Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Бүгін Жұбанов университетінің Жастар сарайында Ойыл бекінісінің қаланғанына 150 жылдық мерейтойына арналған «Ойыл. Истории в архивных документах» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер рәсіміне Ойыл ауданының құрметті азаматтары, облыстық басқармалар мен  департамент басшылары, Жұбанов университетінің  ұжымы, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, тарихшылар қатысты. Олар алдымен Ойыл ауданына арналған кітап көрмелерімен танысты.

Жиында алғаш болып сөз алған Ойыл ауданының әкім Асқар Қазыбаев ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әрбір өлкенің ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Оның бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» — деген болатын. Міне бұл туынды соның айғағы іспеттес», — деді.

Айта кетейік, кітаптың шығуына «Ойыл ынталы тобының» мүшесі Нұрлан Жұмағалиев және  Ойыл ауданында туған, қазір Ресейдің әскери құрамында қызмет ететін полковник Олег Ярошенко елеулі еңбек сіңірген.

Шарада кітап авторлары мен қоғам қайраткері Сапар Сағынтаев  «Ойыл. Истории в архивных документах» кітабының тұсауын кесіп, кітаптың шығуының жай-жапсары туралы хабарлап, сипаттама берді. Онда авторлар Ойыл бекінісіне қатысты материалдар толығымен мұрағаттардан алынғандығын және хронологиялық тізбекпен қалыптасқандығы жөнінде атап өтті. Сондай-ақ, авторлар кітапта Ойыл жерінің байлығын, халықтың табандылығы мен қайраттылығын сипаттайды.

Ойылдың белгілі ардагер азаматтары мен облыстың мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, этнограф-ғалым Мырзабай Бекарыстан, Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының  директоры Мейрам Дүйсенғалидің пікірлері де осы арнаға тоғысты. Жиында сөз алғандар Ойыл ауданына қатысты еңбектің шығарылуы қазіргі қазақ қоғамына қажет екенін  айтып, кітап авторларына алғыстарын білдірді.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиынға қатысушыларға кітап сыйға ұсынылды.