Понедельник, Сентябрь 23, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Жас ғалымдарға зәрулік бар

Жас ғалымдарға зәрулік бар

Ғылымды дамыту – еліміздегі басым бағыттардың бірі. Ең бастысы, ғылыми жаңалықтар өндірістің өркендеуіне пайдасын тигізуі тиіс. Алматы мен Нұр-Сұлтан секілді еліміздің ірі ғылыми орталықтарында ғана емес, сонымен бірге ел өңірлерінде де ғылымды нақты өмірлік қажеттіліктермен байланыстыра дамытудың орны айрықша. Осы орайда бұл іс Ақтөбе аймағында оң шешімін тауып келеді.

Республикамыздың әр ай­ма­ғында ғылымды дамытуға ыңғайлы, әрі іргелі ізденістерді жүргізуге қолайлы орталықтар да жоқ емес. Ақтөбе облысын­да осындай ошақтардың бірі – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универ­ситеті. Жоғары білім беру орда­сының материалдық-техни­калық базасы мен ғылымды дамыту ісіне университет басшылары тарапынан жасал­ған қол­дау істің алға жылжуына сеп­­­­тігін тигізіп келеді. Өңір ға­­­­­лым­­­­дарының басым бөлігі атал­­­­­ған білім шаңырағына шо­ғы­р­ланған. Соның ішінде мұн­да ғы­лым­ның нақтылықты талап етілетін салалары – іргелі және қолданбалы зерттеулер жүр­гізуге басымдық берілген. Нә­тижесінде өңірлік жоғары оқу орнында математика, физика және химия ғылымдары саласында белгілі бір ғылыми бағыт­тар мен мектептер қалыптасты деуге толық негіз бар.

Айталық, университет про­фессоры Қуанышбек Шүң­кеев­т­ің радиациялық физика мек­тебі елімізге ғана емес, таяу және алыс шетелдерге де т­а­ны­мал. Әсіресе Польша, Эсто­ния мен Белоруссияда қазақ­стан­дық физика мектебінің тағы­лымын үйренуге аталған елдердің білім және ғылым ми­нистрліктері тарапынан көңіл бөлінуі мақтан тұтуға тұрарлық. Қ.Шүңкеев же­текшілік ететін зерт­хана әлем­дік талапқа сай жаб­дық­тал­ған. Мұнда Назарбаев Уни­вер­­ситет пен Тарту мем­ле­кеттік университетінің жас ғалымдары жүйелі зерттеулер жүргізуде.

Сондай-ақ аталған жоға­ры оқу орнының профессоры Жай­шылық Сартабановтың диф­ференциалды теңдеулерді шешудегі математиктер мектебі де республикадағы барша математиктер қауымының назарын аударды. Дифференциалды теңдеулер теориясының негізі неде? Аталған мектеп тәлім­ге­рі­нің айтуынша, бұл – мате­ма­тиканың түбірі, іргетасы. Ма­тематика ғылымының басты саласының бірі. Аталған ғы­лым саласында белгілі бір же­тіс­тіктер мен өзгерістерге не­ме­се ғылыми жаңалықтарға қол жет­кізу үшін ең алдымен мате­ма­тикалық модель жасалады. Ал оны дифференциалды тең­деу­лерсіз құру мен шешу мүм­кін емес. Оның математика ғы­лы­мында алатын орны ерекше екенін осыдан-ақ біле беріңіз, – дейді Ж.Сартабанов.

Университет базасын­да­ғы іргелі ғылыми зерттеулер ай­мақтағы қолданбалы мін­дет­терді шешумен байланыстырыла жүргізіледі. Бүгінгі күн биі­гінен қарағанда мәселеге осы тұрғыдан келудің тиімді тұс­тары мол екені айқын көріну­де. Аталған оқу орнында ин­но­вациялық технологиялар паркі құрылған. Қазір осы парк­тің зертханасын толықтай жабдық­тау жұмыстары қолға алынды.

Тағы бір айта кетерлік жайт, техникалық факультеттегі ме­тал­лургия кафедрасының ға­лым­дары тұтастай ел өндірі­сінде ерекше орны бар «Қазхром» трансұлттық компания­сымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Ортақ істің бүгінгі жай-күйіне келсек, университет ен­шісіндегі тікелей тоқты до­ғалы пеш – өзгеше әрі өте қа­жетті өңірлік жобаны жүзеге асыруға негіз қалайды. Яғни, осы қондырғы арқылы хром кенішінің шаңын кәдеге жарату жобасы ойластырылған. Кенді балқытудың сынақтан өткізілген тұңғыш тәжірибесі бұл істің тиімділігі мен қажет­тілігін көрсетті. Осылай­ша уни­верситеттегі металлургия кафедрасы мен зауыт жаңашылдары аталған әмбебап жабдықты одан әрі жетілдіріп, облыс аумағында дүркін-дүркін пайда болып жүр­ген ферропласт қалдығы ша­ңын кешенді түрде тазарту жобасын қолға алмақ.

Қазіргі кезде аймақта бір­қатар экологиялық проблема­лар қордаланып қалған. Оны азайтуға университет ға­лым­дарының қосар үлестері аз емес. Өңірдің экологиялық мә­се­­­ле­лерін шешу ісіндегі универ­ситет ғалымдарының тағы бір ғылыми жаңалығы диатомит материалдарының көмегіне арқа сүйеу болып отыр. Бүгінде бұл іспен университет физиктері мен химиктерінен құрылған үл­кен топ айналысуда. Олардың ай­туын­ша, аталған материал бел­гілі бір жағдайларда тұр­ғын үй-ком­муналды шаруа­шы­лығы сала­с­ы­ның кәріздік қал­дық­тарын кәдеге жаратуға көмек­тесе алады.

Соңғы уақытта Ақтөбеде жаз айларында қолқаны қабатын жағымсыз иіс жайлап алатыны айтылып та, жазылып та жүр. Қолға алынған жобаның тағы бір ерекшелігі, осы жағым­сыз иісті жоюға әсерін тигізе алатынында. Қазір аталған жобаға қатысты зертханалық сынақтар аяқталып, оның нәтижесі оң нәтижелер берген екен. Ендігі істің ауқымы далалық зерттеу­лер мен коммерцияландыру дең­­гейіне көшу қажеттігіне қа­рай ойысуда.

Бір сөзбен айтқанда, өңірлік уни­верситетте жоғарыда атал­ған деректерге сай өңірлік және рес­публикалық деңгейде қаржы­ландыруға тұрарлықтай ғылыми жобалар мен ізденістер аз емес. Дегенмен, аймақ ғылымының дамуында олқылықтар жоқ дей алмаймыз. Мұнда ең алдымен ғылымды қаржыландырудың көңілден шықпай тұрғаны алаңдатады. Әрі өңірдегі ғалымдардың дені зейнет жасында екені де ойландырмай қоймайды. Алдағы уақытта олардан мол қайтарым күтудің өзі де ағаттық секілді.

Әрине, мұндай жағдайда тек бір ғана жол бар. Әрі мұның өзі тиімді де оңтайлы бағдар болмақ. Бұл – ғалымдар қатарын жастар есебінен толықтыру. Рас, қо­ғамдық өмірде белгілі бір жағ­дайларда білікті мамандар мен ғалымдарды өзге өңірден шақ­ыру үрдісі қолданылып жүр. Әйтсе де жоғары оқу орнының жете­кшілері бұл тәжірибені бас­ты орынға қоюға мүдделі емес екеніне де осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында айқын көз жеткізгендей болдық. Өйткені оның әр түрлі объективті және субъективті себептері бар. Соның бірі – арнайы шақырылған мамандар­дың, докторанттар мен ма­гистр­­лердің тұрақсыздығы, отбасы­лық жағдайы.

Бұл мәселе жөнінде Қ.Жұ­банов атындағы Ақтөбе өңір­лік мемлекеттік университе­тінің ректоры Бауыржан Ердем­беков: «Аталған мәселелерді жолға қою үшін оқу орны жанынан бес мамандық бойынша магистратура және тағы да бес мамандық бойынша докторан­тура құрылды. Бұған қоса уни­верситеттегі ғылыми қоғам­дас­тықтың әлеуеті мен мүм­кін­діктерін одан әрі тереңдету үшін математика және физика мамандықтары бойынша екі диссертациялық кеңес ашылды. Оның құрамында универ­ситеттің он ғалымы бар. Бұл өзгерістер жас ғалымдар легінің өсе түсуіне өз ықпалын тигізеді деген ойдамыз», деді.

Міне, Ақтөбе аймағында іргелі ғылыми ізденістерге құ­лаш ұрып отырған білім ошағы­ның жетістіктері осындай.

Темір ҚҰСАЙЫН

АҚТӨБЕ

https://egemen.kz/article/206084-zhas-ghalymdargha-zarulik-bar