Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қосымша білім гранттары

Қосымша білім гранттары

Мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын тағайындау конкурсына құжаттарды қабылдау аяқталды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, 1 тамызда грант иегерлерінің есімдері белгілі болады. Ең көп грант осы жылы техникалық мамандықтар арасында үлестірілмек. Биыл 50 мыңнан астам қазақстандық ақысыз негізде жоғары білім ала алады.

Содан кейін грант алмаған, бірақ азаматтардың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататындар өз өтініштерін бере алады. Қосымша білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтініш қабылдау 5 тамыздан 10 тамызға дейін жүзеге асырылады. Тағайындау — 25 тамызға дейін.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 5 мың грант бөлінеді. Гранттар осы жылдың қыркүйек айынан бөліне бастайды. Бір шарт бар — ол гранттарға Ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті бал алған түлектер үміткер бола алады. 5 мың грантқа үміткер бола алатын нақты санаттар бар — олар көпбалалы отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары. Биыл 53 700 грант бөлініп отыр. Алдымен, осы гранттар үлестіріліп, содан ілінбей қалған, жоғары санатқа енетін түлектер 1 тамыздан кейін өтініш бере алады.

Ал  ұлттық университеттерге түсуге ниетті талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең кемі 65 балл, ал педагогикалық ғылымдар бағыты бойынша мамандық таңдайтындар 60 балл, басқа жоғары оқу орындарында оқитындар 50 балл жинауы тиіс.

Біздің облыста көпбалалы отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары үшін 180 грант бөлінді (139 — педагогикалық ғылымдар, 15 — ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, 10 — машина жасау, өндірістік және құрылыс салалары, 16 — ауыл шаруашылығы және биоресурстар). Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен есебінен 100 грант бөлінді. Ақтөбе облысы әкімінің білім беру гранты педагогикалық және медициналық мамандықтарға (әрқайсысына 30 гранттан) бөлінеді, ауылшаруашылық саласына — 19 грант және 21 грант өзге мамандықтарға (музыка, теология, дизайн, сәулет және т.б.) бөлінеді.

 

Қажетті құжаттар:

Белгіленген үлгідегі өтініш;

Білімін туралы  құжаты (түпнұсқа);

ҰБТ сертификаты;

086-У нысанындағы медициналық анықтама;

Жеке куәлік немесе төлқұжат көшірмесі;

көпбалалы отбасынан шыққан және атаулы әлеуметтік көмек алатын  балалардың дәрежесінде екендігін растайтын құжат.

 

Құжаттарды қабылдау 5-25 тамыз аралығында өтеді. Жұбанов университетінің қабылдау комиссиясы: 54-39-74, 56-55-28