Пятница, Октябрь 18, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Тіл тұғыры қайтсе төмендемейді?

Тіл тұғыры қайтсе төмендемейді?

5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күні.  Бұл күн — қазақ әліпбиінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Елімізде екі жылдан бері  дәл осы күні мереке тойланып келеді. Осыған орай Nur Otan партиясының мәжіліс залында «Тілім менің — баға жетпес байлығым» тақырыбында шара өтті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі тіл жанашырлары және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, дөңгелек үстел өткізді.

Жиынды ашып, жүргізген облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биыл облыста мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі 90 пайыздан асқан. Тілдерді оқыту орталығы арқылы 1303 адам, жексенбілік мектептер арқылы 100 адам қазақ тілін үйретумен қамтылған. Мемлекеттік органдардың құжатайналымының мемлекеттік тілдегі үлесі — 98 пайыз.

Шара барысында жиынға қатысушылар қазақ тілінің маңыздылығына байланысты өз пікірлерін білдірді.

— 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Содан бергі 30 жылда біраз шаруалар тындырылды. Ең қуанарлығы, қазақ балалары қазақ тілінде білім алатын жағдайға жетті. Мұның үлесі 80 пайыздан асты, — деді Қ.Жұбанов атындағы философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы. Дегенмен, проблемалар әлі де көп. Оларды бірден шешу қиын.

Мұның ішкі және сыртқы жағдайлары бар. Біз отарланған ұлтпыз. Ресей отарында болдық. Соның салдары әлі де тиіп жатыр.  Жалпы, мемлекет егемендік алып, бөлек ел болғаннан кейін тілдік мәселені толық шешу қиынға түседі. Өйткені отарлаған ұлт отарланған елді әруақытта өзінің уысында, өзінің ықпалында ұстағысы келеді. Отарлау саясатының салдарынан бүгінде дүниежүзінің  жүздеген елі өзінің туған тілін білмейді. Біздің тілімізге де осы отарлаудың салқыны тиді. Бұл — бірінші фактор, — деді Амангелді Айталы. Оның айтуынша, әлемнің 114 елі ағылшын тілінде сөйлейді.  26 елдің мемлекеттік тілі — испан тілі. Ал француз тілі — 24 елдің мемлекеттік тілі.

  • Екінші себеп — демографиялық фактор. Қазақтың намысшылдығы, ұлтжандылығы өзге ұлттан кем емес. Көпшілік тілдік мәселеде өзбектерді мықты санайды.  Дегенмен, Кеңес өкіметінің тұсында Өзбекстан халқының басым бөлігі өзбектер болған еді. Ал біздегі ахуал бөлек болды. 1969 жылғы халық санағында Қазақстанда 30 пайызға жуық қана қазақтар мекендеді.  Бұл — үлкен мәселе, — деді профессор.

Оның пікірінше, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін ел халқын қазақ тілін меңгертуге міндеттеу керек.

  • Тілімізге сұраныс туғыза алмай жатырмыз. Тіл де тауар. Егер осы тілмен нан тауып жесе, қажеттілігі болса, өзге ұлт өкілдері тілді үйренереді. Сол қажеттілікті туғызатын кез келе жатқан сияқты.

Біздің еліміздегі диаспоралар мен этномәдени орталықтағыларға «өздеріңнің тілдеріңді біліңдер, өз тілдеріңді ұмытпаңдар» дейміз де, оларға қазақ тілін меңгеруді міндеттемейміз. Меніңше, оларға қазақ тілін үйренуді міндеттейтін уақыт келген сияқты. Үлкен мінберлерге шығып алып: «Біз қазаққа қарыздармыз. Біз қазақ халқын сыйлаймыз» деген мазмұндағы сөздер айтудыңмаңызы аз. «Қазақ тілін білгендерің — қазақты сыйлағандарың» деп айта алатын жағдайға келдік. Сол кезде қазақ тіліне шынайы бетбұрыс болады, — деп қорытындылады сөзін Амангелді Айталы.

Мамандардың айтуынша, жастарға мемлекеттік тілді үйретудің ең ұтымды табиғи  әдісі — білім саласы. Біздің облыста соңғы жылдары қазақ мектептеріне, қазақ сыныптарына баратын өзге ұлт өкілдерінің үлесі артыпты.

Шарада қазақ мектебінде оқитын Егор Герц, «Оксана» украиндар этномәдени бірлестігінің мүшесі, 8-сынып оқушы Сабина Чернова, сондай-ақ №1 Мәртөк орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Артем Райзихтар сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы әңгімеледі. Қазақ тілін жетік білетін корей азаматы, Ақтөбе қаласындағы Седжонг хан атындағы корей тілі орталығының директоры Шимон Сон қазақ тіліне деген қызығушылығының жоғары екенін айтты.

  • Маған қазақ тілін үйрену еш қиындық тудырған жоқ. Қазақ тілі— өте бай тіл, өте көркем тіл. Қазір мен жұмыста да, тойға барсам да қазақ тілінде сөйлеймін. Қазақстанда тұрып мемлекеттік тілді білмеу ұят деп есептеймін. Қазақ тілін білу парызым деп санаймын, — деді ол.

Айта кету керек, жиынғақатысушыларға  Ақтөбе өңірінің даңқты перзенті Рабиға Сыздықова онлайн түрінде лебізін білдірді.

  • Қазақ тілін құрметтеп, көңіл аударып, соған қалың жұртшылықтың назарын аударту — ең маңызды жұмыс. Сол жұмысқа ұйытқы болған облыс әкімі Оңдасын Оразалинге үлкен ризашылығымды білдіремін, — деді Рабиға Сыздық.

Жиынды облыс әкімі Оңдасын Оразалин қорытындылады.

  • Күні кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілінің мәртебесіне айрықша тоқталған еді. Ол өз сөзінде қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бірінші кезекті басымдықтарға жататынын атап өтті, — деді облыс басшысы.

Ол облыстық тілдерді дамыту басқармасына мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыру мақсатында, интернет-ресурстарды толық қамтуды тапсырды. Сыртқы жарналамар мен қоғамдық орындарда мемлекеттік тілдің жүйелі қолданылуын реттеуді міндеттеді.

  • Біздің алдымызда бірқатар міндеттер тұр. Қазір кез келген адам ақпаратты ғаламтордан іздейді. Осыған байланысты  облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыру мақсатында, интернет-ресурстарды толық қамтуы тиіс. Онлайн оқу құралдарын, ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану  арқылы   насихаттау шараларын  қолға алуы қажет.   Фейсбукте тұрғындардың 99 пайызы сауалдарын, ұсыныстарын қазақ тілінде жазады. Мемлекеттік және мемлекеттік емес сектор өкілдеріне  мемлекеттік тілді кәсіби-бағдарлы оқытудың сапасына көңіл бөлу қажет. Жазбаша және сөйлеу мәдениетін дамытуда тілдерді оқыту орталығының әлеуетін арттыру да өзекті.

Латын графикасына көшу — бұл біздің өркениетті таңдауымыз. Ендігі уақытта басты міндет — реформаны жүзеге асырудың сапалық жағы. Латын графикалы жаңа әліпби негізінде қазақ тілінің кеңістігін дамыту — басты  мақсатымыз.  Көрнекі ақпарат құралдарын, сыртқы жарнамаларды, ономастикалық кеңістікті жаңа әліпби негізінде реттеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуі тиіс. Саяси-идеологиялық тұрғыдан ескірген ономастикалық атаулардың тарихи нұсқаларын қалпына келтіру мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жетілдіру қажет. Атау беру, қайта атау ісінде де бірізділікті сақтау  шараларын алу керек. Түрлі санаттағы тұтынушыларға арналған жаңа әліпби және емле ережелерінің негізіндегі сөздіктердің, сөз мәдениеті бойынша анықтағыштардың сапасын арттыру міндеті де назарда болуы тиіс. Осыған орай практикалық құралдарды әзірлеу арқылы латын графикасын қолданатын жазбаша коммуникацияға қатысушылардың үлесін арттыру міндеттері тұр, — деді Оңдасын Оразалин.

Ол қолданыстағы халықаралық терминдерді аударып әуре болғанша, өзіміздің тіліміздің қолданысын арттыру қажеттігін айтты.

  • Халықаралық терминдерді аударып, әуре болғанша, өзіміздің тілдік қоры мол ана тіліміздің қолданыс аясын арттыруымыз қажет. Жапонияға барғанымда бір қағазда иероглифтердің арасында ағылшын тілінде жазылған сөздерді көріп, сол қағазды ұсынған жапон азаматынан: «Жапон тілінің тілдік аясы жетпеді ме, мұнда ағылшын тіліндегі сөздер біраз екен» дедім. Әлгі кісі: «Мың жылдық тарихы бар тіліміз бар. Онымен мақтанамыз. Бірақ бұл жердегі басты мәселе: сізге тауарды өткізуде ме, әлде сізге жапон тілін үйрету ме?» деді. Оның сөзінің жаны бар. Расында, одан жапон тілі зардап шекпейді.

Жалпы жұртшылыққа белгілі халықаралық терминдерді аударғансып жүреміз. Көшедегі кез келген адам «әуежай қайда?» десе, бірден жауап бере алмасы, тіпті кейбіреулердің әуежай сөзін түсінбесі  анық. Ал «Аэропорт қайда?» десеңіз, кез келгені бағытты көрсетіп жібереді. Сол себептен бұл жерде де асыра сілтеушілік болмауы тиіс, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң мерекеге орай мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, оның дамуына өзіндік үлес қосқан бір топ азаматқа, мекеме ұйымдарына  облыс әкімінің Алғыс хаты мен ақшалай сыйлық сертификаттары табыс етілді.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=79109