Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 90 пайыздан асты

Мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 90 пайыздан асты

5 қыркүйек- қазақстан халқы тілдері күні. Міне, биыл екінші жыл қазақстандықтар алаш арысы, қазақ әліпбиінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген күні қос мерекені бірге тойлап келеді. Айтулы датаға орай, бүгін «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында  облыс әкімі Оңдасын Оразалин, өңірдегі тіл жанашырлары және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», — деген Ахмет Байтұрсынұлы. Ана тілдің тағдырына алаңдаған алаш арысының туған күнінде тіл жанашырлары дөңгелек үстел басына жиылып, мемлекеттік тілдің бодандықта болған өткенін, бүгінгі ахуалын, һәм болашағын бағамдады. Мамандардың айтуынша, қазіргі әлеуеті әлдеқайда жақсы. Облыс тұрғындарының  90 пайызы ана тілде еркін сөйлейді. Құжаттардың 98 пайызы мемлекеттік тілде толтырылады. Жас буынға мемлекетік тілді үйретудің ең ұтымды табиғи  әдісі-бұл білім жүйесі дейді мамандар. Соңғы жылдары облыста қазақ балаларымен бірге  бір партада отырған өзге ұлт өкілдерінің ұландары да аз емес. Шұрайлы қазақ тілін үйренуге шетелдіктердің де ынтасы жоғары. Мәселен,  қашықтықтан оқу жүйесі сайтының картасында АҚШ, Ресей, Қытай, Монголия, Иран, Перу, Филиппин елдерінің азаматтарының  қатысуы соған дәлел. Дегенмен, жетістікпен бірге кемші дүниелер де жоқ емес.Философия ғылымдарының докторы  Амангелді Айталының айтуынша, отарлау саясатының салдарынан бүгінде дүниежүзінің  жүздеген елі өзінің туған тілін білмейді. Мысалы, әлемнің 114 елі ағылшын тілінде сөйлейді.  26 елдің мемлекеттік тілі-испан тілі. Ал француз тілі 24 елде қолданылады. Өкінішке қарай, біз де солардың бөркін киіп жүрміз,- дейді профессор. Амангелді Айталы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін ел халқын мемлекет тілін меңгеруге міндеттеу керек деп санайды. Күні кеше Президент өзінің жолдауында мемлекеттік тілдің рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келетінін айтты. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы тілдерді дамыту басқармасына мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыру мақсатында, интернет-ресурстарды толық қамтуды тапсырды. Сыртқы жарналамар мен қоғамдық орындарда мемлекеттік тілдің жүйелі қолданылуын реттеуді міндеттеді. Қолданыстағы халықаралық терминдерді аударып әуре болғанша, өзіміздің әдеби, бай тіліміздің қолданысын арттыру қажет деді Оңдасын Оразалин.  Жиынға қатысушыларға  Ақтөбе өңірінің даңқты перзенті, қазақ тілінің майталманы Рабиға Сыздық онлан түрде бейнеқұттықтауын жолдады. Келелі кеңес соңы салтанатты марапаттау кешіне ұласты.  Мерекеге орай қазақ тілінің мерейін өсіріп, оның дамуына үлес қосып жүрген бір топ ақтөбелікке облыс әкімінің алғыс хаты мен 100 мың теңгелік сертификаты табыс етілді.

 

Гүлдана Абайқызы

http://aktobetv.kz/kz/news/society/memlekettik-tildi-mengergenderdin-ulesi-90-paiyzdan-asty