Вторник, Октябрь 15, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > “Жұбанов жылуы” қайырымдылық қоры балаларға қуаныш сыйлады

“Жұбанов жылуы” қайырымдылық қоры балаларға қуаныш сыйлады

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Ақтөбе қаласындағы «Шұғыла» сауықтыру лагерінде «Арыспен біргеміз!» және «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастырды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Аталған оқу ордасы бұл шараны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің арнайы тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық ақциясы аясында мектеп  оқушыларына оқу құралдары мен мектеп формасына көмек көрсету мақсатында ұйымдастырып отыр. Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан акция аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және Арыс қаласының балаларына арналған.

Аталмыш акциялар аясында «Шұғыла» сауықтыру лагерінде университеттің  ұйымдастыруымен балаларға анимациялық бағдарламалар  көрсетіліп, тәттілер таратылды. Сондай-ақ, университет ұжымы 100 оқушыға «Жұбанов жылуы» қайырымдылық қорының атынан мектеп құралдарын  сыйға тарту етті.

– Дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясының негізгі мақсаты  – мектеп оқушыларының толық мектепке баруын қамтамасыз ету. Күні кеше ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сәйкес, «Мектепке жол» республикалық акциясы екі ай ғана емес, жыл бойы іске асатын болады деп айтқан болатын. Осы тұста Жұбанов университетінің «Жұбанов жылуы» қайырымдылық қорының  қолдауымен  лагерьдегі 100 оқушыға мектеп құралдарын алып, концерттік бағдарламамызбен көтеріңкі көңіл-күй  сыйлауға келген жайымыз бар.  Бұл шара біздің университетімізде әлі жалғасын табады. Себебі, университеттегі  студенттерден құрылған  «Үмітің үзілмесін» еріктілер клубы да  қалыс қалмай оқушыларды мектепке дайындамақ ниетте, – деді университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нұржан Бердыбаев.

Айта кетейік, ағымдағы жылғы 15 шілдеден бастап Ақтөбе қаласындағы «Шұғыла» сауықтыру лагерінде Арыс қаласынан келген 7-14 жас аралығындағы 100 оқушы 24 күн бойы жазғы демалысын өткізеді. Лагерь бағдарламасына сай олар шығармашылықпен айналысып, спорттық, музыкалық, интеллектуалдық конкурстарға қатысады.

Лагерьде өзін Талғат Ермекбаев  деп таныстырған 7-сынып оқушысы: – Арыс қаласындағы жарылыс кезінде мен аулаға шыққанмын. Сол кезде аспан жарылардай болып, қатты күн күркіреді деп ойладым. Бір кезде күшті жел келіп үргендей болды. Анам тездетіп керек нәрселерін ғана алды да, мені жетектеп, жолшыбай бір машинаны тоқтатып, Шымкенттегі туыстарымызға кеттік. Ақтөбедегі «Шұғыла» сауықтыру лагеріне келгеніме өте қуаныштымын.  Алысқа бірінші рет шығуым, ата-анамды сағынып жүрмін. Мұнда қиындықтарымызды ұмытуға вожатый ағай-апайларымыз, басқа да лагерь қызметкерлері жағдайымызды жасап, көмектесуде. Көптеген балалармен таныстым. Бүгін міне Жұбанов университетіндегі ағай-апайларымыз келіп, бізге қуаныш сыйлап жатыр. Үлкен алғысымды айтамын, – деді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің арыстық балаларға арналған қайырымдылық шараны қолдауы  – Қазақстан халқының қиын жағдайда қалғандарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендігінің тағы бір дәлелі. Айта кету керек, бұрын аталған университеттің ұжымы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен отандастардың қайғысына алғашқылардың бірі болып үн қатқан болатын. Университет ғалымдары, оқытушылары мен қызметкерлері бір ауыздан материалдық көмек көрсетіп, қала тұрғындарына бір күндік жалақысын аударды.

P.S.  Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мектепке дайындау мақсатында әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған акциядан 2018 жылдың қорытындысы бойынша 328 766 оқушы 2 млрд. 822 млн. 846 мың теңгеге материалдық және қаржылық көмек алған. «Мектепке жол» акциясы жылына бір рет ұйымдастырылатын акция болғандықтан, Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасына сәйкес, осы акцияға жаңашылдық енгізілген.

http://bilimdinews.kz/?p=51983