Бүгін «BILIM JA’NE G’YLYM» тақырыбында облыс педагогтарының жыл сайынғы дәстүрлі тамыз кеңесі өткізілді.
Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі, білім министрлігінің өкілдері, облыстық басқармалардың, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, депутаттар, мектеп директорлары, білім беру ардагерлері, ЖОО ректорлары, оның ішінде Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры Бауыржан Ердембеков қатысты.
Өз сөзінде Бауыржан Амангелдіұлы білім беру саласының өзекті мәселелерін қозғады. Мысалы, мектепте пән мұғалімінің жетіспеуі әлі күн тәртібінде. Математика, орыс тілі мен әдебиеті, орыс бөлімін бітірген бастауыш мұғалімдерінің қажеттілігін атап өтті. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Жұбанов университетінде соңғы екі жылда (Математика-Информатика, Математика-Физика, Физика-Информатика, Химия-Биология, Тарих-Дінтану, География-Тарих) сынды 6 қосарланған жаңа мамандықтар ашылды.
Сонымен қатар, Бауыржан Ердембеков сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған кәсіби бағдарлаудың маңыздылығын атап өтті: «Барлық сыннан өтіп тек құжаттарын өткізуге келгенде ғана мамандық таңдап, немесе грант үшін, төрт жыл, жүрегі қаламаған мамандықты аяқтап диплом алған жастар, не жұмыссыздардың санатында, не сапасыз кадрдың санатында жүретіні бізді қынжылтады». Университет басшысының айтуынша, қала және аудандар бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстары тек 11-класта емес, 8,9-кластардан басталуы керек, сонымен қатар ата-ана, пән мұғалімдері, класс жетекшілерінің де баланың мамандық таңдауына үлесі зор. Осыған орай, университетті бітіріп жұмысқа орналасуына дейінгі аралықтағы қызметті қамтитын республика бойынша 5 ЖОО «Кәсіби даму және мансап» орталығының бірі Жұбанов университетінде құрылды.
«BILIM JA’NE G’YLYM» конференция аясында Жұбанов университетінің ректоры, Қазақстандағы үздік жоғары оқу орындары ұлттық рейтингінің қорытындысы бойынша Жұбанов университеті еліміздің 56 ЖОО-ның ішінде 4 орынға көтерілгені, сондай-ақ, талапкерлерді санының өсу қарқыны туралы айтты. Жұбанов университеті студенттерінің саны биыл 16 мыңнан асса, оның 8 мыңы педагогикалық мамандықта оқиды. Осы оқу жылына 1-курсқа 6 мыңға жуық студент қабылданды. Соның ішінде 174 «Алтын белгі» иегері, 200-ден аса оқу озаттары, халықаралық дәрежедегі олимпиада жүлдегерлері, спортшылар және қазақ еліне танымал жас өнерпаздар Жұбанов университетінің студенті атанды. 1400 студент мемлекеттік және әкім грантын алса, Атымтай жомарт меценаттардың грантымен 50 млн теңгеге 161 студент білім алуда. Университет тарапынан 21 студент «Қ.Жұбанов атындағы грант» иегері атанса, 1200 студентке түрлі жеңілдіктер берілуде.
Сонымен қатар кеңес барысында Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Лаззат Уразбаева оқу жылының қорытындысы мен жаңа оқу жылының мақсат-міндеттері туралы, Жаңа орта мектебінің директоры А.Қисыкова жаңартылған білім беру мазмұнына білім беру стандартын енгізу нәтижелері тіралы, Вознесеновская орта мектебінің директоры А.Лобода шағын жинақталған мектептердегі оқу процесін жетілдіру туралы баяндады.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин салтанатты түрде «Үздік білім беру ұйымы» байқауының жеңімпаздары мен облыстың үздік оқытушыларын марапаттады. Білім және ғылым министрлігінің төсбелгілері мұғалімдерге, құрметті ағартушылар мен еңбек ардагерлеріне, оның ішінде Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің кәсіби және шығармашылық факультетінің аға оқытушысы Абдрашид Раймбергеновке берілді.
Конференцияға барлығы 1200 адам қатысты.