Четверг, Март 28, 2024
Басты > Абай > Абайды танып болдық па?

Абайды танып болдық па?

Абай — 175

(Ақынның әдеби ортасын зерттеудегі көкейкесті мәселелер)

Қазақ әдебиетінің іргелі саласының бірі — абайтану ғылымы бүгінгі таңда жаңа пайымдаулар тұрғысынан жан-жақты зерттеулерге зәру. Әрине, қазақ мемлекеті өз тәуелсіздігін алған күндерден бастап, абайтану ғылымы да тәуелсіз ойларға толы біраз еңбектермен толықты. Дегенмен, бұл тәуелсіз әдебиеттің кейінгі он бес-жиырма жылдағы алғашқы қадамдары ғана деуге болады.

Абайтану ғылымындағы бүгінде көкейкесті болып отырған мәселелер не деген кезде, кеңес заманында өз дәрежесінде айтылмай, ғалымдарымыз айта алмай келген дүниелерге барып тірелетіні анық. Абайды танудағы сондай өзекті мәселелердің бірі ол — кемеңгер ақынның ортасы, әдеби айналасы туралы сөз.Төл әдебиетіміздің тарихын жаңаша зерделеуге мүмкіндік туған бүгінгі тәуелсіз көзқарастар тынысы қандай да бір сөз зергерін оның әдеби ортасымен, айналасымен байланыста қарауға жол ашып отыр. Абайдың әдеби ортасы дегенде оны ақындық өнерге баулыған, рухани өсу жолында темірқазық бағдар бола білген ақын-жырауларды, би-шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен тұлғаның өнеріне сусындап, әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын халыққа насихаттаған өнерпаз буынды айтамыз.

Әдеби орта ұғымын мейлінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды есепке аламыз. Бұл тұрғыда әдеби ортаны абайтанушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, батыс және қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерімен байланыста қарауға болады. Осылайша әдеби ортаның құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби дереккөздерге қатыстылығын ескерсек, Абайдың кітапханасы деген тақырыптың да әдеби ортамен бөлінбес бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна — Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын нақтылап, тарылтып ақынның айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері — ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп қарастыру абайтану ғылымының көкейкесті мәселелерінің бірінен саналмақ. Бұл М.Әуезов сөзімен айтқанда «бергілер және дәл айналасы».

Дәл осы тұрғыдан алғанда, әдеби орта ұғымы кез келген әдебиет өкілінің, оның шығармашылық жолының қалыптасуында айтарлықтай рөл атқаратын өскен орта, яғни туған жер, туған өлке деген ұғымдармен де аса жақын келетінін ескерген жөн. Туған топырақтың қасиеті қаламгер атаулының кіндігін өзінен бір сәт ажыратпай, оның шығармашылық жолына табиғи бояуын сіңдірер үзілмес желі боп тартылады. Кіндік қаны тамған туған жер адам болмысының қалыптасуына өз әсерін тигізері анық болса, рухани дүниеге ұмтылысы ерекше өнерге жақын жандардың табиғаты сол туған топырақтың құнарына да тәуелді. Қазақ даласын шалқытқан өнердің сан алуан түрі — ән мен күй, өлең мен жыр әр аймақтың сипатына қарай өзінше шырқалып, түрліше күмбірлейді. Жер табиғатының өзгеше өрнегі әр өлкедегі өлең-сөзге де өзіндік  мақам-бояуларын сіңіреді. Шығыстың шертпе күйі батыс қазақтарына аса тән емес, оларда күйдің төкпе түрі кең жайылған. Жетісу ән мәнері де арқаның әндерінен бөлекше. Ақындық өнерде дәл мұндай ерекшеліктер анық байқалмағанмен, әр аймақтың өзіндік ақындық дәстүрі қалыптасып, дамып-жетілді. Қаратау шайырлары, Сыр сүлейлері немесе арқа ақындарының сал-серілік дәстүрі тағы басқаларды алсақ, әр аймақтың ақындық сөйлеу тілінде көзге ұрып тұрған айшықты айырмашылықтар болмады десек те, табиғат-тылсымы тереңге тығылған әр өлкеге тән ақындық дәстүр сақталған. Осы арада белгілі бір аймақтың ақындық дәстүрін, ерекшелігін, даралық сипаттарын зерттейтін әдеби өлкетану мәселесінің қазақ әдебиеттану ғылымында кенжелеп жатқандығын айта кетуіміз керек. Бұл сала, яғни, «Литературное краеведение» орыста да, батыста да әлдеқашан алдыға кеткен. Бүгінгі күннің өзінде де бұл тақырыптың астарында жершілдік, руға бөлінушілік жоқ па? — деген сияқты біржақты ұғым-түсініктің қалыптасуынан болар, сірә, аталмыш сала ұлттық әдебиеттану ғылымында соншалықты назарға ілінбей келеді…

Л.Толстойдың шығармашылық өмірбаянында Ясная Полянаға қаншалықты екпін түсіріліп назар аударылса, қазақ әдебиетіндегі тұлғалар туралы зерттеулерде Махамбеттің Нарынына, Шоқан дүниеге келген сұлу Сырымбетке де соншалықты мән берілу керек сияқты. Бөрілінің табиғаты М.Әуезовтің әңгімелеріне арқау болса, «Өмір мектебінің» алғашқы беттерін парақтағанда С.Мұқановтың туған жеріне саяхат жасайсың. Бірақ, дәл қазіргі таңда туған жер мен сол өңірде, аймақта өскен тұлғаның арасын байланыстыра қарау ұлттық әдебиеттану ғылымында солғын.

Ақынның қоршаған әдеби ортасы, оның ішінде тікелей қарым-қатынаста болған айналасы туралы айтқанда батыс, орыс әдебиеттану ғылымы «контактные отношения» деген мәселеге көңіл қойған. Мағынасын қазақшаласақ — бір-біріне жолығып, түйісіп барып әдеби байланысқа түсу. Ф.Достоевский мен В.Соловьев, Л.Толстой мен Д.Мамин-Сибиряк сынды жазушылар арасындағы әдеби байланысты осы тұрғыдан қарастырған  еңбектер де бар. Бұл тұрғыдан Н.Пруцковтың «Историко-сравнительный анализ произведений художественной литературы» (Ленингад, 1974) деген еңбегін атауға болады…

Абай ақындыққа көтерілу жолында өз ауылының, өлкесінің әдебиет өкілдерінен құнар жинаса, толысып, кемеліне келген шақта да алдымен өз айналасына рухани нәрін септі. Сол себепті де Абайдың әдеби ортасы туралы сөздің бісмилләсі оның айналасынан басталуы заңды. Абай Құнанбайұлы Ертіс бойындағы Семей шаһары мен Шыңғыстау тауының аралығында ғұмыр кешті. Ес біліп, ақыл тоқтатқан шаққа дейін өлең-сөздің, ақындықтың әліппесін Абай өз әулетінен, маңайындағы үлкенді-кішілі ақындар мен би-шешендерден үйренді. Дәл осы Шыңғыстаудың бауырында жатып, қазақ өлеңін шырқау биікке аспандатса, сол өлең-сөзге алғаш баулыған әдеби ортаның орны да айрықша болып, ақынның маңайына сөз ұғарлық өнерлі топ үйірілді. Демек, қазақ әдебиетінде кеңінен қанат жайған Абай дәстүрінің бұлақ көзі алдымен осы ақын айналасына шоғырланған ақын, әнші, музыканттардан бастау алады. Ал, Абайдың әдебиеттегі дәстүрінің қазақ даласында кеңінен сипат алуы ақын дүниеден өткеннен кейін барып жүзеге асты. Жасыратыны жоқ, көзі тірісінде Абайды жаңағы өзі өмір сүрген өлкесінен басқа алыстың қазағы танымады. «Біздің жұрт әлі күнге шейін мәдениет басқышының ең төменіне аяқ баса алмай тұр. Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде тарихта аты алтынмен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында 60 жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Туғанын, жасағанын, өлгенін өз елі Тобықтыдан басқа қалың қазақтың көп жері білмей де қалды», — деп қынжыла жазған М.Дулатовтың сөзі — ащы шындық. Дәл осылай Шәкәрім де күңіренген болатын.

Кеңестік кезеңде абайтану саласының «қоғамға жат» саналған саласының бірі — Абай мектебі. «Абайдың ақындық мектебі» концепциясын М.Әуезов ұсынды. Әлем әдебиеті бойынша әдебиеттану ғылымында «мектеп» термині бар. Нақты «әдеби мектептің» анықтамасы болмағанмен, бұл ұғым батыс пен орыс әдебиетінде әдеби ағым, әдеби үйірме, әдеби топ дегендермен алмастырыла айтыла береді. Әсілі, әдеби мектеп — бір көзқарастағы, бір бағытта шығармалар жазатын, арман-мұраттары ортақ қаламгерлердің басын құрайтын ұғым. Көбінің бастаушысы, яғни сол мектепті құрушы ұстазы болып, қалғаны шәкірт саналады. Бірақ, батыс әдебиеттануындағы мектеп атаулының қай-қайсысында да ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс нақты айтылмайды да, әдебиеттегі ағымға қарай ауып кетеді. Әлем әдебиетіндегі мектептер, үйірмелер, әсіресе батыстың әдеби салон-клубтарының маңайына ақын шәкірттер жинап, тәрбиелеген Абайдың қарекетін еске түсіргенімен, екі түрлі қоғамдағы бұл әдеби топтардың табиғи нышандары қабыса бермейтінін де ескеруіміз керек. Нақты бір бағытты бетке алып, ортақ көзқараста, тіпті кей тұстарда бір ғана тақырыптың аясынан шықпай шығармашылық жолға түскен европалық үлгідегі бірлестік-клубтар мен бастау көзін сонау көшпелі түркі әдебиетінен алатын, әлі де ауызша әдебиеттің үстемдік алып тұрған қазақ даласында ақындыққа ебі бар өнерлі жастардың басын қосып, өлеңге баулып, нағыз сыншыл да, шыншыл поэзияның мектебін құрған Абай айналасын бір қалыпқа салып, ортақ анықтаманың аясында қарауға тағы болмайды. Батыс әдебиетіндегі мектептің ұстанған принциптері, ондағы басты белгілер мен өзіндік айшықтарды, сөз жоқ, Абай мектебінің табиғатына сәйкесе қоймайды. Бұл арада ұлттық әдебиетіміздің  өзіндік ерекшеліктерімен санасқан жөн.

Абай дәстүрі — біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет қайраткерлері осы легтің алдыңғы толқыны ғана. Демек, кең мағынада алғанда дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері болып табылады. Алайда, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды нақтылап, оның маңайындағы ақын шәкірттерімен байланысын алып қарастырғанда, ақындық дәстүрден де басқа, ұстаз бен шәкірт арасындағы күнделікті қарым-қатынастардың нақтылы көріністері бой көрсетеді. Яғни, Абай поэзиясының кейінгіге әсер-ықпалы деген мәселеден басқа, Абайдың тікелей тәрбиесі, ұстаздық ұлағаты, тіпті оның өлең жазуға баулу, үйрету қарекеттері айқындалды.

1950 жылдардағы «Абайда мектеп болған ба, жоқ па?» деген даудың тууына ақындық мектеп мәселесіне қатысты нақты  меженің жоқтығы да себеп болды. Соның салдарынан біреулері Абай мектебін тар мағынада, яғни айналасындағы ақын шәкірттерімен шектесе, екінші зерттеушілер тобы мектеп мағынасын кеңейтіп, оның аясына дәстүр жалғастырушылардың барлығын кіргізді. Абайдың тікелей тәрбиесін көрген маңайындағы ақын шәкірттердің бәрі дерлік кеңестік идеологияның жаласына ұшырап, әдебиет тарихынан аластатылғаннан кейін, Абай шәкірттері, Абай мектебі деген ұғымдар дәстүр жалғастырушылар деген тақырыптың аясына сіңіп кетті. Негізінен, Абайдың ақындық мектебі мәселесін сөз еткенде Абай мен оның тікелей тәрбиесінде болған ақын шәкірттер арасындағы байланыс бір бөлек, кемеңгер ақынның әдебиеттегі дәстүрі, яғни Абай дәстүрін жалғастырушылар жеке тақырып ретінде қарастырылғанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті мен жалпы ақындық өнерінің кейінгі әдебиетке әсері деген мәселелерді ажыратуға мүмкіндік туады.

Кеңестік саясаттың салдарынан абайтану ғылымында еріксіз назардан тыс қалып, тіпті күшпен басылып, еркін зерттелу мүмкіндігінен айырылған сала Абайдың ортасы десек, «социалистік» деп аталатын қоғамда ақынды өз ортасынан, әдеби айналасынан ажыратып алу мақсатты түрде іске асырылды. Алдымен Абайдың өзі «шынжыр балақ, шұбар төс» Құнанбай баласы болғаны үшін ғана кеңестік әдебиетке жақпады.  «Бай баласының» ақындық құдіретінен мін таппаған таптық идеология, оның жеке басынан сырғып, айналасын бопсалауға көшті. Ақынның өмір сүрген ортасы — «ескішіл», әкесі — бай-шонжар, маңайындағы ақын-жыраулар мұрасы «социалистік талаптардан ада» болған себепті, Абай мақсатты түрде әдеби ортасынан жырақталып, оқшаулана берді. Ақынның әдеби мұрасы «әдебиеттің таптығы» деген қалыпқа ыңғайланып, «кедейшіл», керек десеңіз «большевик» Абай өз ортасына қарсы қойыла танылды. Абайға ерекше ықпал еткен шығыс әдебиеті туралы аса аз айтылып, ақынның «шығысым батыс боп кетті» деген сөзі желеу етіліп, «оның елден асырып дана қылған орыстың зиялылары» деген түсінік санамызға сіңірілді. Орыс зиялылары, оның ішінде Е.Михаэлис, Н.Долгополов сияқты замандастарының Абайға, оның орыс әдебиетін меңгеруге тигізген қолғабысын жоққа шығаруға болмайды. Сол сияқты орыс әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің де Абайға бергені өте мол. Десек те, Абайға әсер еткен қорды санамалағанда төл әдебиет, оның ішінде ақынмен тікелей қарым-қатынаста болып, жанаса әсер еткен ортаның рөлін екінші қатарға ысыра бердік. Абайдың заманынан асып туған кемелдігі ең алдымен, әкенің қаны, ананың сүтімен бойға дарыған құт, туған топырақтың қасиетінен. Екінші, тал бесіктен әженің әлдиімен, атаның әлқиссасымен жадыға жатталған қазақтың асыл сөзі, домбыраның күйі, қобыздың үнімен жүрекке тұнған төл өнер «қазақта қара сөзге дес бермеген» Абайды ақын етіп қалыптастырды. Кезінде М.Әуезов атап көрсететін Абайдың алған қорының ішіндегі ең молы — қазақтың халық әдебиеті екендігін ескерсек, осы бір сала — заманның қақпақылына түсіп, абайтанудың зерттелмей жатқан ең бір осал тұсы боп қалды.

Кеңестік жүйенің абайтануға кесірі тиген көлеңкелі тұсының болғанын ескерсек, сол кезде Абайдың төл әдебиетке, қазақтың ақыны мен жырауына, тіпті бүкіл қазақ халқына қарсы қойылғанын бүгін жоққа шығара алмаймыз. Ақынның ащы сөзінің астарына үңілмей, Бұхар, Шортанбай, Дулаттарды Абай сөзімен тұқыртып, «ескі би» мен «ескі ақындардың» мұрасын керексіз еткеніміз кешегімен кетті. Жаңаша поэзияға құлаш ұрып, эстетикалық талғам тұрғысынан өркешті деген өлең иелерін сынаған Абай мен оның өзіне дейінгі әдебиет арасына сол тұста сына қағылды. Соның салдарынан Абайға дейінгі әдебиет жоқтың қасы есебінде болып, тіпті «қазақтың әдеби тілі Абайдан басталады», — деген пікірлерге дейін айтылды.

Абайдың алдындағы әдебиет осылайша бір ыңғайлы болғаннан соң, абайтануға кезекті бір әдеби шабуыл басталды. Әлем әдебиетінде жалпы ағым-бағыттың аясында қолданылатын «мектеп» ұғымының бір ғана адамға қатысты айтылуы кеңестік қазақ әдебиеттануында үлкен дау туғызды. Нәтижесінде, маңайына ақын, әнші, музыкант, ертегіші сияқты алуан өнерді үйренуге құлшыныс білдірген жастарды жиып, баулыған ұстаз Абайдың  тағылымдық, тәрбиелік қарекеті тұмшаланып, ақын шәкірттері шетінен «кертартпа», «ескішіл» деп танылып әдебиеттен аластатылды, көзі тірілері «халық жауы» болып қуғындалды.

Абайдың айналасындағы әдебиет өкілдері туралы біраз зерттеулер жазылды, ақын шәкірттердің мұралары жинақ болып шықты десек, ендігі міндет – сол еңбектерден әдеби орта тақырыбының жігін табу. Мәселен, Құнанбайды ақтап алу аз, енді оның Абайға ықпалын, әке мен бала арасындағы рухани байланыстардың көзін ашу міндеті тұр. Сол сияқты Абайдың алдындағы аға буын ақындардың байланысы, қарым-қатынасы, жас Абайға көрсеткен өнегесі турасында толайым пікір айту да — бүгінгі зерттеулердің міндеті.

Абай дәстүрі деген зор арнаның мәнді саласы — Абай мектебін сөз еткенде, ұстаз бен оның шәкірттері арасындағы байланысты тек олардың поэзиядағы сабақтастығымен шектеп қою аз. Бұл мәселеде тұрмыстық қатынастардан бастап, өлең үйрену қағидалары, тақырып таңдау, өмірге келген шығармаларды әдеби ортада сыннан өткізу сияқты қарекеттермен жалғасып, одан туындайтын ұжымдық әдеби процесс сияқты құбылыстардың сырына үңілгенде ғана әдеби мектептің мәні айқындала түспек. Ақындық мектеп дегенде, ең алдымен, сол мектепті қалыптастырушы Абайдың рөлін, ұстаздық қарекетін айқындап көрсету шарт. Оның әдебиеттегі жолын жалғастырушы ақын шәкірттердің әдеби мұрасына үңіле отырып, әр қырынан танып, олардың Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, сол дәстүрді өздерінше дамыта білген даралық сипаттарын саралағанда барып Абай мектебінің қазақ әдебиетіндегі орны айқындала түспек. Тек қана ақын емес, әнші, музыкант, ертегіші, дойбышы сияқты сегіз қырлы өнерпаздарды қасына жиған Абайдың айналасына қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі тұрғысынан баға берілген уақытта Абай ортасының анық деңгейі анықталмақ…

Әлем әдебиетіне көз жүгіртсек, әдеби мектеп атауына жақын әртүрлі әдеби үйірмелер, бірлестіктер мен салон-клубтар ертеден-ақ болған. Кейбірін атайық. Мәселен, ертедегі үнді елінде санскрит әдебиетінің ірі өкілі Ашивагхошидің ақындық мектебі жөніндегі деректер бұл құбылыстың тарихын тереңге әкетеді. Он бірінші ғасырдағы Әзірбайжан әдебиетіндегі Ширвани мектебі, ХІІІ ғасырдағы Италиядағы алғашқы ақындық мектептердің бірі – «Сицилия мектебін» Джакамо де Лентино басқарған. XVI ғасырдағы франция әдебиетіне үлкен бетбұрыс әкелген Жан Дораның (1508-1588) «Жұлдыз» деген ақындық мектебі болған. Әдебиет пен театр өнерінің қосындысынан туған XVIІІ ғасырдағы «Испан классиктері» мектебін атауға болады. «Геттинген алқабы» (Геттингенская роща), «Көлді мектеп» (Озерная школа), Ресейдегі «Арзамас» атты әдеби ұйым, «Жасыл шам» (Зеленая лампа) әдеби-саяси үйірмесі, Франциядағы «Парнас» ақындар ұйымы тағы-тағылар. Әр мектептің, ұйымның ұстанған бағыты, мақсаты бар. Әрқайсысы қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты туып, өз міндеттерін атқарды. Бірінің ғұмыры ұзаққа барды, екіншілері қоғамнан, халықтан қолдау таппай немесе тағы басқа жағдайлармен тарап кетіп жатты.

Ал, нақты ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстарға келетін болсақ, қазақ әдебиеті, одан бұрын жалпы түркі әдебиетінде тарихында Абайға дейін де ондай құбылыстардың болғаны анық. Әл-Фараби сияқты ойшылдардың маңайына топтасқан шәкірттері болған. Ахмет Яссауи ұстазы Арыстан бабты ерекше құрметтеп жырына қосса, кейіннен Яссауидің өзінің сопылық мектебі оның қасына көптеген шәкірттер үйірді. Кейінгі әдебиетте Жамбылдың пірі — Сүйінбай болса, Ақмолла ақынның ұстазы — башқұрттың Маржаниы.  Әрбір ақын ұдайы ұстазының қасында жүрді демесек те, алдындағы ақыннан үлгі алары хақ. Абайдың да нағыз ақындық биікке жетуіне алдымен маңайы, ортасы ықпал етті. Ең алғаш қара өлеңнің уызын өз ауылындағы Байкөкше, көрші Сыбан еліндегі Дулат, Қарқаралыдағы Шөжелерден татты, асыл сөздің маржанын ел ішіндегі би мен шешеннен естіп, кеудесіне тұндырды. Кейін өзі игерген орасан білім мен өнерді елге тарату үшін қасына талантты шәкірттер жинап, тәрбиеледі. Алдындағылардай емес Абайдікі неше өнердің сәулесін шашқан бір қауым өнерлі жасты тәрбиелеген нағыз әдебиеттің мектебі болды. Және ол мектептің қазақ әдебиетіндегі атқарған қызметі орасан, тарихтан алар орны ерекше.

Демек, 1950 жылдары «Абайдың әдеби мектебі» концепциясының зиянды деп танылып, әдебиет тарихынан аластатылуының бір себебі «мектеп» деген ұғымның өзі әр түрлі мағынада қарастырылғандығында да жатыр. Қ.Мұхамедханұлы диссертациясының тақырыбы ғана емес, жалпы «Абай мектебі» деген атау түп-тамырымен өзгертіліп, Абайдың ұстаздық қыры көлегейленді.

Саяси қысымның салдарынан Абайдың шәкірттерінің мұрасын ғылымда қорғауына мүмкіндік ала алмаған Қ.Мұхамедханұлы 1959 жылы диссертациясының атын ғана емес, идеясын өзгертуге тура келді. Абай шәкірттері деген ұғым еріксіз ақынның төңірегіндегі ақындар деп ауыстырылды. 1951 және 1959 жылғы екі диссертацияның құрылымында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Саяси сынның салдарынан кейінгі еңбек біраз қысқарған. Алдыңғысында Турағұлдың аты аталмаса да бірнеше өлеңдері мен аудармаларына шолу жасалса, кейінгі диссертацияда ол жоқ. 1951 жылғы еңбектегі даудың үлкені Көкбай Жанатайұлына, оның «атышулы» «Сабалақ» дастанына байланысты болғандықтан, Абайдың қасында 25 жыл дос болған, талантты ақын Көкбай да кейінгі еңбегіне енбей қалды. Сөйтіп, Шәкәрімсіз, Көкбай мен Турағұлсыз, ал бар ақындардың өзі тек «советтік шеңберге» сыятын шығармалары арқылы танылып, бір сөзбен айтқанда, құйрық-жалы күзеліп, Абай мектебі ғылымда қорғалып шықты. Оның өзінде Қ.Мұхамедханұлының бірбеткей табандылығының, төзімділігінің арқасында. Сөз арасында айта кетуіміз керек, 2005 жылдан бастап шыға бастаған зерттеушінің көп томдық шығармалар жинағына (Алматы: Алаш, 2005) ғалымның 1959 жылғы екінші қорғаған диссертациясы ғана енген. Қайталау делінген бе, 1951 жылғы еңбек жинаққа енбеген, тек Көкбай туралы тарау ғана 1959 жылғыға қосылған. Кеңестік сүзгіге іліне қоймаған, кезінде үлкен айтыс тудырған 1951 жылғы еңбекті де жинаққа кіргізсе, көп томдықтың құны арта түсер еді.

Абай мектебімен қоса М.Әуезовтің 1950 жылы жарияланған «Ақын аға» романы да сынға ұшырап, жарыққа шықпай жатып жөргегінде тұншықты. Абай мектебі тақырыбы «Ақын аға» романының негізгі арқауы болғандығын сол кездегі қырағы цензура қалт жібермеді. «Ақын ағаның» бар кінәсі Абайдың ұстаздық құдіретін паш етіп, ақын шәкірттерінің бейнесін шындыққа жанасымды бейнелеуінде. «Ақын аға» тәркіленгенмен ұлы эпопеяның аяқсыз қалуы М.Әуезов үшін де, қазақ әдебиеті үшін де үлкен қасірет еді. Әуезовке тағы амалдауға, дәлірек айтқанда «соцреализмнің» ыңғайына бойсұнуға тура келді. Кейінгі шыққан «Абай жолының» төртінші кітабында сәтті толықтырулар болды дегенімізбен, «Ақын ағадағы» негізгі идея — Абайдың ақындық мектебі көлегейленді. Мәселен, романға арқау болатын Көкбайдың, Әріптің өлеңдері еріксіз енбей қалды. Әсіресе, Көкбай бейнесі қатты зардап шекті.

Басқасын былай қойғанда Абайдың ең көрнекті ақын шәкірті, әрі туысы Шәкәрімсіз Абай туралы роман жазу – жоқтан бар жасаумен бара-бар еді. Шұбар – Шәкәрім – Дәрмен. Бұл үштік Әуезовтің саяси талапқа қарсы жасаған айласы еді. Көкірегі ояу оқырман Дәрменнен Шәкәрімді тапты. Ал, саяси танымның қажеттілігі үшін Шұбардың прототипі – Шәкәрім. Әуезовке осылай амалдауға тура келді. Өмірде Құнанбай туыстарының ішінде Шұбар деген адамның болғаны да рас. Абай елінің шежірешісі Б.Исабаевтың айтуынша: «Өскенбайдың өр тоқалы Таңшолпаннан Шұбар, Елеусіз, Тілеуберді туады» (Ұлылар мекені. – Новосибирск, 2001). Әйтсе де, Әуезовтің сомдағаны бұл Шұбар емес. Эпопеядағы Шұбар бейнесі – тағы да қайталаймыз, Әуезовтің саясатқа тосқан қалқаны.

Романда Абайдың ақын балалары Мағауия, Ақылбай, Турағұлдардың бейнелері саяси сынның уысынан шыға алмады. Әйгерімнің көңіл күйіне ғана қатысты аты аталып қана қалған омыраудағы екі жасар Турағұлды құбыжық көріп, «кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен, аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі», — деген сорақы сын Турағұлдың атын «Абай жолынан» біржолата сызғызып тастады. Бір сөзбен айтқанда ұлы жазушының дәуірнамалық туындысында ең негізгі тақырыпқа айналатын, айналуға тиіс болған Абайдың ақындық мектебі тоталитарлық жүйенің құрбандығына шалынды. Озық туындыны дүниеге әкелу үшін Әуезов біраз тарихи тұлғалармен қатар Абай шәкірттерін де құрбандыққа шалды. Шәкәрім, Көкбай, Әріп ақындарды кеңестік саясат қажетсінген межеден ғана көрсете алды. Сөйтсе де, жазушы өз шеберлігін саяси сынның қылбұрауына тосқауыл ете білді. Романда Абайдың ақындық мектебі туралы сөз болмағанымен, шығармаға үңілсеңіз ақындық мектеп идеясы бар. Бұдан кеңестік идеологияның Абай мектебіне деген қарсылығы тек ғылыми еңбектерге ғана емес, М.Әуезовтің көркем шығармасына да қаншалықты қасірет әкелгенін байқауға болады…

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

https://aqtobegazeti.kz/?p=78800