Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұлттық интеллигенция және ұлттық идеология

Ұлттық интеллигенция және ұлттық идеология

Қазақ ойшылы Абай «шәкіртсіз ұстаз тұл» деген. Осы сөздің мәніне терең үңілсек, қоғамға, ел мүддесіне, оның болашағына қатысты көптеген нәрсенің (мәселелердің) мәнін түсінуге болады. Ойшылдың шәкірт деп отырғаны ұрпақ болса керек. Ұрпақ бұл болашақ, ұлт, халық, ел-жұрт. Бұдан мемлекет иесі ұлт сақталмай, оның саны өспей, ұрпақ ұлтының мүддесіне дұрыс қызмет қылмай, қоғамның ұлттық санасы мен рухы күшті болмайынша, оның болмысы тұлғаланбайды деген ұғым шығады. Ұрпақ (халық) ұлтқа айналуы үшін тарихы мен мәдениетіндегі құндылықтарды тегіс иеленіп отыруға тиіс. Оның болмысында жарастық, дәстүр ережелері сақталмай, елдің өмірінде жалғастық болмайды. Ұлттың болашағын айқындап отыратын рухани жалғасуда негізгі күш және негізгі құндылық ұлттық санаға келіп тіреледі.

Абай бұған қатысты:
Қартайдық қайғы ойладық ұйқы сергек,
Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. 
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық
Кім көңілді көтеріп болады ермек? 
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ еткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек.
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық, көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек…
Наданға арам, ақылды құлаққа ілмек,
Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.
Рас сөздің кім білер қасиетін, 
Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек… – дейді.
Интеллигенция зердесі мен ұлттық идеологияның қызметіне байланысты Абай даналығын негізге алып отырған себебіміз, интеллигенция болмысына қатысты мәселе ойшылдың шығармаларында ұлттық мүдде деңгейінде өрбіген. Әрине, ұлттық рух, ұлттық сана, ұлттық зерде, даналыққа, ұлттық бірегейлікке негізделген мәселелер қашан да қазақ руханиятынан түскен емес. Елдің болмысы мен мүддесін қорғауда бұл дәстүр ұлтымыздың негізгі қаруына, өмір сүру тәсіліне айналып отырғандығы белгілі. Абай заманында бұл мәселелердің қоғам алдына шығуының себебі, қазақ зиялыларының дәстүрі қоғамнан күштеп ығыстырыла бастаған. Осының салдарынан қазақ қоғамында тіл, дін, жер, білім, ұлттық мәдениетке қатысты үлкен мәселелер туындады. Мемлекет пен халықтың, ұлт пен ұрпақтың, қоғам мен тарихтың арасын жалғайтын ұлттық идеологияны кесіп тастау үшін жасанды интеллигенция өкілдерін қалыптастыру патшаның, одан кейінгі уақытта кеңес өкіметінің қолдан жасаған тәсілі болды. Мәселен, Алаш зиялысы Міржақып Дулатов «Тарихи жыл» мақаласында (1917 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген) былай деп жазады: «Қазақ халқының өткен дәуіріне айналып қарасақ түрлі тарихи зор оқиғалар, өзгерістер бастан кешіргенін көреміз:
– Қазақ-қалмақтың жауласқан заманы.
– Ақтбан шұбырынды.
– Россияға бағынған шығымыз.
– Кенесары заманы.
– Қоқан заманы.
– 1868 жылғы жаңа заңның шығуы.
Бұлардың әрқайсысы өз тұсында толқынсыз өтпеген болса да, ала бұлттай, бір тап ел жаман болса, екінші аман болып, үш жүздің баласына шылығын тегіс тигізе алған емес.
1916 жылғы оқиға өзгеше болды… «25 июнь жарлығын» бетке ұстап дағдарған елді олжалау, ескі кекті қоздырып, партиялылықты қолға алып, өтірік шағыммен бір-бірін жаптыру, шаптыру, аттыру әр елде, әр жерде бола бастады. Мұны істеушілер қарапайым адамдар емес, «бас» адамдарымыздан болуы қазақ халқының жаман жағын көрсеткендей, сүйегімізден кетпес қара таңба болды. Ғұмырында халықтың басына келмеген апаттың кезінде «жақсы» дегендерімізден мұндай хайуандық табиғат көрінуі һәм жиі көрінуі жұрт қатарына біздің қосылсақ та барып-барып қосыларымызды көрсетеді. Бұл жаман белгі».
Қашан да ұлттық интеллигенция өкілдерінің бойынан және ұлттың болмысынан шығып отыратын (оның өрісіне бағытталатын) ұлттық идеологияның таразысы тарихи уақыт. Тарихи уақыт оқиғалармен ғана көрінбейді, тарихи уақытқа мағына беріп отыратын тұлғалар. Яғни, тарих өрісіне енетін оқиғалардың басы қасында тұратын интеллигенцияның тұлғасы, тағылымы. Алаш зиялылары ұрпаққа осы мақсатта (шынайы интеллигенттіктің өлшемін ажырату үшін) тарихқа, болашақ қоғамға қатысты дүниелерді жазып кеткен: «Қалайда саясат бұлты қалыңдап, күннен-күнге түнеріңкі болып барады. Хакімшілік ағзалары азып, іске асудан қалып барады. Үкімет пен халық арасы күннен күнге алыстап, ашылып барады. Жақындарлық үміт жоқ. Майданда жау мен әскер арасы қандай ашық болса, мемлекет ішінде үкімет пен халық арасы да сондай ашылып болды. Онда жау жеңер ме, біз жеңеміз бе десе, мұнда үкімет жеңер ме, біз жеңермізбеге түсті. Үкімет қанша сірескенімен айналдырған ауру алмай қоймайтын шығар».
Интеллигенттік миссияның ұлттың игілігіне пайдасы тиетін шынайы іспен ғана өлшенетіндігін алаш зиялылары өз заманында қоғамның есіне салып отырған: «Жұртқа жақсы атты болу бар, жақсы атты көріну бар. Екеуінің арасы айыра білген адамға жермен көктей. Халыққа жақсы атты болған адамдар ақылымен, білімімен, таза құлқымен жақсы атты болады. Жақсы атты көрінетін адамдар көбінесе көңіл аулап жақсы көрінбек. алдыңғылар ақыл жағын ала іс қылғанда, соңғылар көңіл жағын ала іс қылады. Неғұрлым халық саңылаулы болса, ақыл жағын қуаттайды»
Ұрпақтың интеллектуалдық деңгейінің қалыптасуына ықпал ететін қоғамның негізінде халықтың талғамы жатыр. Ұлттық талғам ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына ықпал етуші күшке айналғанда, мемлекет оны қолдағанда ғана зиялылардың қатары қалыптасады. Зиялылардың қалыптасуында қоғамдық сана түрлерін қоғам мен жеке адамның бойында біріктіріп отыратын ұлттық идеология. Ұлттық идеологияның күші жаңа уақыт шеңберінде интеллигенция зердесін қалыптастырып отыруында, ал, интеллигенцияның күші жекелеген адамдардың адамгершілік қасиетінде. Сондықтан, алаш зиялыларының өздері жазғандай, интеллигенция болмысына тән қасиет ашықтық, шынайылық және осы құндылықтарды иеленуде табандылық пен білім қашан да елге ауадай қажет: «Ендігі істейтін іс – «ізденуші», «құтқарушыларға» мұнан кейін күніміз түспейтін күйге жету үшін былайғы жасты оқыту. Өткен жылдың уақиғасы оқудың керектігін енді еске түсірмесе, қазақ халқы жұрттықтан кеткені. Бұрын «біл, оқы» деген сөздер құрғақ насихат болып желге кетуші еді. Қазақ баласы енді оянбасаң мәңгіге шейін ұйқың ашылмай, қараңғыда, құлдықта, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткенің». Шынымен де, Міржақып Дулатов айтқандай, дәстүрлі қоғамның құрылысы өзгеріп, ел тәуелсіздігінен қол үзген сәтте, сол тәуелсіздікті қайтаруда жалғыз ғана қаруы білім, еңбек және бірлік. Бұған қол жеткізуде қоғамға қажет идеология. Әлихан Бөкейханов жазғандай, «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдайға қою шарт».
Қоғамның мәдени дамуы мен адамның рухани қалыптасуында ерекше көзге түсетін нәрсе ұлттық құндылықтар. Осы құндылықтар арқылы жеке адам мен ұлттың болмысының рухани негіздері сақталып отырады. Сұлтанмахмұт Торайғыров сомдаған:
«Маса» тұсы елдігін қазақ жойған,
Ұмытқан, елдік деген сөзді қойған.
Мал секілді үрку мен қорқу болған,
Кезінде жат пышағы жанын сойған.
Бәрі де бақырайып кезек күткен,
Артық болмай соғымға сойған қойдан.
Бір-бірін мұқатуға жатқа шапқан,
Кейбірі өсек айтып тамақ тапқан.
Жеріне, елдігіне әм дініне,
Құрылған талай тұзақ, талай қақпан.
Ақылмен ала қойды көбейтуге,
Қойшы боп аюменен қасқыр баққан…
Бостандық дариясы былтыр тасып,
Жұрт кетті ағынға еріп араласып.
Сондай-сондай дәуірді кешіргенін,
Қазаққа әдебиеті берді ашып.
Дәстүрлі қоғам болмысын күйретуге бағытталған саясатқа қарсы тұрудағы алаш интеллигенциясының тұлғасының негізінде халықтың танымы, болмысының дербестігі жатыр. Сол кездегі ел болмысының дербес мықты болуы ұлттық идеологияның тереңдігінде. Заманның аумалы-төкпелі жағдайына қарамастан, ұлттық идеологияны сақтап қалудағы қазақ халқының танымы қайткен күнде де ұлттың өкілі адамның тарихи санасын тәрбиелеу болған. Кенесары хан тұсында қазақ топырағына жер аударылған поляк жазушысы Адольф Янушкевич сол кездегі қазақ қоғамындағы тарихи санаға қатысты мынадай естелікті жазып кеткен: «Абылай атын қазақтар барынша ардақтайды. Орыстарға шабуылға шыққанда оның есімі жауынгерлік ұранға айналады, тегі бұл ханнан көмек тілеудің де ишарасы болса керек. Ол жүріп өткен Ұлытаудан Алатауға дейінгі жолды ел қадірлеп, оны Абылай жүрген жол деп бүгінге дейін еске алып отырады. Қытайлардың да Абылай есімін басқа көтере сыйлайтыны сонша, оның кейбір жұрағаттарына олар сыйлықтар жіберіп тұрады». Қашан да қазақ интеллигенциясының қалыптасуында ұлттық құндылықтар (әсіресе, жер мен тіл, оның тағдырына қатысты мәселе) мемлекет пен зиялыларды біріктіруші негіз болып отырғандығы даусыз. Жүсіпбек Аймауытов жазғандай, әр адам қоғамының мүшесі болғандықтан, оған көмектесе білуі тиіс. Адамның қоғамына көмектесуінде өнер мен кәсіпті таңдауы жатыр. Адамның кәсіпті таңдауының негізінде ұлттық құндылықтарын бағалау, мәнін түсіну, өнерге, еңбекке ерте дағдылану мәдениеті бар. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, мемлекет зиялыларды қалыптастырып, оның күшіне (қызметіне) жүгінуге қашан да мүдделі.
Қоғамның тарихтан бастау алатын рухани тамырлары болады. Сол рухани тамырдың бойындағы білімді ұлттық идеология дейміз. Бұның ерекшелігі қоғамның бастапқы қалыптасу уақытындағы бетке ұстаған нысанасына (ұлттық идеалға) ұрпақты бағыттап отырады. Осы себептен, кез-келген қоғам, мемлекет өзінің тарихи даму жолында игілігіне қажет білім түрлерін жинақтау және жинақтаған тәжірибелері арқылы өзінің мәдени дамуын жалғастырмақ. Қоғам интеллигенция өкілдерінің ұлттық рухынсыз дамымайды. Қоғамның өркениеттілікке ұмтылуының негізінде сол мемлекеттің иесі ұлттың рухы жатыр. Сондықтан да, халықтың ұлттық рухын көтеруде негізгі міндет ұлттық интеллигенция өкілдеріне жүктеледі. Интеллигенция зердесі ұлттық құндылықтарды қоғамда біріктіруші қызметке ие.
Ұлттық идеология – ұлттық болмыстың өрісін кеңейтуге бағытталған білім, идеялар мен тәжірибелердің жиынтығы. Тұлға зердесінің негізінде, даналық арқылы қалыптасып отыратын және ұлттық сана негізінде күш алатын жасампаздық қасиеттер, жаңа дүниелер ұлттық болмыстың өрісін кеңейтіп отырады. Қоғамның мәдени дамуында негізгі құбылыстар ұлттық болмыстың деңгейі арқылы көрінеді. Ал, ұлттық болмыстың өрісін кеңейтуде негізгі салмақ ұлттық құндылықтарға (тіл, атамекен, жер, дін мен дәстүр, тарих, мәдениет, ұлттық өнер түрлері), оның иесі халыққа келіп түседі.
Ұлттың негізгі құндылығы жер мен тіл сақталмай ұлт сақталмайды. Осы себептен, қазақ ұрпақты тәрбиелеу, рухани өмірге бағыттау ісінде ана тілге, батырлыққа ерекше мән берген. «Тіл жоқ жерде ұлт жоқ» деген Жүсіпбек Аймауытов. Интеллигенция өкілдерінің міндеті тілдің білімін ұлттың өзіне қайтарып отыру (игілігіне жаратуға көмектесу). Бұған қарап, қазақтың тарихтағы рухани өмірінде ана тіліне, атамекенге еңбек сіңіру, қызмет ету дәстүрінің ерекше сақталғандығын көресің. Отбасындағы бала тәрбиесінің өзі ұлттық құндылықтарды дәріптеудің (қызмет етудің) үлгісін көрсетеді.
Жер мен тіл мәселесі үнемі ұрпақтың танымында өмір сүретін, тарихи сананың құбылысына айналып отыратын дүниелер. Ұлттың болашағын зерделеуде оның тағдыры осы құндылықтармен ұштасатын болса, қоғамдық сана уақыттың қиыншылығына қарамастан, өзінің бағытын өзі айқындап отырады. Ағартушылық бағыттағы істер қашан да ұлттық идеологияның күшімен ұлттың тәжірибелеріне бағынып отырған. Бұны қолмен күштеп бұру немесе өзгерту мүмкін емес. Сонымен қатар, ұлттық идеология ұлттық рухтың тұтқасы. Бұл дұрыс жолға қойылмай, тарихтағы зиялылардың тағылымымен үндеспейінше, қоғамда бірегейлік, тұтастық сақталмайды. Ұлттық идеология дегеніміз ұлттың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибелерінен шығатын руханият өнімі. Әр ұрпақ буынның тұлғалық істерінің таңбасы осы ұлт руханиятының бойында қалып, сақталып отырады.

Үмбетқан Сәрсембин,
философия ғылымдарының 
кандидаты

http://akikat.kazgazeta.kz/?p=10293