Суббота, Июль 20, 2019
Басты > Жаңалықтар > Өнерді таңдаған талапкерлер шығармашылық емтихандар жалғасуда

Өнерді таңдаған талапкерлер шығармашылық емтихандар жалғасуда

Шілде айының алғашқы күндері  Жұбанов университеті тарапынан бекітілген кестеге сәйкес талапкерлерге арналған «5В010700-Бейнелеу өнері және сызу» және «5В042100 – Дизайн» мамандығы бойынша шығармашылық емтихан өтуде.

Шығармашылық емтихан кезінде талапкерлердің басым көпшілігі бейнелеу өнерінің заңдылықтарын практикалық тұрғыда жоғары дәрежеде меңгергендігін көрсете білді. Мәселен, кеңістікте орналасқан заттардың байланысын, сондай-ақ, қағаз бетіне орналастыру, қойылымдағы заттың пропорциясын еркін таба білу — «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша емтиханға қатысушы талапкерлер үшін үлкен жетістік болып саналды. Бұл орайда шығармашылық емтиханға  «Көркемсурет» пәнінен  35 талапкер қатысты. Көркемсурет бойынша талапкерлер берілген жұмыстарын түстік қатынас, жарық және көлеңке арқылы жүзеге асырды. Емтихан барысында талапкерлер колориттік қатынастарды берілген қойылымда әсерлі етіп шығаруға тырысты.

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, кескіндемеші, аға оқытушы Жәнібек Есенғұловтың айтуынша, сурет салудың негізгі дағдыларын игеру — бейнелеу өнері саласында білікті маман дайындау процесінің маңызды бөлігі болып табылады. Сондай-ақ, олар алдағы уақытта факультетте кәсіби түрде оқытылатын компьютерлік графиканы және 3D модельдеуді меңгереді.

«Бейнелеу өнері және кәсіптік оқыту» кафедрасы жыл сайын жаңа технологиялар мен нарықтық сұранысқа байланысты білім беру бағдарламаларын толықтырады. Жалпы білім беру бағдарламаларын жасаған кезде жұмыс берушілердің көзқарастары мен талаптарын есепке аламыз. Шетелдік бағдарламаларға назар аударамыз», — дейді, кафедра меңгерушісі Мергембай Кургамбеков.

Сондай-ақ,  «Дизайн» кафедрасының емтихан комиссиясы болашақ дизайнерлердің практикалық білімдерін тексерді. «Дизайн» мамандығына оқуға түсу үшін «Сызу» және «Сурет» пәндерінен емтиханды 84 адам тапсырды. Олардың 75-і қазақ, 9-ы орыс тілді талапкерлер. Аға оқытушы Гүлнар Сибагатованың айтуыша, емтихан барысында әр талапкерге жеке тапсырманы орындауға 4 сағат уақыт бөлінген. Болашақ студенттер кеңістікте орналасқан заттардың байланысын яғни, қағаз бетіне орналастыру, қойылымдағы заттың пропорциясын дұрыс таба білетіндігін көрсеткен.

Болашақ суретшілер мен дизайнерлер үшін шығармашалық емтихан 2019 жылдың  12 шілдесіне дейін жалғасады.