Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Диплом алу – әрбір жастың арманы

Диплом алу – әрбір жастың арманы

Оқуға түсіп, қолдарына диплом алу – әрбір жастың алаулаған арманы, үкілеген үміті.  Бұл күн студенттер жадында ұзаққа сақталары сөзсіз. Себебі, білім ордасы  әрбір жасқа таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгертіп, болашақ кәсібіне құрмет-сүйіспеншілікпен қарауды үйретті. 

Қалай десек те, бұл күн биылғы университет бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққан түлектердің есінде ұзақ сақталмақ. Қазіргі таңда 85 жылдық тарихы бар Батыс Қазақстандағы іргелі оқу орны – Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бітіруші түлектері дәл осындай шаттыққа кенелуде. Биылғы оқу жылында университетті 3000-нан аса түлек  бітірді, оның ішінде 500-ге жуық бітіруші үздік үлгідегі дипломға ие болды.

Университеттің Студенттер сарайында өткен игілікті шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, қаланың бұрынғы әкімі Ильяс Испанов,  «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин, «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев арнайы шақырылған болатын.

Мәртебелі меймандардың құрамында Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Елубай Кенжалиев, Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академияның директоры Шамшат Жұбай, «КазХром» Транс ұлттық компаниясының акционерлік қоғамының өкілі Эльдос  Каримов, «КазТрансОйл» акционерлік қоғамының Ақтөбе қаласындағы филиалының бас инженері  Өтеген Тұрақбай болды.

Және университет түлектері Ақтөбе облысының тілдерді дамыту департаментінің басшысы Гюлайым Тюлебаева, Ақтөбе қаласының білім бөлімі» ММ басшысы Саян Сүлейменов, Ақтөбе қалалық спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончарев,№60 мектеп директоры Абзал Тəжімішев, Ақтөбе қаласындағы №13 мектеп директоры Асқар Күштаев, №9 мектептің оқу ісі жөніндегі директор орынбасары Бауыржан Қанағатов және университетттің ардагерлері, профессорлық-оқытушылық құрамы, ата-аналар қатысты.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары  Марат Тоқжанов пен  қаланың бұрынғы әкімі Ильяс Испановтар білім ордасының топ жарған түлектеріне ағалық тілектерін жеткізіп, жас қырандарға қызыл дипломдарын салтанатты түрде тапсырды.

Сондай-ақ облыс және қала басшылары Ақтөбе қаласының дамуына елеулі үлес қосқан университеттің профессорлық-оқытушылық құрамын «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» мерей тойлық төс белгісімен  және  «Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен» марапаттады.

Мерекелік шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор  Бауыржан Ердембеков сөз алып, Жастар жылымен, Құтты мекен – Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырған айтулы сәт, қара шаңырақ – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін бітіріп, түлеп ұшқалы отырған барша түлектерді саналы өмірге аяқ басар қуаныштарымен шын жүректен құттықтады.

– Тәуелсіз еліміздің жоғары оқу орындары арасында рейтинг бойынша төртінші орынды иеленіп тұрған, кеше ғана Х жазғы универсиадада командалық есепте жүлделі 2-орын иеленген, он үш мыңнан астам студенті бар, іргетасы 85 жыл бұрын қаланған өңірлік университет биылғы жылы үш мыңнан астам жас маманды алтын ұядан қанат қақтырып отыр.

Яғни қазақ елінің өркендеуіне үлес қосар үш мың жас түлек, ел іргесін  нығайтуда, Абай айтқандай, кірпіш боп қаланғалы отырсыздар. Бүгінгі беріліп отырған диплом куәлігі – бір жапырақ қатырма қағаз емес, бұл сіздің төрт жылғы жиған біліміңіз бен білігіңіз, ұстаздардың тағылымы мен ата-ананың үкілеген үміті, селкеу түспес сенімі, қазақ елінің аманаты деп түсініңіздер, – деді ректор.

Университет басшысы өз кезегінде түлектердің ата-аналары мен Жұбанов қара шаңырағының профессорлық-оқытушылық құрамына, кураторларына, кафедра меңгерушілеріне, декандарына, декан орынбасарларына ректорат атынан алғысын жеткізді.

Бұл күні ата-аналар да бауыр еті – балаларының жетістігіне қуанып, кеуделерін қуаныш кернегені анық. Шара барысында ата-аналар да сапалы білім мен тағылымды тәрбие берген ұжымға алғыстарын білдірді.

Өз кезегінде ата-аналар атынан сөйлеген Ырғыз мектеп-гимназиясының директоры, университеттің 1994 жылғы түлегі, көп балалы ана Зәуреш Махаева ұл-қыздарының Жұбанов университетіндей іргелі білім ордасында оқығанына қуанышты екенін айтып, ата-аналар атынан ұстаздар қауымына алғысын білдірді.

– Жұбанов университеті  – менің отбасым үшін қасиетті шаңырақ. Өйткені, осы жоғары оқу орнынан өзім де  бітірген болатынмын. Міне бүгін  қызым да жақсы тәлім-тәрбие мен сапалы білім алып шықты. Ұстаздар қауымына рахмет! Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер! Ал, түлектерге айтарым, Қазақстанның болашағы – жастар демекші, еліміздің көркеюіне үлес қосыңыздар!– деді Зәуреш Жәрдемқызы.

Салтанатты кешке келген түлектердің жүзінен толқу мен қуаныш сезімдері байқалады. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітіруші Ботагөз Асан үшін де осы күннің маңызы зор. «Білім» бакалавры академиялық дәрежесін алған жас алдағы уақытта мемлекеттік тілдің дамуы мен өркендеуіне өзіндік үлесін қосуға ниетті.

– Мен өте қуаныштымын. Себебі, бұл уақытты біз 4 жыл күттік. 4 жыл қиындығы мен қызығы мол білім ордасында оқып үздік нәтижемен тәмамдап отырмыз.  Бұл тек біздің қуанышымыз емес, ата-анамыздың қуанышы деп ойлаймын. Батыс өңіріндегі оқу орны – Жұбанов университетін аяқтау мен үшін зор құрметтің бірі. Біз осы оқу орнына елдің түкпір-түкпірінен жиналдық. Білім нәрімен сусындап, жаңа достар таптық.

Бір-бірімізді қолдап, қиын сәттерде кеңес бердік. Университеттің бізге берген құнды тәжірибесі болашақта тірек болмақ. Бізге білім беріп, өмір сабақтарын үйреткен ұстаздарға рахмет айтамыз. Құрдастарым, дипломдарыңыз құтты болсын!, — деді бітіруші түлек Ботагөз Асан.

Ресми табыстау сәтінен кейін, салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласты. Университет өнерпаздары ән шырқап, ата-аналар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ
Мedia орталығының  маманы

http://bilimdinews.kz/?p=47398