Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кезекті жиын жас мамандарға арналды

Кезекті жиын жас мамандарға арналды

Бүгін Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков университетке жұмысқа қабылданған жас мамандармен дәстүрлі кездесуін өткізді. Биыл университет басшысы үшінші жыл қатарынан жас мамандармен кездесу өткізіп отыр.

Кездесу барысында ректор Бауыржан Ердембеков: «Биылғы жаңа оқу жылында 77 жас маман жұмысқа қабылданып отыр. Университеттің негізгі бағыты — жас мамандарды өзімізге тарту. Сондықтан жаңадан қосылған мамандар біздің оқу ордамызға жаңа өзгерістер, тың идеялар алып келеді деген сенімдеміз», — деді.

Бауыржан Аманкелдіұлы өз сөзінде мамандарды заман талабымен танысуға шақырып, жас мамандарға білім беру процесінде жаңа тәсілдерді іздеу қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, ол жас қызметкерлердің назарын IT технологиялар мен университетті цифрландыру бойынша жобаларды жасауға, қоғамдық өмірге және ғылыми зерттеулерге қатысуға шақырды.  Жиында университет басшысы тілдерді білу университетте жұмысқа орналасудың басты талаптарының бірі болатындығын тағы бір еске салды.

Кездесу аясында университеттің дамуына үлес қосып жүрген жастар да сөз алды. Солардың бірі, «24 Element» ғылыми үйірмесінің жетекшісі, техника ғылымдарының магистрі Альбина Ерсайынова  жастарға мол мүмкіндік туғызған университет ректорына алғысын айтып, университет жастары ел дамуы жолында бірлесе еңбек ету керектігін атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында ғылымды дамыту, тың идеяларды жүзеге асыру, тәртіп, мәдениеттілік, студенттермен байланысты нығайту мәселелері айтылды.

Дәстүрге айналған кездесу соңында университет ректоры жас мамандарға алдағы уақытта заман талабына сай еңбектеніп, үлкен жетістіктерге қол жеткізулеріне тілектестігін білдірді.