Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбе форумы – жаңа жобаларға бастау

Ақтөбе форумы – жаңа жобаларға бастау

28-29 қыркүйекте алғаш рет Қазақстанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған «Ақтөбе — құтты мекен» халықаралық форумы өтеді. Форумды өткізудегі мақсат — танымал адамдарды, ірі кәсіпкерлерді облыстың әлеуметтік дамуына үлес қосып, атсалысуға шақыру, туған жер алдындағы патриоттық сезімдерін арттыру. Сондай-ақ, ауыл мен қаланы гүлдендіріп, әлеуметтік саланы дамыту түсу үшін қолдау көрсетуге тарту. Аталмыш шараға Жұбанов Университеті де атсалысады.

Аталмыш іс-шараға Ақтөбеде туып-өсіп, бүгінде жырақта жүрген елге белгілі азаматтар мен кәсібінен береке тапқан іс иелері шақырылды. Бүгінгі күні университет шараларына келуге ниет білдіргендердің саны 350-ден асады.

Біздің университетіміз бірнеше саладағы атақты түлектерімен де аты шыққан оқу ордасы. Сондықтан бұл форумға сондай белгілі ғылым докторлары мен профессорларымыз да қатыспақ. Оның ішінде университетіміздің түлектері, белгілі өнер адамдары, атақты спортшылар, мемлекет қайраткерлері, ірі кәсіпкерлер, ақын-жазушылар, білім беру, денсаулық сақтау, басқа салаларда еңбек етіп жүрген танымал азаматтар, сондай-ақ осындай салаларда еңбек етіп жүрген университетіміздің түлектері бар. Атап айтсақ, форумға біздің Ақтөбеден шыққан Елеусін Сағындықов, Оңдасын Оразалин, Ерген Дошаев, Гүлзат Көбенова, Галиб Джафаров, Қанат Айтбаев, Оксана Лоскутова сынды танымал тұлғалар, сонымен қатар Білім және ғылым министрілгі өкілдері келеді.

28 қыркүйектегі шараның ресми бөлігінде Университетте «Профессор Құдайберген Жұбанов» атындағы дәрістік аудиториясы, Инновациялық технологиялар паркі, «ARSU» медиаорталығы, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы, «Жұбанов Университеті» баспаханасының ашылуы жоспарланып отыр.

Ал, түстен кейін Студенттер сарайында «Ақтөбе: кеше, бүгін және ертең» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді. Осы конференция аясында Студенттер сарайының фойесінде Ақтөбе туралы мұрағаттан алынған суреттерден көрме ұйымдастырылады. Бұл көрмеде Ақтөбенің бұрынғы және бүгінгі келбеті бейнеленеді.

Одан соң, форум Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өтетін кең ауқымды театрландырылған қойылыммен жалғасады.

Форумның екінші күні – 29 қыркүйекте университетте Түлектер форумы өтеді. Сол шара барысында бас ғимаратта Түлектер аллеясы ашылады.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында университетте жобалық кеңсе ашылады. Ол барлық бағыттар бойынша ұсыныстарды, қолға алынатын жұмыстарды пысықтап, атқарушы органдар, түрлі мекемелер қызметін үйлестіреді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» — деп атап көрсетілгендей, Ақтөбеміз әркез дамып, өркендей берсін!