз
Отанның қасиетті қамбасына».

Бүкілодақтық жарыс жеңімпазы
Облыстық қаржы бөлімі, 1982 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болып танылған. КСРО қаржы министрлігі және мемлекеттік мекемелер кәсіподақтары орталық комитетінің шешімімен бүкілодақтық социалистік жарыста бірінші орынға ие болған Ақтөбе облыстық қаржы бөліміне ауыспалы Қызыл ту мен ақшалай сыйлық табысталыпты. Осыған орай өткен салтанатты жиынға Қазақ КСР қаржы министрі Р. Байсейітов қатысып, құттықтау сөз сөйлеген. Жоғары награданы қабылдаушылар атынан да бірнеше адам сөз алыпты, солардың бірі облыстық қаржы бөлімінің меңгерушісі Т. Алдияров болды. Ол 1982 жылғы мемлекеттік бюджеттің кіріс түсіру жөніндегі жоспары өте күрделі екенін, бір ғана айналым салығы өткен жылға қарағанда 11 пайыз өсетінін, сондықтан өздеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізіпті…

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.
Деректер облыстық мемлекеттік архивтен алынды

Ақтөбе газеті