Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Педагогикалық мамандықтарға түсуші талапкерлер қосымша емтихан тапсыруда

Педагогикалық мамандықтарға түсуші талапкерлер қосымша емтихан тапсыруда

Педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына оқуға түскісі келетін талапкерлер белгіленген мерзімде арнайы емтихан тапсырулары тиіс. Соған орай бүгін Жұбанов университетінде педагогикалық білім бағдарламаларына құжат тапсыратын талапкерлер үшін арнайы емтиxанның 2-кезеңі өтті.  Оған барлығы 500-ге жуық талапкерлер қатысты.

 «Арнайы емтихан — педагогикалық мамандықтарды таңдайтын талапкерлер үшін сұхбаттасу формасында өтеді. Педагогикалық мамандықтарға түсушілер арнайы емтихан тапсырады. Мұнда тек мұғаліммен дидарласып, бірнеше логикалық сұрақтарға жауап берумен шектеледі. Бұл емтиханды тапсыруда педагогикалық мамандыққа қабілеттілігі туралы куәландыру қағазының көшірмесін ала алады.  Аталған сынақтың мақсаты – оқуға тусушілердің педагогикалық қызметке бейімділігін айқындау. Бұл емтиханнан өтпеген талапкер педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылданбайды, бірақ таңдау пәні бойынша басқа мамандыққа тапсыруға құқығы шектелмейді», – дейді қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Рауан Жалтырбаева.

Оның айтуынша, емтихан педагогикалық жағдаятты шешу нысанында өткізілмек. Сынақ барысында талапкерге педагогикалық тәсілдерді қолдана отырып, өмірден алынған нақты мысалдар мен дәйектер ұсынылады. Педагогикалық жағдаятты шешу мерзімі – 20 минут (бір талапкерге). Педагогикалық мамандықтарға түсу үшін азаматтардан өтініш қабылдау және арнаулы емтихан өткізу Жұбанов университетінің базасында  20 маусым мен 14 тамыз  аралығында жүзеге асырылады. 

Арнайы емтиханды бағалау кезінде талаптарды сақтауды қамтамасыз ету және даулы мәселелерді шешу, сынақ тапсыратын тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында апелляциялық комиссия құрылады. Апелляцияға өтініш апелляциялық комиссия төрағасының атына тек қана арнайы емтиханды тапсырған тұлғамен беріледі. Өтініштер арнайы емтиханның нәтижелерін жариялағаннан кейінгі келесі күннің сағат 13.00-ге дейін қабылданады және апелляциялық комиссиямен бір күн ішінде қарастырылады. Арнайы емтиханның нәтижелерімен келіспеу туралы апелляция шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санынан көпшілік дауысымен қабылданады. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсынан кейін ақылы оқу түріне өтініш жазған талапкерлер арнайы емтиханды 14 тамызға дейін тапсыра алады.  Емтихан «жіберілді»/«жіберілмеді» принципі бойынша бағаланады.

Айта кетейік, келесі емтиxан 12 шілде күні  сағат 9:00-де өтеді.