Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > 173 бітірушіге «Магистр» дәрежесі берілді

173 бітірушіге «Магистр» дәрежесі берілді

Еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие білікті маман дайындауда оқу орындарының әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеуі маңызды. Сондай білім ордаларының бірі — Жұбанов университеті. Бүгін аталған оқу ордасында 20 мамандық бойынша 173 магистрант тәмамдады.  Олардың әрқайсысы білікті маман ретінде жемісті еңбек етуге дайын.

Бүгін Студенттер сарайында магистранттарға диплом табыстау шарасы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Айтулы шараға білім ордасының оқытушылары, бітіруші түлектердің ата-аналары мен туыстары да қатысты.

Салтанатты рәсімде университет проректоры, профессор Қуанышбек Шүңкеев құттықтау сөз сөйлеп, магистратураны бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі.   «Құрметті түлектер – ғылым магистрлары,  бүгін жоғары білім алған киелі қара шаңырақ, алтын ұяларыңыздан қанат қаққалы тұрсыздар. Сіздер үшін бұл ерекше күн. Бүгін міне ізденіс пен талпыныстың арқасында үлкен өмірге жолдама болатын – диплом алу бақытына қол жеткізіп отырсыздар. Тәуелсіз еліміздің гүлденіп, өсіп-өнуіне лайықты қызмет ету жолында баршаңызға зор денсаулық, мол табыстар тілеймін!», — деді.

Салтанатты шараға «ҚР білім беру ісінің үздігі», профессор, Жайшылық Сартабанов, университеттің Бас ғылыми хатшысы Мира Балтымова,  Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нұржан Бердыбаев, профессор Клара Төребаевалар қатысып, түлектерге диплом табыстады.

Өз кезегінде ғылыми жетекшілер магистратура түлектерін құттықтай отырып, бүгінгі дипломға ие болған мамандар соңғы жылдары ғылыми-педагогикалық бағыттағы кадрларды даярлау ісінде атқарылған еңбектің жемісі екенін атап өтті.

«Біздің барлығымыздың да алға қойған үлкен мақсатымыз бар. Сол үкілеген армандарымызды орындауға ұмтылудамыз. Бізді білім әлемінде өз таңдаған болашақ кәсібімізге сай маман болып қалыптасуға жол салған барша ұстаздарға алғысымыз шексіз. Олар университет қабырғасында біздің қамқоршымыз, тілекшіміз бола білді», – деді Ағлес Сапарғали.

«Филология» мамандығының бітіруші магистрант, 2018  «Мосты согласия» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Үздік студент» медалінің иегері, жас кәсіпкер «Брайт» ағылшын оқу орталығын директоры Нарқозы Қартжан да университет ұжымына алғысын білдіріп, «Брайт» ағылшын оқу орталығының жартыжылдық тегін оқыту курсының сертификатын табыстады.

Салтанатты шара Жұбанов белсенділерінің ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кету керек, соңғы жылдары аталған оқу ордасындағы магистранттар санының өсуі университет үшін жағымды жаңалық. Қысқа мерзім аралығында ЖОО бірнеше мамандық бойынша докторантура ашылып отыр. Сондай-ақ, жас мамандарды жұмысқа тарту бағытында 30-ға жуық маман қызметке қабылданды. Осының барлығы университет басшылығы мен ұстаздар қауымы атқарып жатқан жұмыстың жемісі.