Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жас жұбановшылармен кездесті

Жас жұбановшылармен кездесті

Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков  оқу орнының табалдырығын жаңадан аттаған жас жұбановшылармен кездесті. Бүгінгі кездесуге физика-математика, педагогика, тарих және кәсіби-шығармашылық  факультеттерінің 900-ге жуық 1- курс студенттері қатысты.

Алдымен Бауыржан Аманкелдіұлы  студенттерге ғылым жолына қалай келгенін баяндады.  «Өзім мектепте «орташа» бағаға оқып, кейін таңадаған мамандығыма оқуға түсіп,  университеттің үздік студенті болдым. 24 жасымда декан қызметін атқардым.  Филология ғылымдарының докторы, профессоры ғылыми  дәрежесін қорғадым» , — деді ректор.

Басқосу барысында университет басшысы жиналғандарға бірегей білім ордасының қызметімен де жан-жақты таныстырып, атқарылып жатқан іс-шаралары туралы айтты.

Алғаш рет Қыздар педагогикалық институты болып іргесі қаланған оқу орнының тек  аймаққа емес, республика бойынша сапалы кадр дайындауда қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті. «Ең біріншіден, баршаңызға еліміздегі Батыс аймағындағы іргелі оқу орны Жұбанов университетін таңдағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін! 85 жылдық тарихы бар білім мен ғылым ордасы талай жастың талабын шыңдады.  Міне, Жұбанов университеті қабырғасында Сіздер үшін өмірдің жаңа парақтары ашылғалы отыр. Оқу орнында алған білімдеріңізді мемлекетіміздің дамуы жолында жұмсап, зерек те зейінді, білгір де білікті болатындарыңызға сенімдімін! Сол үкілеген сенімді ақтаңыздар», – деді, Бауыржан Аманкелдіұлы.

Кездесуде оқу орнының басшысы  студенттерге Стартап академиясы мен Кәсіби даму және мансап орталығының жұмысы, Польша, Түркия, Корея және Қытай университеттерінде қос дипломды білім беру және оқыту мүмкіндіктері туралы,  университеттегі тіл орталықтарының жұмысы туралы баяндады. Сонымен қатар университеттің үздік студенттеріне қолдау көрсететінін айтып, арнайы стипендиялар мен гранттар туралы тілге тиек етті. Университет ректоры цифрландыру процесі туралы да сөз қозғап,   студенттерге ыңғайлы болу үшін жақын арада іске қосылатын Smart ARSU мобильді қосымшасы туралы әңгімеледі.  Кездесуде университет басшысы студенттерге оқу орнының ішкі тәртібі мен негізгі ережелерін түсіндіре отырып, университет қабырғасында және одан тыс жерде қоғамдық тәртіп сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ректор сөз арасында кейде конфликтік жағдайларға себепкер болатын діни көзқарас мәселелеріне де тоқталды. Жастардың арандатушы пиғылдарға бой алдырмауларын, түсініксіз сұрақтарға жауап іздегенде әрдайым сақ болу керектігін, әлеуметтік желілердегі ақпарат ағынын сұрыптай ала білуді түсіндірді. Жиында жатақханадан орын беру, онда ережелер мен ішкі ережелерді сақтау, тәртіп мәселелері назардан тыс қалған жоқ.

«Сіздер үшін өмірдің жаңа деңгейі басталды. Ең алдымен тәртіп пен жауапкершілікке назар аударыңыздар. Оқуда ғана емес, ғылыми-зерттеу, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жан-жақты болуға ұмтылыңыздар», − деді Бауыржан Ердембеков.

Айта кетейік, университет басшысының басқа факультеттердің 1- курс студенттерімен кездесуі 12 және 13 қыркүйекке жоспарланған. Сонымен қатар, 10-23 қыркүйек аралығында 1-2 курс студенттері үшін университетте экскурсиялар өткізіліп, олар Инновациялық технологиялар паркінің, Стартап академиясының, түрлі зертханалардың, мұражайдың және университеттің басқа да маңызды нысандар жұмысымен танысады.