Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > Жаңалықтар > Факультеттерде «Жас педагог» мектептері өз жұмыстарын бастады

Факультеттерде «Жас педагог» мектептері өз жұмыстарын бастады

Жұбанов Университетінде «Қосымша білім беру» орталығы және факультеттердің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінен бастап «Жас педагог» мектептері жаңадан құрылып, жұмыстарын бастады. «Жас педагог» мектептерін құрудағы мақсат — университеттің әдістемелік жүйесінің «Білім сапасын арттыру» бағдарламасы бойынша жүргізілетін жұмыстарына 1,2-курс студенттерін өз беттерінше ізденіп, кәсіби біліктілік дағдыларын қалыптастырып, дамытуға жұмылдыру.

Аталмыш мектепті алғаш болып университетіміздің шетел тілдері факультеті деканы Досым Байдрахманов бастауымен факультет оқытушылары қолға алып, құрамы 17 студенттен тұратын мектепті құрды. Жаңа мектептің жетекшісі факультеттің 2-курс студенті Жәкен Нұркен өздеріне жүктелген алғашқы тапсырмаларын орындауға кірісіп те кетті. Мектептің тәлімгерлері боп  ағылшын және неміс тілдері кафедраларының аға оқытушылары Ә.А.Уәйіс пен А.Т.Трушева белгіленді.

«Қосымша білім беру» орталығының жетекшісі А.Кенжеғұлова студенттерге болашақ мұғалім құзыреттілігі, педагогтің кәсіби стандарты және білім сапасын арттыру бағдарламасы туралы ауқымды мағлұмат беріп, «Жас педагог» мектебінің биылғы жұмыс жоспарымен таныстырды.

Кездесу кезінде 1-курс студенттері өз өнерлерін ортаға салды.