Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Талапкерлерге мол мүмкіндік: Үкімет және облыс әкімінің гранттары беріледі

Талапкерлерге мол мүмкіндік: Үкімет және облыс әкімінің гранттары беріледі

Талапкерлер үшін үлкен мүмкіндіктер, қолдау, көмектер көрсетіліп жатыр. Мемлекеттік білім грантын иеленбегендер тағы екі конкурсқа қатысып, бақтарын сынай алады. Оның бірі — ел Үкіметі тарапынан берілетін 5 мың грант болса, екіншісі — облыс әкімінің 100 гранты.  Бұл конкурстарға құжаттар 5-10 тамызда қабылданады.

  • Мемлекет тарапынан жастардың жоғары оқу орындарында тегін білім алуы үшін көп көмек көрсетілуде. Биыл еліміз бойынша бірінші рет ел Үкіметі тарапынан мемлекеттік білім грантын иеленбеген талапкерлерді қолдау мақсатында 5 мың грант бөлініп отыр. Бұл конкурсқа көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан түлектер қатыса алады, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлбарам Қалиева.

Оның айтуынша, облыста еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша ақпараттар жинақталып, комиссия отырысында талқыланған. Қорытындысында, педагогикалық ғылымдар, ақпараттық-коммуникациялық технология, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, ауыл шаруашылығы және биоресурстар мамандықтарына жалпы саны 180 грант бөлініпті.

Көпбалалы отбасылардың балалары мен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы балалары гранттар беру конкурсының екі түріне де қатыса алады.

  • Тағы бір мүмкіндік — облыс әкімінің 100 гранты. Нақтырақ айтқанда, 100 гранттың 30-ы — педагогика, 30-ы — медицина саласына бөлінсе, қалғаны әртүрлі мамандықтарға берілмек. Ветенарияға — 11, өнерге — 9, сәулет-құрылысқа — 5, агрономияға 5, мал шаруашылығына 3 орыннан бөлініп отыр, — дейді басқарма қызметкері.

Айта кету керек, облыс әкімінің гранты үшін ұйымдастырылатын байқауға ҰБТ-дан шектеулі балл алған барлық санаттағы үміткерлер қатыса алады.

  • Талапкерлердің балдары тең болған жағдайда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған үміткерлерге, кәсіптік-техникалық білімі бар және 1 жыл жұмыс жасағандарға, «Алтын белгі» иегерлеріне, республикалық, халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың, сондай-ақ спорттық жарыстардың жүлдегерлеріне басымдық беріледі, — дейді Гүлбарам Есенқызы.

Қазір еліміз бойынша жоғарыда аталған мамандықтарды даярлайтын жоғары оқу орындары арасында конкурс өткізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Жоғары оқу орындарына қойылатын басты талаптар: профессорлық-оқытушылық құрам мен материалдық-техникалық база мықты болуы тиіс.

Аталған білім беру гранттарын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 5-10 тамыз аралығында, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға 24-25 тамыз аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясында қабылданады.

Конкурсқа қатысу үшін қандай құжаттар қажет? Бұл туралы Гүлбарам Қалиева былай дейді:

— Алдымен өтініш жазылады. Сондай-ақ білімі туралы құжаты (құжаттарды қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа), ҰБТ сертификаты, 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі керек. Сонымен қатар талапкерлер екі конкурсқа да көпбалалы отбасынан шыққан және атаулы әлеуметтік көмек алатын балалар дәрежесінде екендігін растайтын құжаттарды да қоса тапсыруы қажет.

P.S.

Білім гранттарына арналған байқауға қатысу үшін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі қабылдау комиссиясына 2928 талапкер құжаттарын тапсырған. Олардың 21-і — жетім бала, 19-ы бала кезден және туғанынан мүгедек талапкерлер. Қабылдау комиссиясының мүшелерінің айтуынша, олар үшін арнайы квота қарастырылған. 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=77952