Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі

Құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі

Ағымдағы жылдың 26 шілде — 1 тамыз аралығында жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыста «Занятность» республикалық акциясы өткізілуде.

Осы акция аясында Жұбанов университетінің Жоғары колледжінің ұжымы мен ата-аналары рейдтік шараға қатысты. Олар ювеналды полиция қызметкерлерімен бірге кешкілік  бала еңбегін пайдалануды болдырмау және оның алдын алу бойынша қаланың ескі бөлігіндегі автокөлік жуу орындарындарына  барды.  Айта кетсек, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес балаларға 14 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат етіледі, бірақ 14 пен 16 жас аралығындағы балаға жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан аспауы керек, ал 16 жастан 18 жасқа дейінгі топта жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспайды, бұны қоспағанда кәмелетке толмағандарға түнде жұмыс істеуге тыйым салынады. Жұбанов университетінің Жоғары колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Ақжігітованың айтуынша: «Біз автокөлік жуатын жұмысшылардың құжаттарын тексеріп, онда кәмелетке толмаған балалар жұмыс істейтінін білдік. Мен ешқандай заң бұзушылықтар байқалмағанына қуаныштымын, бірақ біз дәл осы жерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ересектермен және жасөспірімдермен заңды сақтау туралы сөйлесуге дайынбыз», — деді.  Айта кету керек, Жоғары колледж ұжымы мен ата-аналары кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында бірнеше рет рейдтерге қатысты.  Берік Бисенбаевтың айтуынша, ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктелген. «Мен үнемі балаларыммен сөйлесіп отырамын және осындай рейдтік шараларға  жиі  барамын. Біз болмасақ, жасөспірімдерге олардың құқықтары мен міндеттерін кім түсіндіреді?!», — дейді.

Рейд барысында полиция қызметкерлері мен  Жоғары колледждің қызметкерлері ата–аналарға балаларының сағат 22 00 -ден кейін ата-анасының қарауынсыз көшеде жүруіне тыйым салынғандығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, олар кәмелетке толмағандар сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ға дейін заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүрсе, бірінші ретте ата-анасына жазбаша ескерту жасалатынын ескертті.