Понедельник, Ноябрь 18, 2019
Басты > Жаңалықтар > Университет студенттері Түркістан қаласындағы жазғы курсқа қатысты

Университет студенттері Түркістан қаласындағы жазғы курсқа қатысты

2019 жылдың 22 маусымы мен 06 шілдесі аралығында Жұбанов университетінің 7 студенті  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастырумен өткізілген «V Түркі әлемі университеттері жастарының жазғы оқу» курсына қатысты.

Аталған курста Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан сынды шет мемлекеттерден және еліміздің әр өңірінен 72 студент білім алды. Түркия Республикасы тарапынан қаржыландырылған жазғы оқу курсында
студенттер қазақ, орыс, түрік тілдерінде дәріс алды. Сондай-ақ, олар күн сайын семинарларға қатысып, университетте өткен түрлі қоғамдық шараларда белсенділік танытты.

Жазғы оқу курсында университеттің ұйымдастыруымен шетелдік студенттер ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Үкәша ата және т.б тарихи-мәдени орындарына зиярат етті.

Жазғы курс соңында вице-президент Әміреқұл Абуов пен вице-президент Пусат Пилтен сертификат табыстап, V Түркі әлемі жастарының жазғы оқу курсының сәтті аяқталуымен құттықтады. «Сіздердей ынтымағы жарасқан Түркі жұрағатының тату жастары – бауырластық көпірін нығайтуға атсалысып жүргеніне қуаныштымыз. Халықаралық статусы бар университетімізде түркі дүниесі студенттерінің білім алмасуы, достық қарым-қатынас орнатуы – туыс елдер арасында алтын көпір болатын игі іс. Алдағы уақытта, университетімізге академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында келіп, тіл үйренуге және магистратура, докторантураға оқуға шақырамыз. Келешек түркі әлемі бірлігінің негізін салатын сіздердей жастары бар елдің мәртебесі мен мерейі әрқашан биік болмақ» — деп, ізгі тілектерін білдірді.

Жазғы курс соңы мерекелік концертке ұласты.