Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе: кеше, бүгін және ертең

Ақтөбе: кеше, бүгін және ертең

Бүгінде облыс халқының 79 пайызы — қазақтар. Тұрғындардың 86,7 пайызы көгілдір отынды пайдаланып отыр. Қазақстанда өндірілетін металл қорытпасы өнімдерінің 22,1 пайызы Ақтөбе өңіріне тиесілі. Жалпы, облыста 70-тен аса минералды шикізат түрлері өндіріледі.

Осы және басқа деректер Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында, республикалық «Туған жер» форумы аясында өткен «Ақтөбе: кеше, бүгін, ертең» атты ғылыми-практикалық конференцияда айтылды.

Сондай-ақ, осы конференцияда «Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық анықтамалығы таныстырылды.

Конференцияға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, студент жастар, т.б. қатысты. Олардың арасында «Туған жер» форумына Астана, Алматы қалаларынан, еліміздің басқа аймақтарынан келген белгілі ғалымдар, қаламгерлер, өнер қайраткерлері болды. Алдымен мінбеге облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин көтеріліп, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.

Құттықтауда: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған рухани жаңғыру қағидаттарының басты арқауына негіз болған қасиетті ұғымдардың бірі — туған жер. Бұл бағытта бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде «Туған жер»бағдарламасы жүзеге аса бастады. Ақтөбе аймағында аталған бағдарлама аясында «Ақтөбе — құтты мекен» атты акция қанат қақты. Ақтөбе — еліміздің батысындағы геосаяси, экономикалық және стратегиялық маңызы зор өңір. Ұлтымыздың маңдайына біткен талай ұлы тұлғалар киелі Ақтөбе топырағында дүниеге келді» — делініп, осы өңірдің болашағын жарқын ету, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде де баяндалған. Сондай-ақ, облыс басшысы конференция жұмысына сәттілік тілейді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Абылай Мұхамбетжан «Ақтөбе өңірінің тарихы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы сөзін Ақтөбенің сонау патша заманында Торғай облысы құрамындағы уезд орталығы болған кезінен бастап, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин Ырғызда ашқан тұңғыш мектеп, Ақтөбе өңіріндегі алғашқы теміржол құрылысы, ХХ ғасыр басындағы ұлы тұлғалардың қайраткерлігі, облыстың құрылуы сынды, т.б. тарих беттеріндегі  маңызды оқиғаларға тоқталды.

— Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің түлектері кейіннен сонау Санкт-Петербургтің, басқа да ірі қалалардың жоғары оқу орындарында білім алып, білікті ғалым, көрнекті қайраткер дәрежесіне көтерілді. Халқымыз осылайша білім әлемінің қақпасын ашты. Ұлтымыздан шыққан әр ұлы тұлғаның мұрасын, қалдырған өсиетін ұмытпай, қастерлей білсек, біз адаспай, алдағы күнге сенімді түрде, нық қадам басамыз, — деді Абылай Жортабайұлы.

«Ақтөбе облысының дамуының қазіргі тарихы: жетістіктер мен келешекке жоспарлар» тақырыбында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров сөз алды. Баяндамашы алдымен облыстың бүгінгі келбетін айқындайтын деректер мен көрсеткіштерді алға тартты. Сонымен қатар, ол әр саладағы бүгінгі жетістіктер мен алдағы мақсаттарға кеңінен тоқталды.

—Ақтөбе облысындағы 375 елді мекеннің 110-ы көгілдір отынмен қамтылған. Бұл — аймақтағы барлық елді мекендердің 29 пайызы ғана, дегенмен облыс тұрғындарының 86,7 пайызы осы елді мекендерде тұрып жатыр. 2015 жылы қол қойылған төртжақты Меморандумға сәйкес, газдандыру мақсатындағы жобалар әлі де жалғасын табады. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы барлық аудан орталықтарына газ апарылған, — деді Рахым Ағыбайұлы.

Бұдан соң жиналғандарға облыстың 85 жылдық мерейтойына орайластырылған «Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық анықтамалығы таныстырылды. Тұсаукесер рәсімін белгілі өнер зерттеушісі, күйші, көптеген байқаулардың лауреаты, «Мұрагер» бағдарламасының авторы Әбділхамит Райымбергенов бастап берді.

Профессор Рахым Бекназаров жиналған жұртшылықты энциклопедиялық анықтамалықтың мазмұнымен таныстырды:

— Мерейтойлық анықтамалықты шығару жөніндегі идея авторы — Бердібек Сапарбаев. Жобаның жетекшісі — «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин. Энциклопедиялық анықтамалық он бөлімнен тұрады. Біздің өлкеден шыққан белгілі адамдар туралы мәліметтер «Тарихи тұлғалар», «Сөз әлемі», «Өшпес ерлік», «Айбынды асулар», «Ғылым көкжиегі», «Мәдениет мерейі», «Спорт саңлақтары», «Жомарт жандар» және «Топжарғандар» деген бөлімдерге топтастырылған, —  деді ол.

Конференцияны еркін форматта өткізу жоспарланғандықтан, Ақтөбенің ертеңі туралы әңгімелеу студент жастарға жүктеліпті. Өздері әзірлеген бейнематериалда жастар өз қиялдары арқылы Ақтөбенің даласы мен қаласындағы бүгінгі көріністерді мүлде басқа кейіпте жеткізді. Және туған өлкенің ертеңіне қатысты арман-мақсаттарын үш тілде айтып берді.Бұдан кейін «Кемал» жастар театрының жас ақындары өлең оқыды.

Конференцияға орай Студенттер сарайында бірнеше көрме ұйымдастырылған.

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы мен Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы Ақтөбе өңірінен шыққан белгілі ақын-жазушылардың туындылары мен тарихи тұлғаларға қатысты зерттеу еңбектерді көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кітапханасы сирек кітаптар көрмесін ұйымдастырыпты: олардың арасында кітапхана қорына белгілі ғалым, қоғам қайраткері, осы оқу орнының профессоры Амангелді Айталы тапсырған, 1893 жылы Ресейде жарыққа шыққан энциклопедиялық сөздік те болды.

Облыстық мемлекеттік архив облыстың 85 жылдық тарихынан мәліметтер беретін құнды құжаттарды көрмеге қойса, облыстық тарихи-өлкетану музейі фотокөрме әзірлеп әкеліпті.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

источник