Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тарих факультеті түлектерін шығарып салды

Тарих факультеті түлектерін шығарып салды

Бүгін Жұбанов университетінің тарих факультеті 2019 жылғы түлектерін шығарып салды. Бүгінгі таңда факультеттің 3 кафедрасы бакалавриат бойынша 6, магистратура бойынша 2, докторантура бойынша 1 мамандық негізінде қазіргі таңда еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандар дайындайды. Биылғы оқу жылында факультетті 125 түлек тәмамдаса, ал 26  түлек үздік диплом иегері атанып отыр.

Салтанатты рәсімді ашқан университет ректоры Бауыржан Ердембеков  «Құрметті түлектер, құрметті әріптестер және ата-аналар! Бүгін бірітуші түлектер жаңа өмірге қадам басқалы отыр. Сіздерге ақ жол тілеймін, үлкен өмір жолына біздің университеттің атын жақсы жағынан көрсетіп жүретіндеріңізге сенемін! Дипломдарыңыз құтты болсын!», — деген тілегін жеткізді.

Диплом табыстау рәсіміне арнайы қатысқан факультет түлегі,  «Ақтөбе қаласының білім бөлімі» ММ басшысы Саян  Сүлейменов түлектерді құттықтап, кәсіби және ғылыми салада табыстар тіледі.

Одан әрі диплом табыстау рәсімін университет ректорының кеңесшісі Константин Цхай,  оқу және оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова, кәсіпкер Бахыткерей Адманов жалғастырып, болашақ мамандарға ақ тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, шараға қатысқан университеттің Инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры Әсел Шетиевалар факультет түлегі Әділет Доштияровқа университеттің студенттік кәсіпкерлігін дамытуға арналған  «Алтын ракета» статуэткасын табыс етті.

Өз кезегінде факультет деканы Гүлмира Купенова  университет қабырғасында үздік оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан бірнеше түлектердің ата-аналарын алғыс хаттармен марапаттады.

Салтанатты шарада түлектер мен ата-аналар тарапынан университет басшылығына, оқытушылар атына жылы лебіздер айтылды.

Диплом табыстау рәсімінде сөз алған факультет түлегі Айдана Бимурзаева: «Бүгін аяулы ұстаздарыммен, қимас достарыммен биікке қанат қағып барамыз. Барлығымыздың да алға қойған мақсатымыз бар. Сол мақсаттарымызды, міндеттерімізді орындауаға ұмытылудамыз. Бізді білім әлемінде өз мамандығымызға сай маман болуға қалыптасуға жол салған барша ұстаздарымызға алғысым шексіз. Олар біздің қамқоршымыз, тілекшіміз. Енді ұстазарымыз үміт күткен сол бір асудан да сәтті өтерміз. Армысың асқар шың, сенің де биігіңе шығар күн жақын…», — деген тілегімен бөлісті жас түлек.

Айта кетейік, әрі қарай мерекелік концертке ұласқан салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері,  оқу орнының ұжымы, студенттер және ата-аналар қатысты.