Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жас мұнайшылар жиналды

Жас мұнайшылар жиналды

Конференция

Облыста алғаш рет «Жас мұнайшылар: көшбасшылық және инновациялар» атты ғылыми-техникалық конференция өтіп, оған Ақтөбе қаласындағы ірі мұнай компанияларының өкілдері, жас мамандар, оқу орындарының студенттері шақырылды. Мақсат — осы салада білім алып жатқан жастармен тығыз байланыс орнатып, білікті мамандарды даярлау.

Мұнай — ел экономикасындағы  негізгі табыс көзі. Қазақ жерінде мұнай 1899 жылы тұңғыш рет Қарашұңғылда 40 метр тереңдіктен атқылады. Содан бастап жерасты пайдалы қазбаларын игеру жанданып, жерімізде өндірістің жаңа кезеңі қалыптаса бастады.

Конференцияда облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов  еліміздің мұнай өндіру тарихы қазақтың төл  тарихымен тығыз байланысып жатқанын айтты.

— 120 жылдың ішінде ата,әкелеріміздің қаншама  жүріп өткен жолдары жатыр. Олар   өмірлік тәжірибелерін, ерліктерін кейінгі ұрпаққа асыл мұра етіп қалдырды. Қаншама мұнайшылар әулеті өсіп жетілді. Солардың жолымен мұнай игеруді жалғастырып келеміз. Біздің өңірімізде үлкенді-кішілі 29 мұнай компаниясы жылына  6 миллион тонна мұнай өндіреді. 25 мың ақтөбелік тұрғын  осы салада  жұмыс істейді.

Мұнай  тарихында көптеген мақтануға тұрарлық парақтарымыз қалды. Ұлы Отан соғысы кезінде мұнайды Атыраудан Волгоградқа дейінтүйемен тасып жеткізген. Міне, даталы мереке қаламыздың 150 жылдығымен, бұл конференция Жастар жылымен тұспа-тұс келіп отырғаны жайдан-жай емес. Дегенмен қазіргі уақытта мұнай саласында  көптеген мәселелер туындап отыр. Бұл түйткілді сұрақтар  осы жерде ашық талқылануы керек. Жастарымыз еңбек қауіпсіздігі, экологиялық шараларды сақтауға қатысты  ғылыми жұмыстармен айналысулары тиіс, — деді облыс әкімінің орынбасары М.Тоқжанов.

Одан кейін сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінің стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев  мұнай өнімдерін өндіру мен тасымалдауды жақсарту технологиясы туралы айтып берді. Магнит өрісі арқылы қою мұнайды сұйылту әдістерін тиімді пайдалану жолдарымен бөлісті.

Конференцияда ірі мұнай өндіру компанияларының өкілдері жаңа технологияларды игеріп, оны қалай қолданып жатқанын, сонымен қатар цифрлық жүйеге көшудің артықшылықтарын, іс-тәжірибеден өтетін студенттер мен жас мамандарға үйрету барысын баяндады.

— Бізде жас мамандар кеңесі бар. Тәжірибелі мамандарымыз жаңадан келген жастардың  кәсіптікдеңгейін көтеруге көмектеседі. Жаңа технологияны меңгеруге жағдай жасаймыз. Қазіргі таңда студенттерге оқып-үйрену керек, — деді «Сағыз Петролеум компаниясының» жас мамандар кеңесінің төрағасы Дәуренбек Кеңесов.

Мұнайшылар бас қосқан жиында жастар да  белсенділік танытты. Солардың бірі Рүстем Мұратов жергілікті мұнай компаниялары мен студенттер, жас мамандар арасында байланыстың жоқтығын айтып, қарым-қатынасты жақсарту керектігін жеткізді.

— Көптеген жас мұнайшылар мамандығын пайдалана алмай отыр.  Дипломдық жұмысты интернеттен іздетпей, өндіріс орындарында іс-тәжірибеден өткізіп барып білімін тексеру керек. Оларды кім үйретеді? Сол себепті диплом алғалы тұрған жас маманды, болашақ мұнайшыларды  компаниялармен байланыстыратын көпірдің болғаны дұрыс,  — деді ол.

— Жастар жылы мен елімізден мұнай өндірілгеніне 120 жыл толуы  қарсаңында  жастардың басын қосып жатырмыз. Бұл — мұнай саласында жұмыс жасап жүрген жас мамандардың өз  идеяларымен, инновациялық жаңалықтармен бөлісуіне  еркін мүмкіндік береді.  Осы жерде  әр компания өз жаңалықтарын  жұртшылыққа таныстырды әрі жастар өте белсенділік танытты. Енді олардың ұсыныстарын ескеретін боламыз.Алдағы уақытта мұндай басқосулар жалғасын табады, — дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Ермағамбетов.

Самат НАРЕГЕЕВ

https://aqtobegazeti.kz/?p=78385