Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Айнымайтын Айталы

Айнымайтын Айталы

АЙНЫМАЙТЫН АЙТАЛЫ

Әрбір ғалым мен қаламгердің өзінің азаматтық ұстанымына лайықты, ой-өресі мен мұрат-мүддесінен туындайтын, жүрегіне жақын, өмірлік һәм ғылыми тәжірибесінен өріс алған өз оңтайы болады. Бұл – сүйген тақырыбы мен шығармашылық өрісі тура келсе, жорғалап алға тартатын, кейде биіктеп, кейде қалыпқа түсетін қолына қалам ұстағандардың күнделікті тыныс-тіршілігінің бағыт-бағдары. 

Бүгіндері сексеннің сеңгірін игеріп, торқалы тоқсанға бет бұрған Амангелді Айталының да талмай, табанды қалам тартып келе жатқан, өзге әріптестерінен алыстан атойлап көзге түсетін ерекшелігі, тұрақты нысанасы, сонау 1967 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітіргендегі кандидаттық, 1987 жылы Мәскеуде қорғаған докторлық диссертацияларының тақырыптары – халқымыздың ұлт мәселелері болатын. Мұның өзіндік сыры бар. Патшалық Ресейдің отарында, соның саяси жалғасындай болған кеңестік кезеңде қазақ халқы не көрмеді, нені басынан кешірмеді? Мұстафа Шоқай сөзімен айтқанда, кеңестiк ұлттық саясат «балғасымен» жаншып, «орағымен» орды». Ұлттық мұраттар түгіл, ары қарай өмір сүре ала ма, жоқ тарих қойнауына кете ме деген сұрақтар үлкен әріппен жазылып, сан мәрте Ұлы дала көгіне көтерілгені белгілі. Сондықтан қордаланған да, кейінгі тапқан мәселелеріміз аз емес. Осындай себептен айтар ойларымыздың ащылау болуы да мүмкін. Өйткені бүгінгі қоғамымыздағы аса өткір мәселелердің өзі осы ұлттық мұраттарымызға қатысты.
Азабы мен рақаты жетіп артылатын соқпақты ғылым жолында осылай өзіне ұлт мұратын темірқазықтай айқындап алған Амангелді Айталы 2000 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген алғашқы «Ұлттану» атты іргелі еңбегінен бастап қоғамымыздағы сан түрлі күрделі тақырыптарды қозғаған «Ұлт мұраты: депутат көзқарасы», ­«Байсалды ел байқаусыз қате жібермес», «Қазақты намысы қамшыласын», «Ұлт пен дін – тәуелсіздік арқауы», «Нация и религия – основы независимости», «Дін және діндарлық (Қазіргі әлем мен Қазақстандағы дін және діндарлық мәселелері)» атты еңбектерінің атау­лары мен мазмұндарының алтын арқауы ұлт болмысын айқындайтын ұлттық тіл, ұлттың діні, ұлттық тәрбие, ұлттық мемлекет, ұлттық мәдениет, ұлттық саясат сияқты өзекті мәселелер ғылымдық және танымдық деңгейде қарастырылды.
Біз бүгін ұлтымыздың табиғатын танытатын және алға жетелеуші, оны жаңғыртушы аса күрделі факторлардың ішінен ұлттық тіл, ұлттың діні, ұлттық мемлекет және ұлттық саясатқа қатысты кейбір ортақ ойларымызды ортаға салғанды жөн көріп отырмыз.

ҰЛТТЫҚ ТІЛ – КЕЗ КЕЛГЕН ХАЛЫҚТЫҢ БАСТЫ РУХАНИ КОДЫ

Белгілі бір аумақта тарихи ­қа­лып­тасқан, бірыңғай өмір салты бар, мәдени, психологиялық ерекшеліктерді айқындайтын ұлттық құндылықтың негізі – ұлттық тіл. Тілсіз – ұлт, ұлтсыз – тіл жоқ. Ұлттың сана сезімі, дәстүрі, мінез-құлқы, жалпы рухани болмысы тілдің ерекше­ құдіретімен қалыптасатыны белгілі. Осы орайда неміс философы, оқымыстысы В.Гумбольдтың мына ойын біз де келтіре кетсек: «Ұлттың өзіне тән, іштей данышпан рухы бар, сол рухтың ерекшелігін сыртқа шығарып, сақтап, ұрпақтан ұрпаққа беруші күш – тіл». Сол себепті де ұлттық тіл тұрмыстық өмірде, ғылым мен мәдениетте, қоғамның басқа да салаларында, мемлекеттік жүйеде қолданыла отырып, ұлттың тұтастығын қамтамасыз етеді, оның еркін де ерікті дамуына жол ашады.
Кешегі коммунистік партия Қазақстанды азабы мол капитализмге соқтырмай, бақытты социализмге өткіздік, адамзат қауымдастығында өзгеше жол салдық деп жар салды. Мұндай «әлемдік жаңалық» ең бірінші қазақтың ұлт ретінде де толыққанды қалыптасуына бөгет болып, тіпті өзінің ана тіліне де еркін ие бола алмады. Қазақ КСР-інің құқықтық негізін айқындаған 1937 және 1978 жылдардағы Конституциялардың бірде-бірінде мемлекет құраушы ұлттың тілі туралы бір ауыз сөз жазылмады. Сондықтан КСРО Конституциясындағы мем­лекет­тік мәртебесі бар орыс тілін ұлттық аймақтар басшылыққа алуға, осыны өз ана тіліндей үйренуге, білуге мәжбүр болды. Біздің бақытымызға қарай, Одақ ыдырап, Кеңес Одағының мемлекеттік тілі – орыс тілі туралы Заң жүзеге аспай, желге ұшты. Бүгінгі қазақ қоғамының қазақ және орыс тілді болып екіге бөлінуінің төркіні сонау кеңестік конституцияларда жатыр еді. Бұл жан-жақты ойластырылған орыс­тандыру саясатының өзекті мәселесі болатын.
Сан жылдар езгіде болғанымен өзін құраушы халықтың ұлттық рухы күшті болса, ондай мемлекеттерде мысалы,­ Балтық жағалауындағы Латвия, Эстония, Литвада ұлт мәселесі кеше Одақ ыдырағанда тез де қарқынды шешілді. Ресей ретін тауып­ тиісіп көріп еді, ­артында Еуропа тұрғаннан кейін ештеңе шығара алмайды. Мәскеуде комсомол мектебінде оқып жүргенде осы елдердің жақындау болған жастарынан кейде олардың неге орысша нашар білетіндіктерін сұрап қалғанымызда: «Бізге бұл аса қажет емес. Біз Еуропа тілдерін жақсы білеміз» деп жауап беретін. Әр елдің өз тағдыры бар деген де осы шығар.
Тәуелсіздіктің елімізді өзі тапқаны үшін тағдырға ризамыз. Содан 1995 жылы қабылданған Конституцияның 7-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазуға ие болдық. Рас, мұның өзі үлкен жетістік еді. Алайда 1993 жылғы еліміздің Конституциясындағы «Орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі» деген жетімсіз болды да, жаңа Конституцияның 7-бабының 2-тармағында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген қайшылықты құқықтық норма қабылданды. Бұл кейін алғашқы тармақтағы қағиданы мешел етіп, онсыз да үстем болып келе жатқан орыс тілін іс жүзінде мемлекеттік тілге айналдырып жіберді. Осы Ата Заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның ­7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкiмет, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттiк тiлдi еркiн әрi тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрiн жасауға мiндеттi» деген аса маңызды құқықтық норманы саналы түрде ұмыт қалдырды. Ал Конституцияның 7-бабының 3-тармағында «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» дей салдық. Әсте әңгіме қазақ халқының тілі ­туралы емес. Ал 1997 жылғы Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заң, шынына келгенде, Тілдер туралы заң болатын (Закон Республики Казахстан «О языках в Республике Казахстан» от 11 июля 1997 года). Бұлар аз болғандай, үш тұғырлы тіл деп өзеуреп, балабақшаның төрт-бес ­жасар, өз ана тілінде де еркін сөйлей алмайтын, тіпті білмейтін ұл-қыздарымызға үш тілді үйретіп отырмыз. Осының салдарынан ұл-қыздарымыздың ­басым көпшілігі не қазақша, не орысша, болмаса ағылшынша еркін сөйлей алмай қалды. Міне, осындай жайлардан А.Айталы: «Мұндай отарланған, тілі кесілген қазақ сияқты әлі әлсіз, әлжуаз, өзгеге табынған ұлттардың жұтылып кетуі де қиын емес» деген еді.
Қазіргі қоғамымызда мемлекеттік тілге қажеттілік жасау аса өзекті мәселе болып отыр. Біздіңше, мұның екі жолы бар. Оның бірі – ұлттық рух пен ұлттық намысы оянып, қазақтың өз тіліне ие болуы. Осы орайда: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? ­Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген М.Шоқай өсиетін еске түсіре кетсек, артық болмас. Екіншісі, ежелгі дәстүр бойынша, қазақ – билікті сыйлап келген халық. Сол себепті мемлекеттік билік тармақтары мемлекеттік тілді бас­ты қатынас құралы етсе, бұқара халық қарап қалмас еді. Әрине, мұның бәріне құқықтық негіз керек. Ең болмаса 1997 жылы қабылданған Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы Заңға күрделі құқықтық өзгерістер енгізсек не жан-жақты ойластырып, мемлекеттік тіл туралы заң қабылданып жатса, қоғамда қазақ тілі мемлекеттік мәртебесіне шынайы ие болар еді.Осындай себептермен 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің бір топ ғалымдары, ішінде Әбекең де, мен де бар «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасын ұсынған едік, бірақ та Үкімет оған қолдау көрсетпеген болатын.

ҰЛТТЫҚ ДІН

Амангелді Айталы соңғы кезде жүйелі және тұрақты түрде дін мәселесімен айналысып келеді. Оған жоғарыдағы еңбектері толық дәлел бола алады. Патшалық Ресей қазақтың дінімен тікелей күрескені, Кеңес үкіметі атеизм идеясын алға шығарып, ислам дінін жоюға тырысқаны белгілі. Егер қазақ халқы үш ғасырлық отаршылықтан қинала-қинала аман шықса, осы діннің де үлкен көмегі болды. Сол себептен де Алаш қозғалысы алғашқы сөзді тіл мен діннің еркіндігінен бастауы тегін емес еді.
Еліміздің ең алғашқы құжаттарының бірі – «Қазақ ССР Мемлекеттік егемендігі туралы» ­Декларацияда ­республика территория­сында тұратын азаматтардың діни ­нанымына еркіндік берілгенімен, жаңа мемлекеттің болмысы, саяси ұстанымы айқындалмай тұрып, 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңға келешек қазақ қоғамы үшін қайшылықты нормалар енді. Тәуелсіз мемлекетте ашық қоғам құрамыз ­дегеннен сырттан діндер қаптап кетті. Тіпті дәстүрлі ­ислам дінінің өзі түрлі ағымдарға бөлінді. Осындай себептермен бұл Заңды қайта қарау, болмаса жаңа заң қабылдау жөнінде Парламент Мәжілісінде ­депутат кезімізде бірнеше рет мәселелер көтергеніміз есімізде. Бірақ оны ол кезде тыңдайтын құлақ та, көретін көз де бола қойған жоқ. Ал 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заң жалпы діни ұйымдарды тіркеуге талапты күшейтумен қатар, ханафи бағытындағы ­ислам мен православтық христиан діндерінің халықтың мәдениеті мен ­рухани өміріндегі тарихи рөлін тану турасындағы қағидалар орынды көтерілгенімен, басты мәселелерде қайшы нормаларға жол бердік. Соның екеуін айтпай кетуге болмайды. Біріншісі – Заңның «Мемлекет және дін» атты 3-бабында: «1. Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген» деп жазылғаны. Сонда мемлекет халықтан бөлек құрыла ала ма? Конституциямызда «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген қағидалар жай айтыла салған ба? Дін адамның санасының құрамдас бөлігі, іс әрекетінің, мінез-құлқының да көріністері емес пе? Осындай сансыз сұрақтар қоя беруге болады. Екінші, «Осы заңда пайдаланатын негізгі ұғымдар» деп аталатын 1-бабының 5-тармақшасында «Миссионерлік қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының тіркелген діни бірлестіктерінің атынан Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі» деп, осы кезге дейін талай уақыт сарабынан өткен, тиісті сөздіктерде берілген айқын анықтама белден басылып, «жетілген» анықтама берілді. Сөйтіп, 1992 жылғы Заңда: «миссионерлік қызмет – өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын діни бірлестіктердің жарғылық ережелерінде жоқ діни сенімді діни ағартушылық қызмет арқылы уағыздау және тарату» деген құқықтық норма жүз сексен градусқа өзгерді, «байытылды». Енді өзге дінді уағыздауды кез келген адам жүргізе береді. Сонда Қазақстан кім болса, соның, қандай дін болса, соны уағыздай беретін елге айналғаны ма?
Қоғамды демократияландырамыз деген қуанышпен шетелдік діни ұйымдарды еркінсітіп жіберу 1995 жылғы Конституциядан басталды. Оның 5-бабының 5-тармағында былай деп жазылған: «Шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы Респуб­ликаның тиісті мемлекеттік органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылады». Мұндай норманы ТМД елдерінің бірде-бірінің Конституцияларынан кездестіре алмадық.
Елімізде діни ахуал күрделене түспесе, оңала қойған жоқ. Мына мәліметтерге көңіл бөлейікші. Биылғы жылдың бірінші тоқсанына елімізде 18 конфессияның 3738 діни ұйымы тіркелген. Елімізде мұсылмандардың саны 70 пайыздан кем болмай отырғанда, оның 2611 діни ұйымы бар. Ал 591 діни ұйымы бар протес­танттар халқымыздың неше пайызын құрайды? 2017 жылғы 1 қаңтарда ресми тіркелген 370 миссионер екі жылда 553-ке өсіп, оның 430-ы шетелдіктер де, 123-і Қазақстан азаматтары. Осылай миссио­нерлер қатары қарқынды дамуда. Ойланып қарасақ, Амангелді Айталының: «Қазақстан діндердің полигонына айналып барады» деуі негізсіз емес.

ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ

Қазіргі қазақ тіліміз бен дәстүрлі ислам дініміздегі жағдай мемлекеттің ұлттық сипатынан туындап отыр. Қазақ мемлекеттігінің даму үдерісі отаршылдық езгі мен социалистік ­заман орнауымен үзіліп қалғаны белгілі. Сол себепті Алаш қозғалысының негізгі идеясы еркіндік пен дамудың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Мұны ерте түсінген Алаш көсемдері мұндай мемлекет дегенде қазақтың тарихи, ұлттық ерекшеліктерін сақтай және сана-сезімін оята отырып, ортағасырлық әлеуметтік-экономикалық мешеу­ліктен алып шығатын батыстық бур­жуазиялық жолды таңдағаны белгілі.
Ең негізгісі, біз өз қадірін өзі білетін, ғасырлар тарихы бар ежелгі халық екенімізді толық сезіне алмай, ұлттық тарихымызға жеткілікті көңіл бөлмей келеміз. Бұған мынандай ­мысалдар келтіре кетсек, артық болмас. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, халыққа берген уәдесін толық орындаған, қазақтың нағыз саяси да рухани көсемі болған Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толып, оны ЮНЕСКО атап өту жөнінде қаулы қабылдағанда «біздің оны өткізуге қаржымыз жоқ» дегенге не айтуға боларын өздеріңіз білерсіздер. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жүз жылдығын да жетім баланың тойындай еттік. Ұлы ханымыз Абылайдың 300 жылдығын облыстық конференциямен шектедік.
Бүгінгі қоғамымызда таңдамай, тал­ғамай Батысқа табыну фактілері белгілі дәрежеде ұлттық болмысымыздың күңгірт тартуына алып келіп отыр. Ресми қолданыстарда «көп ұлтты Қазақстан», «Қазақстан халқы» деп мемлекет құраушы қазақ халқын, оның ұлттық идеясын да, идеологиясын да жеткілікті мойындай бермеушілік – осы ұлттық мемлекеттігіміздің жетіле қоймауынан туындаған ұлтсыздық сананың көріністері. А.Айталының өз еңбектерінің бірін «Қазақты намысы қамшыласын» деуі тегіннен-тегін емес.
Өркениетті елдер тәжірибесі алдымен мемлекет құраушы ұлттың мұратын шешеді, идеясын жүзеге асыру үшін күреседі. Біздің кейбір академиктеріміз ұлт мүддесі дегенді қояйық, ел мүддесі деп сөйлейік дейді. Мемлекет құраушы ұлттың мүддесі шешілмей елдегі басқа этнос өкілдерінің мүддесі шешіле қоймайтынын ескергісі келмейді. Сол себептен де мемлекетіміздің алғашқы құжаттары – Егемендік ­туралы декларация мен Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңда атап көрсетілгендей, ұлттық мемлекеттілікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданылады деген аса мәнді қағиданы шынайы жүзеге асыру қажет. Міне, осындай жағдайда ғана әлемнің өркениетті мемлекеттерінің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, ұлттық мәселе мемлекеттік деңгейде шешіліп, «бір мемлекет – бір ұлт» деген идеяны асқақ ұстай аламыз. Осылай ұлт мәселесінің майталман тамыршысы Амангелді Айталының: «Қазақ Арал апаты сияқты мәдени апатқа ұшыраған ұлт» дегенінен құтыла аламыз.

ҰЛТТЫҚ САЯСАТ

Қоғамның саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани саласын, қоғамдағы ұлтаралық қатынастар т.б. толып жатқан ұлт өмірі мен тағдыры ұлттық саясатпен тікелей байланыс­ты. Тарихи қалыптасқан дәстүрлерге және рухани құндылықтарға сүйенген ұлттық саясаттың арқасында ғана ұлттық жаңару, саяси белсенділік, әлеуметтік түлеу нәтижелі болады. Бұл үшін, ең бірінші, халық санасынан отарлаушылықтың терең тамырларын жою қажет. Сонда өзіңді Ұлы дала төсінде ғасырлар жасаған, «мың өліп, мың тірілген» қайсар ұлттың өкілі ретінде сезіну күшейе түсер еді.
Ұлттық саясат тікелей мемлекетті басқару нысанына да қатысты. Алаш көсемдері мемлекетті басқарудың парламенттік-президенттік түрін жайдан-жай ұсынған жоқ еді. Бүгінгі посткеңестік кеңістікте, әсіресе әлемдік саяси өркениеттен кенже қалған Орта Азиядағы президенттік басқару мемлекеттіліктің, демокра­тиялық үрдістің кепілі, әділ биліктің үлгісі бола алып отыр ма? Мұның ­басты себебі соншалықты биік мәртебе бар президенттік институттың ел, халық алдындағы жауапкершілігі сол деңгейге сәйкес болмай келеді. Қоғамдағы оппозициялық топтармен, қозғалыстармен жүйелі, өркениетті жұмыс жасай алмау, дереу өктемдікке басу көбіне қайшылықты жағдайларға әкеліп отыр. Жұртшылықты да өркениетті қозғалыстарға үйретіп, саяси санасын көтере түсуге мемлекет тарапынан әсерлі ықпал да қажет екенін өмір көрсетіп отыр. Осы мағынада жаңа құрылып жатқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен халықтың күтері мол. Президенттердің қолдаушылары да, қорғаушылары, ­сынаушылары да, ақылшылары да болғаны жөн деген ғалым пікірі негізсіз емес. Сонау орта ғасырда әз Тәукенің Билер мен Хан кеңесін құруы жайдан-жай емес еді ғой. Өйткені жалпы жеке билік еш уақытта тиісті нәтиже бермеген, қоғамды, тіпті мемлекетті мешел күйге түсіріп отырған. Бұған кешегі әлемді билеуге ұмтылған кеңестік қоғам тағдыры толық дәлел бола алады.
Түйіндей айтқанда, қоғамымыздың тоталитарлық жүйеден біртіндеп демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті орнық­тыруға бет бұруы бүгінгі тәуелсіздік талаптарына жауап беруі қажет. Елдегі партиялардың саяси тұрғыда жетілмеуі, көп партиялылықтың әзірше сөз жүзінде ғана болуы, қоғамдағы ­де­мокра­тиялық алғышарттардың әлі әлсіздігі бізді осындай ойға жетелейді. Партиялардың көбісінің ұзақ ұйқыда болып, тек саяси науқан кезінде бастарын көтеретінін биылғы өткен Президент сайлауы тағы да көрсетіп берді.
Тәуелсіздік алған қазақ ұлтының еркіндік пен бостандыққа толыққанды ие болуы үшін, Тәуелсіздік талаптарына сәйкес халқымыздың экономикалық, әлеуметтік, демогра­фиялық, рухани­ жаңаруын қамтамасыз ететін, ең бірінші мемлекет құраушы ұлттың мүдделерін ескеретін, есепке алатын және жүзеге асыратын, ұлттар мен этникалық топтар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған мемлекетіміздің Ұлттық саясаты тұжырымдамасы қабылданып жатса, әсте артық болмас еді. Мұндай тұжырымдама Ресей Федерациясында осыдан он үш жыл бұрын қабылданған болатын. Осы сәтте А.Айталының «Дәрігердің ағзаның жансызданған жерін жандандыратыны сияқты, ұлтымыздың жансызданған бөлігін жандандыру (реанимация) шараларын қолға алу қажет» дегенін тілге тиек ете кетсек артық бола қоймас.

ТӘУЕЛСІЗДІК  ЖӘНЕ ҰЛТ МҰРАТЫ

Біз сыртқы саясатта ғана тәуел­сіздікке, нақтылай айтқанда, ­Мәс­кеудің тікелей басқаруынан босанып, өз тізгінімізге өзіміз ие болдық. Ал халық тәуелсіздікке жеткен жоқ, қоғамда тәуелсіз сана әзір қалыптаса алмай отыр. Бұған еліміздегі соңғы кездегі болып жатқан саяси оқиғалар куә.Қазақстан үшін, оның ішінде қазақ үшін ілгері қарқынды жылжу да, тәуелсіздікті тұғырлы ету де рухани тәуелсіздікті ауадай қажет етеді. Ең бірінші құлдық психологиядан арылу үшін тиісті құқықтық әрекеттер жасалуы керек. Сонда ғана ұлттық қасиеттер нығайып, ұлттық сана-сезім тереңдеп, өзіңді Ұлы дала төсінде ғасырлар жасаған, «мың өліп, мың тірілген» қайсар ұлттың өкілі ретінде сезіну күшейе түсер еді.
Ұлт мұратының табиғаты – аса күрделі, жан-жақты тарихи және саяси-әлеуметтік құбылыс. Сол себепті оның мәні мен маңызын түсіну тәуелсіз мемлекет құрып отырған біздің еліміз үшін аса өзекті дер едік. Өйткені, ең бастысы, өзін-өзі толық таныған, өзінің бар рухани күшін, саяси белсенділігін басты мақсатқа бағыттай алған ұлт қана мұратына жете алады. Онсыз ұлт мәселесінің майталман тамыршысы Амангелді Айталының: «Қазақ Арал апаты сияқты мәдени апатқа ұшыраған ұлт» дегенімен келіспеске амал жоқ.
Мемлекеттің ұлттық сипатының айқын болуы халқымыздың шынайы ұлтшылдығына, ұлттық намысының биіктігіне, қоғам алдындағы міндетті жоғары түсінуіне, ата-бабаның ежелден келе жатқан жарасымды салт-дәстүріне адалдыққа, тәуелсіздік идеяларына болаттай беріктікке жетелейді. Атамзаманнан мемлекеттің иесі – халық, билік басындағылар – халықтың сенім білдірген өкілдері екенін терең түсінуге мүмкіндік береді. Мұны әркез биліктің басы-қасында жүрген шенеуніктер де тереңірек ұғынып жатса, артық болмас еді. Әсілі, біздің ұлтқа ұлтшылдық жетпей жатыр.
Қазір ұлт мәселесіне қалам тартып жүрген ғалым, зерттеушілер көп деп айта алмаймын. Біз де солардың біреуіміз. Алайда Амангелді Айталының бұл мәселеде өз стилі, өзіндік ерекшелігі бар. Шындықты қаншалықты ашық айтса да, майдан қыл тартқандай шеберлікпен айтады, нәзік жазады. Осы ұстанымынан Әбекеңнің азаматтық бейнесі де, ұлтын сүйер шынайы ұлтшылдығы да айқын көрінеді.
Осы жолдарды жазып отырғанда, осыдан жиырма шақты жыл бұрынғы Мәжілістегі кезіміз еріксіз еске түсіп кетті. Алдымызда Шерағамыз бар, ­Фариза барлығымыз мәселе ұлт мұратына, тіл, дінге байланысты бола қойса, үндеріміз бірге шығатын еді. Бірде Мәжілісте «Неке және отбасы­ туралы» Заң жобасы қаралғанда шетелдіктердің бала асырап алуларын қолдамай, үзіліс кезінде Шераға бастап журналис­терге арнайы сұхбат бердік. Біз бұл шараға қарсы екенімізді дәлелдеп, тіпті күндердің күнінде шет елге жіберген баламыз «маған осында келуге кім рұқсат берді екен?» деп, атымызға лағынет айтып, «туған топырағымда жатқанымның өзі бақыт еді ғой» десе, оған кім жауап береді дегенге шейін бардық.
Сөз соңында, сонау 1996 жылғы Мәжілістегі депутаттық қызмет табыстырған, әлі де ортақ ойлар көбеймесе, азая қоймаған, кездессек сырласа кететін, әркез ұлттық мұратты ұлықтап жүретін, адами қарым-қатынасқа да адал ғалым ­досыма алда да отбасының аман болуына ыстық ықыласымызды білдіріп, өзіне шығармашылық табыстар тілегеннен басқа не айтамын.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы, 
профессор

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=54060