Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Сан мен сапа бірлігі

Сан мен сапа бірлігі

Дербестікке көшуіне байланысты бүгінгі күні еліміздегі әрбір жоғары оқу орны өз білім траекторияларын белгілей бастады. Солардың бірі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлің мемлекеттік университеті. Мұндағы басты мақсат –сан мен сапаның бірлігін қамтамасыз ету, бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеру және бүгінгі заманның өскелең талабынан қалмау болып отыр. Өзіндік білім тұжырымдамасын жасақтап, алға асқақ мақсаттар қоюдың басты мәнісі осында дейді аталған жоғары оқу орнының ректоры Бауыржан Ердембеков. Мұндағы профессор –оқытушылар құрамы мен студенттерге үздіксіз ізденіс үрдісі тән. Жұбановтықтардың Аккредиттеу және рейтингтік тәуелсіз агенттігі (АРТА) жүргізген рейтингте Қазақстанның ең үздік 20 ЖОО-сы арасында алғашқы төрттіктен орын алуы –осындай тымбай ізденістің нәтижесі екені анық.

Университет жетекшілері сапалы білімге қол жеткізудің басты жолы профориентациялық жұмыстарды, яғни талапкерлерге алдын-ала бағыт-бағдар беру үшін жүйелі жолға қою деп санайды. Бұл іс жалаң жарнаманың жетегінде кетпеуге тиіс. Сондықтан мектеп түлектеріне ғана емес, сонымен бірге 8-ші және 9-шы сынып оқушыларына да қажетті бағыт-бағдар беру көзделген. Мұндағы басты темір қазық мамандық таңдайтын жасөспірім мен ата-ананың және пән мұғалімдері мен сынып жетекшілерінің өзара байланыстарына негізделген. Ең қорқынышты да қауіпті жәйт қабылдау комиссиясына құжат тапсыратын кезге дейін жас жеткіншектің болашақта алатын мамандығын белгілей алмауы. Бұған селсоқ, енжар қарауға мүлдем болмайды. Олар мамандық таңдауда қателеспеуі керек деп тұжырымдайды педагог-мамандар. Міне, осындай кешенді көзқарас орнықтыра білген өңірлік ЖОО-ның бүгінгі жетістіктері жетерлік. Әрине оның тағы бір басты сыры қос диплом мен аралас және дуалдық білім беру бағдарламаларының іске аса бастауында. Мұның өзі түлектердің еңбек нарығында қажетті сұраныстарға ие болуына ықпал етуде.

Биыл оқу жылында университет базасында ашылған Жоғары колледж де түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін көтеруге қызмет жасай бастады десек қателесе қоймаспыз. Биыл мұндағы студенттердің саны қазақстандық қоғамға қажетті мамандықтарды ашу есебінен көбейеді деп күтілуде.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ұжымының басты қағидаты жоғарыда айтылғандай сан мен сапаның бірлігін сақтауға негізделген. Егер «Атамекен» Ұлттық палатасы жүргізетін ЖОО-лардың рейтингтік бағалауы негізінде соңғы орындардан көрінген мамандықтар бәсекеге қабілетсіз деп табылса, бұдан келер пайда шамалы. Ендеше мұның жабылған жөн.

Бұл бағытта университет басшыларының ұстанымы біреу ғана. Бұл –сапа және сапалық көрсеткіштер. Яғни, мамандар мен студенттер санының өсуі сапаға көлеңкесін түсірмеуге тиіс. Осы арада айта кетерлік тағы бір мәселе алдағы оқу жылында өңірлік университетте білім алушылар саны бакалавриат пен магистранттарды және докторанттарды қоса есептегенде 16 мыңнан асады деп белгіленген. Яғни мұндай биік белес санның көбеюі сапаны екінші кезекке сырмауы керек. Керісінше сан өскен жағдайдың өзінде сапа өз үстемдігі мен мерейін сақтап қалуы қажет. Яғни санның көбеюіне байланысты сапаға да үлкен көңіл бөлінбек. Үлгерімі төмен, тәрбиесі толыспаған кез-келген жас оқудан шығарылады. Солай болып та жүр. Университет ректоры Б.А.Ердембеков газет тілшісіне осылай деп мәлімдеді.

Биылғы жыл аталған жоғары оқу орнында Сапа жылы деп жарияланған. Осы арқылы білім беру қызметінің сапалық деңгейін көтеруге баса көңіл бөлінген. Сапа жылы деп арнаулы атау беруіңіздің өзі уақыт талабынан туындады. Сапасыз білім –сапасыз кадрды туғызады. Оның кімге қажеті бар? Өз мамандығын дұрыс таңдай алмаған түлек –әлсіз студент. Біліксіз маман да осындай әлсіз студенттерден шығады дейді Бауыржан Аманкелдіұлы. Ия, мұндай мамандардың жұмысқа тұра алмайтыны да бесенеден белгілі. Қызметке қабылдана қалған күннен өзінде жұмыс берушінің талабынан шыға алмайтыны тағы да аян.

Бұл критерий яғни ЖОО түлектерінің жұмысқа тұруы жөніндегі мәселе, бұған қатысты жұмыс берушінің ұсыныс-тілектері бүгінде кез-келген ЖОО-ның рейтингін айқындайтын басты параметрлердің бірі. Оның басты айқындаушылары –сапалы профессор-оқытушылар құрамы мен зейінді студенттер болмақ. Осы орайда Жұбанов университетінде профессор-оқытушылар құрамының қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесі туралы ереже қабылданған. Оларға қосымша төлемақы төлеу, теңгермешілдікті жою –осы рейтингтің нәтижелеріне байланысты жүргізіледі.

Осы арқылы өңірлік жоғары оқу орнында профессорлар мен доценттердің бәріне бірдей біркелкі қосымша төлемақы төлеу жүйесі келмеске кетіп барады. Сондай-ақ мұнда жақсы, нәтижелі жұмыс істейтін жас магистрдің жылына бірде-бір мақала жазбайтын немесе оқу және қосымша әдістемелік құралдар шығаруға араласпайтын және кураторлық қызмет атқармайтын профессордан немесе доценттен көбірек қосымша төлемақы алу тәртібі де енгізілмек. Міне осылайша Жұбанов университетінде біліктілік пен белсенділік таныта алмаған оқытушылар кейінгі кезекке ысырылып, керісінше жас тәжірибелі, білім беруге құлшынысы мол жас мамандар жұмысқа қабылдануда.

Ал студенттер сапасы туралы не деуге болады? Оны жақсарту үшін жаңа нормативтік құқықтық актілерге сәйкес университетті академиялық саясаты жаңғыртылды. Сонымен бірге сапа кепілдігі тұтқасы айқындалды. Белгілі бір оқу жылына арналған сапа мониторингінің кешенді жоспары да оны көтеру жөніндегі істің ауқымын өсіре түсуде. Осы арқылы курстан курсқа көшудің GPA өтпелі балл көрсеткіші жоғарылатылды. Сонымен қатар студенттер арасында жауапкершілік деңгейін көтеру үшін оқыту мен қорытынды бақылау үдерістері айқындалды. Соған сәйкес алдағы уақытта жалпы білім беру пәндері бойынша аралық аттестатау және Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы бойынша мемлекеттік емтихан компьютерлік тестілеу түрінде өткізілмек. Ал базалық және бейінді пәндер циклдарының емтихандары жазбаша түрде қабылданбақ.

Кәсіби және сапалы әрі өмірге икемді мамандар әзірлеу ісінің басты бір жолы өндіріспен байланыс болмақ. Осы орайда 2019-2023 жылдарға арналған модульдік білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарлары Ақтөбе өңіріндегі 138 кәсіпорындар мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әзірленген. Сонымен бірге олардың ұсыныстары бойынша 400-ге жуық пән енгізілген. Ректордың мәлімдеуінше университетте 30 мамандықтың білім беру бағдарламаларына 57 траектория енгізілген. Бұл дегеніміз бір диплом алу аясында жан-жақты мамандар әзірлеу деген сөз дейді ол.

Биылғы жылы аталған оқу орнында «Кәсіби даму және мансап орталығы» өз жұмысын бастады. Мұндай орталықтар еліміздің 5 университетінде құрылған. Бүгінгі таңда университет Жұбанов университетінде 230 өндірістік нысандар мен әр түрлі меншік түріндегі мекемелермен тиісті келісім-шарттар жасалған. Сонымен бірге білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар базасында кафедралардың 82 филиалы құрылды. 35 мамандықтың 114 пәні бойынша дуалды оқыту элементтері енгізілді. Тәжірибені дамыту бағытындағы пәндер мен сабақтар тәжірибелік және зертханалық базаларда өткізілуде.

Міне, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде сапалы мамандар мен кадрлер әзірлеу ісінің кейбір қырлары осындай.

Темір Құсайын

АҚТӨБЕ

Суретте: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университет ғимаратының сыртқы көрінісі

https://egemen.kz/article/204019-san-men-sapa-birligi