Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Жасыл ел» жасақтарының жаңа маусымы

«Жасыл ел» жасақтарының жаңа маусымы

Маусым айынан бастап «Жасыл ел» еңбек жасағының XV маусымы өз жұмысын бастады. Облыс бойынша биылғы еңбек маусымына 4220 жасты тарту жоспарланған.

Облыстық «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусиннің айтуынша, жастардың жұмысы биыл да 3 басқарманың: облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен бірігіп ұйымдастырылуда.

— Жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалып, ай сайынғы жалақылары банк карталарына аударылады. Өткен жылы ай сайынғы айлық мөлшері 50-55 мың теңге аралығында болатын. Ал биылғы маусымда «Жасыл елдің» жастары шамамен 70 мың теңгеге жуық жалақы алады. 

Жалпы еңбек маусымына 29 жасқа дейінгі кез келген жас жұмысқа орналаса алады. Тек бастысы жасы 16-ға толған болуы шарт, — дейді Нұрлыбек Мусин.

Штабтың басты мақсаты — жастарға жұмыс тауып беріп, орналастыру. Ал атқаратын жұмыстарды жұмыс беруші тарап ұсынады.

Еңбек маусымының алғашқы маусымында 500-ден астам жас  жұмысын бастап кеткен.Қазіргі уақытта жасақшылар Ақтөбе қаласы мен облыстың 12 ауданын көркейту, көгалдандыру және тұрғын үйлер мен маңызды әлеуметтік ғимараттарды тұрғызумен айналысып жатыр.

Екі жылдан бері қала құрылысына өзіндік үлесін қосып, жасақ сапында жұмыс жасап жүрген жастардың бірі — Айсұлу Тағабергенова. Ақтөбе жоғарғы политехникалық колледжінің екінші курсын аяқтаған Айсұлу — отряд командирі. Қол астында 10-ға жуық жауынгері бар.

— «Жасыл ел» — біз сияқты жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін еліміздегі бірегей бағдарлама. Оқуын аяқтап, жазғы демалысқа шыққан жастарға адал ақша табудың бірден-бір жолы. «Атамекен» студенттік құрылыс отрядында жұмыс жасап жатқаныма биыл екінші жыл. Өткен жылы дәл осы бағытта төрт ай бойы еңбек еттім. Нәтижесіне көңілім толды. Арман қала Нұр-Сұлтан қаласына жолдама алдым. Биыл отряд командирі атандым, — дейді Айсұлу.

Бүгінгі таңда Айсұлу бастаған  топ қаланың ГМЗ ауданында салынып жатқан ғимарат құрылысында еңбек етіп жатыр.

— Жұмыс айтарлықтай ауыр емес. Барлығымыз бір үйдің балаларындай берілген тапсырманы бірлесіп орындап тастаймыз. Жұмыс күні 8 сағаттық. Ал 16-17 жастағы қатарластарымызға 7 сағаттық жұмыс уақыты қарастырылған. Айлық уақытында төленеді. Әрі зейнетақы жарнасы жүреді, — дейді отряд командирі. 

Ал Айсұлудың Дана есімді құрбысы туған жерін гүлдендіру мен көгалдандыру бағытында еңбек етуде. Бүгінгі таңда қала сыртындағы Садовая ауылындағы таңқурай бағында жұмыс жасап жатқан белсенді жас Дананың арманы —  Нұр-Сұлтан қаласына баратын үздік жасақ жауынгерлерінің қатарынан көріну.

— Биылғы жазғы демалысымды «Жасыл елде» өткізуді жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда қаламызды көгалдандыру бағытында қала сыртындағы таңқурай бағында жұмыс жасап жатырмын. Ағаштарды күтіп, арамшөптерден тазалаймыз. Негізгі мақсатым — Нұр-Сұлтан қаласына жолдама алу. Сондай-ақ өзің ақша тауып, өз керегіңе жаратсаң, отбасың үшін де үлкен жеңілдік қой, — дейді Дана Тұрсынғалиева.

Айта кетейік, жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының үздіктері қосымша марапатталатын болады. Маусым қорытындысы бойынша ең үздік жұмыс жасаған 80 адамға Нұр-Сұлтан қаласына баруға жолдама беріледі.

ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ — ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ

Ақтөбе облысы бойынша жастарды жұмыспен қамту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта өткен жылдан бастап студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жасақтарының жұмысына жаңашылдықтар енгізілді. Бұрын жасақ жауынгерлері тек жаз айларында жұмыс жасаса, қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл бойы еңбек ете алады.

Маусым айында өз жұмысын бастаған «Жасыл елдің» жаңа маусымы Ақтөбе қаласымен қатар, облыстың барлық 12 ауданында жүзеге асырылып жатыр.

Облыстың 6 ауданы — Әйтеке би, Қобда, Мәртөк, Шалқар, Ойыл, Темір аудандарында жастар орман шаруашылығы бағытында жұмыстар жасап жатса, қалған 6 ауданның жастары туған жерін көгалдандыру үшін тер төгуде.

Мәселен, Хромтау ауданында «Жасыл ел» жұмысы аудандық жұмыспен қамту орталығы мен жастар ресурстық және жастар арасындағы діни мәселелер, қоғаммен байланыс орталығы арқылы жүзеге асырылуда.

Ауданның жастарға жауапты орталығының басшысы Нұрсұлтан Қожабековтің айтуынша, биылғы маусымда  өндірісті өлкеге 138 орын берілген. Бүгінгі таңда жастар тарапынан құжаттар қабылданып, жұмысқа қабылданғандар тізімі шығарылған.

— Ауданда жұмыссыз жастардың санын азайту мақсатында кешенді жұмыс жүргізіліп отырады. Биылғы «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарында тек студенттер мен мектеп оқушылары ғана бар. Еңбек маусымының бірінші маусымында тек аудан орталығы бойынша 20 бала жұмысқа тартылды. Ал «Жасыл елдің» қалған маусымдарына ауданның барлық ауылдық округтерінің жастары тартылатын болады, — дейді Нұрсұлтан Қожабеков.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда өз жұмыстарын бастаған 20 жас ағаш әктеу, қала көшелерін қоқыстан тазалау секілді жұмыстармен айналысып жатыр. Ал еңбек жасағының келесі маусымдарында өз жұмысын бастайтын хромтаулық жастар, әр ауылда егілген алма көшеттерін суарып, ауыл көшелерінің тазалығына өз үлесін қосатын болады.

— Аудан әкімінің бастамасымен ауданның барлық ауылдарында алма ағаштары егілді. Бірер жылдан соң жеміс беретін алма ағаштарын ауданның брендіне айналдыру — ауыл жастарының негізгі мақсаты. Осы мақсатта жүйелі жоспар құрылып, жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді аудандық жастар арасындағы діни мәселелер, қоғаммен байланыс орталығының басшысы.

«Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру, оларға  жастарды орналастыру және еңбекақы төлеу бойынша елімізде Ақтөбе облысы алғашқы орын алатынын айта кеткен жөн. Өткен жылғы республикалық еңбек маусымының жабылу салтанатының Ақтөбеде өтуі — соның бірден-бір айқын көрінісі. Осы жылдар аралығында «Жасыл елде» облыстың 50 мыңнан астам жасы еңбек етті. Олар қаланы қоқыстан тазалап, өңірді көгалдандыру бағытында тер төкті. Мыңдаған тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың тұрғызылуына өзіндік үлестерін қосты.

Сондай-ақ биыл «Жасыл ел» еңбек жасағының  сапында болғысы келетін жастардың құжаттарын рәсімдеп, тіркеуге тұруы мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен «Жасыл ел» еңбек жасағының фронт-офисі ашылды. Орталыққа қаладағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындарының білім алушылары келуге мүмкіндік бар.

Айта кетейік, биылғы «Жасыл ел» республикалық жасағының жұмыс қорытындысы өткен жылдың «Ең үздік штаб» номинациясын жеңіп алған өңір орталығы Павлодарда өтеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=77278