Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Игерілмеген білім гранттары оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге бөлінеді

Игерілмеген білім гранттары оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге бөлінеді

Грантты алу үшін құжат тапсырудың қажеті жоқ. Бұл шара электронды жүйе арқылы іске асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, адам араласа алмайды. Бұл туралы Ғылым және білім министрлігі мәлімдеді.

Білім грантының құны кетіп бара жатқандай. Шектік балл жинағандардың бәрі жоғарғы білім алатын болды. Биыл, тіпті, мемлекет бөлген грантқа таласатындай конкурс болған жоқ. Кей мамандықтар бойынша бір гарантқа бір үміткерден келген. «Сондықтан жоғарғы білімнің саны емес, сапасына көңіл бөлетін кез келді», — дейді мамандар. Сапаны көтеру туралы мемлекет басшысы да айтты. Жоғарғы оқу орынын басқарып отырған Бауыржан Ердембеков «түлектердің көбі мамандық таңдай алмайды», — дейді.

Бауыржан Ердембеков, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры:

— Гранттар босап қалып жатыр. Ол мәселеге келген кезде ең алдымен профориентациялық жұмыстардың жүйелі жүргізулі қажет деп ойлаймын. Әсіресе, профориентациялық жұмыстар 11-сыныпқа келген балалармен ғана емес, 8- сыныптан басталу керек. Яғни, 8-сыныпта оқитын балаларды қандай мамандыққа бөлінетінін қарауымыз керек.

Яғни, баланың қабілет-қарымы мектеп қабырғасында қалыптасса, мамандық таңдаудан да жаңылыспайды. Қазір еңбек нарығында белгілі бір мамандық иелері көбейіп кетіп, жұмыс таба алмай жүр. Керісінше, екінші бір мамандық иесі тапшы. Мемлекет бөлген гранттар да солай. Кейбір мамандықты түлектер мүлде таңдамапты. Қазақ баласы ядролық физиканы меңгеруден қашып, заңгер болуды армандайды.

Бауыржан Ердембеков, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры:

— Гранттың сапасы қалай болады деген кезде бізде күдікті ойлар туады. Ол гранттың сапасына келетін болсақ, 60 балмен, 55 балмен оқуға түсіп жатқан студенттер бар. Бұл әрине, университеттің, жоғарғы білімнің сапасына әсер етуі мүмкін. Иә, сапа қалай болады деген күдік бар. Биыл 54 мыңға жуық грант бөлінсе, конкурсқа 64 мыңнан астам талапкер қатысқан. Байқағанымыздай, басым бөлігі оқуға түсті.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

— Бүгінгі таңда бізде жоғарғы оқуға түсуге конкурс жоқ деп айтуға болады. Ендігі сапаны арттыруымыз керек. Мемлекет басшысы да бұл туралы айтты. Кейбір мамандықтар бойынша оқу грантының бағасы 340 мың теңгеден аспайды. Салыстырып айтар болсақ, «Еңбек» бағдарламасы бойынша бір айлық оқу курсы 40-45 мың теңге болады. Ал, университетте оқу одан да арзан болып тұр.

«Білімнің қолжетімді болғаны дұрыс. Алайда, білікті маман дайындау үшін сапаны ұмытпау керек», — дейді министр. Конкурсқа 5800 «Алтын белгі» иегері қатысса, оның 4600-і грант алған. Олардың көбі инженерлік, IT, педагогикалық, жаратылыстану мамандықтарын таңдаған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ербол Дайыров

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bilim-zh-ne-ylym/item/335229-igerilmegen-bilim-granttary-o-u-a-t-se-almaj-al-an-talapkerlerge-b-linedi