Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет ректоры Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға қатысты

Университет ректоры Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға қатысты

Бүгін облыс әкімдігінде Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен кеңейтілген актив жұмысына қатысты. Оған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов және мемлекеттік мекемелер басшылары, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдері, еңбек ардагерлері, БАҚ, үкіметтік емес, этномәдени ұйымдар өкілдері мен жетекшілері, ақпараттық топ мүшелері қатысты.    Күн тәртібінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау.

Мінберде сөз алған университет ректоры Бауыржан Ердембеков өз сөзінде Президенттің бастамаларын толығымен қолдайтынын атап өтті. Ол тыңдаушылардың назарын жоғары білім саласына қатысты мәселелер университетте белсенді түрде жүзеге асырылып жатқандығына аударды. Ректор Мемлекет басшысының ерекше қажеттіліктері бар адамдарға тең мүмкіндіктер жасау қажеттілігі туралы айтқан пікірлерін қолдай отырып, университеттегі «Зерек» балаларды дамыту орталығында педагогика факультетінің студенттері  сөйлеу кемістігі бар балалар тобымен де айналысатынын баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы ауылдағы және ауылдық мектептердің дамуына серпін беретін «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды арттыру туралы айтады. Сонымен, қатар университет басшысы жиын қатысушыларына университетте жаңа дуальды білім беру бағдарламаларын (математика-информатика, математика-физика, физика-информатика, химия-биология, тарих-дінтану, география-тарих) енгізу туралы хабарлады, олар пән мұғалімдері мен мамандықтарының жетіспеушілігін толтырады. «Қазақ, орыс тілдері мен әдебиеті» және «Орыс филологиясы» орыс тілінің жетіспейтін мұғалімдерін дайындайды. Мұндай дипломы бар мамандар шалғайдағы ауылдардағы шағын мектептерде сабақ бере алады.

Басқосуда ректор Бауыржан Ердембеков кәсіби бағдар беру мәселелеріне тоқталды. «Маман дайындауда нарықпен байланыстың аздығын мойындауымыз керек. Кәсіби бағдар беру жұмысын жаңа бағытқа бұру туралы мәселені, кеше ғана өткен тамыз конференциясында тілге тиек еткен болатынбыз. Мамандық таңдауда ата-анамен қоса мектептегі пән мұғалімдерінің де рөлін күшейту керекпіз. 8 және 9 сыныптардан бастап баланы икемі бар мамандығына жетелесек, Қазақстанда 21 мыңға жуық жеткіншек жұмыссыздар санын толықтырмас еді», — деді ректор. Жұбанов университетінің базасында біліктілікті арттыру және мансап орталығы ашылды, ол бес республикалық орталықтың ішінде түлектерге жұмыс табуға көмектеседі.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта қазақ тілінің рөлін күшейту туралы жариялаған болатын. Осы орайда университет басшысы Жұбанов университетіндегі  «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы ғылыми-техникалық тілді дамыту аясында бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатқандығын, қазақ тілінің технократтық парадигмасын анықтап, мәтіндерді жаңа технологиялық процесте дамытып жатқандығын атап өтті.

Сондай-ақ, жиында Бауыржан Ердембеков Абайдың мерейтойын атап өту туралы тілге тиек етіп, Абай мерейтойына орай облыстық деңгейде «Ақтөбеден – Абайға» атты ауқымы кең экспедициясын ұйымдастыру ұсынысын жеткізді.

Актив жұмысы барысында депутаттар, білім беру, денсаулық сақтау, құқық тәртібі және тағы да басқа  ұйымдар өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.