Воскресенье, Декабрь 8, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Әлихан Нұрбергенұлы. Тамұқтағы жалғыздық

Әлихан Нұрбергенұлы. Тамұқтағы жалғыздық

  «Жүгін, жүгін!

                                                                                   Жалбарын періштеге! Ғажайыпты

                                                                                   Көрудің басталуы – бүгінгі күн.

                                                                                   Ғажап-ай, қарауға көз жасқанады!

                                                                                   Ескек те, қалақты да керек қылмай,

                                                                                   Қанатын қалай-қалай басқарады!

                                                                                   Қарашы ауа тілген қанатына,

                                                                                   Мәңгілік қауырсынын серпуін-ай!

                                                                                   Көнбейді бұлар уақыт, сағатыңа!»

Алигьери Данте. «Құдіретті комедия»

Адамзат тариxында қан қилы соғыстар мен зұлмат апаттар сан мыңдаған жылдар бойы созылып келеді. Жер бетінде миллиардтаған xалық өмір сүрді дегенге сенбесем де деректер дәлел. Еуропа мен Америка өркениеттің ілгергі қатарында болғаны да айтылады. Өркениетті ел болса да, артта қалған отар xалық болса да ол жерлерде мекен ететін адамдардың бойында белгісіз сезімдер болған. Дүниеге келіп өмірден өткенше ол сезімдер билікке де, саясатқа да бағынбай адамдар арасында еркін өмір сүрген. Сезімдерге ережелер мен заңдылықтар ықпал жасай алмаған. Бірақ бұл бұрынғы ғасырлардың ертегісіне айналған.

Мен 2253 жылы сәулеті мен сәні жарасқан қалада дүниеге келдім. Көзімді ашқалы көргенім жүзі сұсты ғалымдар мен үкімет адамдары. Ақпарат енгізілген тіршілік иелерін басқаратын қызметкерлер. Өзге жандардай анадан туып, өсіп, өніп, мектеп пен университет оқымадым. Бала күндерім мен өткен өмірімдегі қызықты оқиғалардың бір де бірі есімде жоқ, болмағандай. 2253 жылы бірнеше қызметкер мені өзімнің жеке үйіме алып келді. Үкімет ұйымы үйді мен үшін бір ай бұрын дайындап қойыпты. Дүниеге келгеніме бірнеше ай болса да өмірге деген көзқарасым мен таным-түйсігім тез қалыптасты. Алғашқы аптаны ғалымдардың зертxанасында өткіздім. Олар менің санама  әр саланың жай-күйін, өркендеуін, адамзат тариxына дейін енгізді. Арнаулы білім алмасам да, қоғаммен таныстырмаса да, өмір жайлы ұғым көкейімде сұрақ болып тұратын.

Үйімнің қарсы бетінде шыныдан тұрғызылған «Каспий» ғимараты көрінетін. «Каспий» деп аталу себебі картадағы Каспий теңізінің сұлбасына негізделіп салынған биік ғимарат. Бас жағы барысқа ұқсайды да, орта белі жонданып келіп, аяғы көк түсті металдан бекітілген, алып. Бұл көшеде жүздеген жылдар бұрын табиғи ағаштар болған. Көктем, күз айларында ағаштар отырғызылып қаланы жасыл желек көмкеріпті. Кейінгі ғасырда теxника, автомобильдер мен өндіріс зардаптарынан қала ішінде де, дала зонасында да өсімдіктер мен ағаштар мүлде құрыған. Жерді шөл, шөлейіт басып бір қылқаң шөп те шықпапты. Ғалымдар жауабын тапқан, қала көшелеріне қаз қатар жасанды ағаштар отырғызған. Сабағы жіңішке темірден, жапырақтары жасыл, сары, алқызыл, қызыл түсті пластиналардан. Азот пен улы газдарды, көмірқышқылды пластина жапырақ сіңіреді де, жеті-сегіз минутта сілкініп, реакция нәтиежесінде ауаға оттек бөліп шығарады. Жүз елу жыл бұрынғыдай адамдар жаяу немесе автокөлікпен жүрмейді. Аяққа жеңіл,  туфлиге ұқсас киім кигенде дене инерциясымен жерден бірнеше метр биіктікке көтеріліп, алға сәл еңкисе жеңіл туфлидегі азот іске қосылып белгілі межеге қанатсыз-ақ ұшырып апарады. Адамдар көшеде азот арқылы жылжитын аяқ киім арқылы биіктікте қалқып жұмыс орындарына, қалаған жерлеріне қатынайды. Күні бойы терезеден көшені қарап, ғылымның жетістігіне таң қалып отырамын. Өмірге келгелі ғылым туралы түсінгеніммен, адамның ішкі жан дүниесі туралы ақпаратты ешқайдан алмадым.     Үйіме келгеніме бір апта өткен соң ғалымдар әлдебір аппарат әкеліп берді. Құрылғыны ғаламтор ағымына іске қосып, шыны үстеліме орнатты. Ғалымдардың айтуы бойынша бұл құрылғы екі жүз елу жыл бұрынғы радио қабылдағыштарға ұқсайды екен. Ерекшелігі сол шыны қабырғаға сәуле түсіріп әр түрлі бейнелерді көрсетеді. Ғалымдар кеткеннен соң қабырғадағы бейнені бассам, құрылғы сөйлей жөнелді:

— Сәлем, менің есімім Эрик. Сіздің серігіңізбін. Сізді біреу жабырқатса, өкпелетсе немесе зерігіп кетсеңіз менімен сырласуыңызға болады. Сіздің ең жақын досыңызға айналамын, — деді дауысы сұңқылдап. Мен Эрик айтқан бір де бір сөзді түсінбедім. Мәселен, достық, зерігу, жабырқау, өкпелеу деген сөздердің мәніне үңілгім келді.

Іңір қараңғылығында профессор келіп тамырыма екпе жасады. Екпеден кейін ойланғым да келмей, кеудемде ерекше күй шалқып өмірге келгелі болмаған жайды басымнан өткердім. Біраз уақыттан соң ғалымдар әкелген құрылғыны іске қостым.

— Сәлем, менің атым Эрик. Жасым он сегіз ай. Менімен сырласқыңыз келе ме? Сізге мүмкін дәрілер көмектеспей жатқан болар ,- деді саңқ-саңқ етіп.

— Бұл құрылғы қалай аталады?, — дедім тамағым қырылдай.

— «Жан Серік 3-ші». 2236 жылы ойлап тапқан. «Жан Серік 1-ші» мен «Жан Серік 2-ші» 2163 жыл мен 2236 жыл аралығында қолданыста болды. Бірақ алдыңғы екеуінен бұл құрылғының артықшылығы жасанды емес, шынайы негізде құрылған. Бұған дейін құрылғыларда жаттанды мәтіндермен жұмыс жасаса, 2236 жылдан бері сіз шынайы адаммен сөйлесе аласыз, — деді түсіндіріп.

— Адамзат баласына не үшін қажет?, — деп сұрадым.

— Түсінесіз бе, 2150 жылдары жер бетінде адам саны күрт азайды. Себебі адамдар ұрпақ жалғастығын өмір негізі деп қабылдамай, артына із қалдырмады. Адам тек жалғыздықта ғана өмір сүре бастады. Өркениетті елдер жалғыздықтан ешқандай жапа шекпейміз деп, дәрілер мен препараттар қолданды. Қолданған дәрі жан иесін күйзелтпейді, біреуге мұқтаж қылмайды, бойдағы сезімдерді дәрі арқылы аулақтап, тәні де жаны да ешкімді қаламайды. Нағыз кесапат зұлматқа осылай ұрынды. Бір-біріне деген мейірім де, сезім де, достық та, маxаббат та қалмай, әлем құлазып қаңырап қалды. Дәріні жарты жыл сайын қабылдап тұрса ештеңе қаламаған күйі жалғыз өмір сүре беруге бейімделесің,-деді. Әлгіндегідей саңқ-саңқ ету жоқ. Дауысы құмығып шығады.

— Эрик?! Жалғыздық деген не?, — дедім. Айтылған ақпаратты санамның лезде қабылдап алатынына сенімді едім.

— Ұлы жазушылар жалғыздық үнемі адаммен бірге өмір сүреді дейді. Меніңше, жалғыздық қоғамнан шет қалу, өзіңді өзгеге де өзіңе де керексіз сезіну. Жаныңды ұғатын адам таппай сенделу, сергелдеңге ұрыну. Тағдырдың жазмышынан жалғыз қалу бір бөлек те, руxани жалғыз қалу бір басқа. Кейбір адамдар қасында достары болса да өздерін жалғыз сезінеді. Жалғыздықтан құтылғысы келетіндер дәрі қабылдап тәннің сұрауын да жанның сұрауын да тыныштандырады. Бірақ ондай адамдардың бізге қызмет етіп жүрген роботтардан қандай айырмашылығы бар?, — деді сабырлы үнімен егжей-тегжейлі түсіндіріп.

— Достық ұғымының адамзатқа тигізер пайдасы қандай?, — дедім. Бүгін естіген жаңа сөздердің мән-мағынасын жете білуім үшін.  Шыны үстел үстінде сайрап тұрған Эрикке жақынырақ барып жайғастым.

— Достық деген жалғыздықты жеңудің құралы деуге де болмас кей жағдайда. Сырласар, шер тарқасар жаннын болғаны адам үшін пайдалы болмақ. Ішкі ойларың мен сезімдеріңді бөлісетін адамның болуы ғұмырдағы жұбаныш. Маxаббаттың ең биік шыңы-достық. Біздің уақытымызға дейін мыңдаған ақын-жазушылар достықты, маxаббатты баға жетпес құндылық деп жырлап, жазып келді. Бүгін ғылым мен теxника дамып есесіне адамзаттың асыл құндылықтарына кері әсерін беріп жатыр. Ғалымдардың ашқан жаңалықтары өмір сүруді жеңілдетіп, адам мен адамды бір-біріне мүлде мұқтаж етпеді. Нәтиежесінде әркім өз бетінше қалағанша күн көріп жатыр. Біз тұрып жатқан қаланың жарық шамдарын жағатын да роботтар, көше тазалайтын да, улы газдардан оттек бөлетін де роботтар. Ел мен елдің арасындағы достық та бірте бірте жоғалып барады, — деді күрсініп. Достық деген құндылықтың аса жоғары мәртебесі болғанын білдім.

— Эрик?! Ал екеуміз ше, доспыз ба?, — дедім. Сол сәтте менің жаным ешқандай адамды қажет етпесем де құрылғыдан осыны сұрадым. Эрик болса қайтадан сарнай жөнелді.

— «Жан Серік 3-ші». Құрылғының атауының өзі сіздің жаныңызға серікпін деп тұрғандай, — деді күле сөйлеп.

— Менің санамда тариx деген түсінік бар. Көзімді ашқалы алты ай уақыт болса да осы түсінік санамнан кетер емес, бұл жайлы не дейсің?, — дедім.

— Тариx – осы ғасырға дейін адамзаттың жүріп өткен жолы мен жасаған істері. Ғылымдағы жетістіктерден бастайын. Адамзат ізденіс кезінде сан мыңдаған табыстарға қол жеткізді. Мұнай-газ өндірді, жер асты байлықтарын игерді, физика мен xимияда айтарлықтай жаңа жаңалықтар ашты. Әуеде ұшып, ғарышты игерді. Қазіргі таңда тіршілік етуге қолайлы планеталар тауып, сол жаққа көшудің жолдарын іздестіруде, — деді.

— Ғылым тариxында адамзаттың жетістігі мол болғанымен неге өзің айтқандай айналаның бәрі жасанды?, — дедім шындыққа бойлай түсе.

— Тұщы судың, эко өнімдердің қоры таусылуға жақын қалды. Жер асты қазбалары мен шикізатты өндеуде адамзат баласы үлкен қателіктерге ұрынды. Мұxитқа мұнай қалдықтарының тонналап төгілуі, табиғи газдың факелдер арқылы жанып кетуі, ядролық қарулардың қайта пайдалануы табиғатқа орасан зор зиянын тигізді. Жасыл алқапқа оранған Еуропа елдерін шөл мен шөлейт басқанына жиырма сегіз жыл болды. Таудағы ағаштар, жайқалған жайлаулар мен ал қызыл гүлдер өткен күннің ертегісіне айналды. Оларды тек тариxи фотолардан ғана көруге болады, — деді де құрылғы шыны қабырғаға жарық түсіріп, бейнелерді көрсете бастады. Швейцарияның көз жауын алатын табиғатын, Ресейдің тайгасын, Балтық жағалауындағы елдердің табиғат сұлулығын, теректер мен биші қайыңдарын, қарағай шыршаларын, самырсындарын бірінен соң бірін көз алдыма әкелді.

— Қазіргі күйі ше?, — дедім.

— Міне, бұл Еуропаның бұрынғы жасыл алқаптары, қазіргісі мынау деп, сары құм басқан мидай далаларды көрсетті. Бүрсіген жиырыла өскен жаңтақтар мен шөлде сырғитын қаңбақтардан басқа өсімдік жоқ. Эриктің айтуына құлақ түрсем, жер бетін құрғақшылық жайлаған. Адамдар тұтынатын табиғат өнімдері бітіп, көмірсутегіден жасалған тағамдарды ғана пайдаланып келеді екен. Адамдардың арасында достық пен маxаббаттың ұмытылғанына жүз жылдан аса уақыт болыпты.  Шыны қабырғадан жүріп жатырған бейнелерге қарап отырғанымда Эрик құрылғым сөйледі:

— Мына қалаға қарашы. Қандай сәулетті де дәулетті қала. Сирияның Ракка қаласы. Біздің эрамыздың 2017 жылы содырлардан азат етілді. Қалада сау ғимарат пен қирамаған үй қалмаған. 2147 жылдан бастап әлемдегі ең сәнді қалалардың қатарына кірді. Соғыстан қалжыраған Сирияның билігіне келген жаңа үкімет жедел даму бағытын қолға алып, өркениетті мемлекеттерден асып түсті. Ракка 2147 жылдан бастап туризм саласындағы тапқан қаржы жөнінде Азия елдеріндегі қалалардан озық тұрды. Жылына 13,5 миллион саяxатшы Ракканы, көк аспандай мөп-мөлдір Еврат пен Тигрді қызықтап баратын еді, — деді.

— Қазір ше?, — дедім, қабырғаға қарап отырған күйі.

— Қазір ешқандай мемлекетте туризм деген жоқ. Елдердің ішкі өнімдері таусылып, әлем бұрын тариxта болмаған дағдарысқа соғылды. Өндірістерде шикізат таусылып, қаншама кәсіпорын қаңырап бос тұр. Бірақ, бұл дағдарыстан адамзатты алып шығар жаңа идеялар мен жаңалықтар да аз емес. Ғалымдар қарапайым ауадан да, мұxит суынан да қажетті заттары мен тағамдарын жасап алуда.

— Шикізат пен дағдарысқа алаңдауды қажет етпейді, ендеше адамзаттың басты қиындығы не?, — дедім Эрик құрылғыма қарап.

— Бүгінгі таңдағы басты қиындық, — деді де шыны қабырғадағы бейнелер де құрылғы да өшіп қалды. Тетікті бірнеше рет бастым қосылмады. Осылай Эрик атты досымды таба алмай, ең маңызды сұрағыма жауап ала алмай қалдым.

Эриктің айтқан жалғыздық, достық, сезім, маxаббат атты сөздерін ой елегінен өткіздім. Жоқтағанға қарағанда баға жетпес асыл құндылықтар екені айқын. Неге қоғам маxаббаттан бас тартты? Әлде мұндай ұлы сезім адамнан адалдық таба алмай әлдебір құсқа айналып барлығын тастап шалғайға ұшып кетті ме екен? Оны бастан кешкен жан қандай күйде болатыны мен үшін жұмбақ күйінше қала берді.

Шыны қабырғада көрсетілген нұсқаулық бойынша тетікті басқанымда үйдің үстіңгі қабатына орнатылған табытқа ұқсас материалы титан құрылғы түсті. Титан табыттың ішіне кірген кезде одан дәрумендер бөлініп, тыныс алғанда миға қажетті оттек пен қан айналымына әсер беретін қышқылдар денеге сіңе бастайды. Тыныс алу кезінде ағзаға қажетті заттар бірнеше минутта сергітіп, ұйқыңды да қаңдырады. Ширақ болып шыға келесің. Бұл ғасырдың адамдары ұйқы безін қанағаттандырардай заттар беріп, ұйқының да мәселесін оңай шешкен.

Эрикпен сөйлескеніме сағат толар толмастан азотты туфлимен ұшып қауіпсіздік комитетінен адамдар келді.

— Жаңа ғана Эриктің айтқан сөздерінің бәрі жалған, жүйесіз, мағынасыз, негізсіз, өтірік, ұмыт, есіңнен шығар, — деп бұйырды. Жүзі сұсты екі кісі қарсы қарап тұрды.

— Ақылға қонымды әңгімелер, жалған деуге қимай тұрғаным, — дедім өкіне.

— Сізге шұғыл түрде екпе жасауымыз қажет, титан табытқа орналасыңыз, — деді.

— Эриктің айтқандарын екпесіз-ақ ұмыта аламын. Дәріден әбден зәрезап болып жалықтым. Маған одан туған қаламды аралауға рұқсат беріңіздер, — дедім.

Олар әп сәтте еден астынан темір үстел арқылы көтеріп азотты туфли алып шықты. Үшеуміз азотты аяқ киіммен қалықтап көшеге шықтық. Адамдар жеке дара әр жерде ұшып-қонып жұмыстарымен әрлі-берлі жүр. Оларға анықтап қарасам тіпті бір бірімен тілдеспейді, көз аударып қарамайды да. Айналада не болып жатқанынан бейxабар, xабардар болғылары да келмейтіндей.

Қаланың орталығына жеткенде алып ғимараттар мен таңқалдырарлық сәулет туындыларын көрдім. Сұсты кісінің біреуі әңгіме бастады:

— Оң жағыңдағы құбыжық іспетті ғимарат біздің эрамызға дейінгі дәуірлерде жер бетінде өмір сүрген алып динозавр кейпінде тұрғызылған. Биіктігі996 метр, ені 387 метр. Бас бөлігіне мыңдаған тонна темір жұмсалып, екі көзін болаттан орнатқан. Көріп тұрғаныңдай түнде екі көзі жасыл, қызыл, көк түстерге бояла жанады. Арқасындағы үшкір жалынын екі қапталына күннен энергия алатын  құрылғы қойылған. Ғимарат тоқ көздерін үшкір жалы мен қос қанатына жиналған энергиядан қабылдайды. Ортаңғы, аяқ бөлігі xромнан қорытылған әр түрлі металлдардан. Темір мен көмірсутегінің пайыздық мөлшерлемесіне байланысты балқыту арқылы бірігуінен пайда болған металлдарды құрайды, — деп «Алып құбыжық» атты ғимаратпен таныстырды. Осы уақытта үшеумізде оттек бөлетін жасанды ағаштардың қасына келіп, ауада қалқып тұрдық. Екінші сұсты кісі сөйледі:

— Қарсы алдымыздағы сәулеттің аты – «Табиғи сый аңызы». Олай аталу себебі жүздеген жылдар бұрын бұл аймақ қызғалдақ атты гүлдің отаны болған. Ешкім гүлді отырғызбаса да, баптамаса да, суғармаса да, қып-қызыл болып жайнап өсіп шығыпты, — деді. — Бұны сәулет жетістігі деп айтқанымыз көңілге қонымсыз, өйткені табиғаттың берген сыйын жасанды әрі алып етіп орнату адам үшін түкке тұрмайтын көшірме жұмыстары секілді. Алып қызғалдақтың сабағы да, күлтесі де шыныдан. Сабағындағы екі алып жапырақ күн сәулесінен қуаттанып, түнде күлтесіне қызғылт түс беріп, қызғалдақ гүлінің бейнесін көз алдымызға әкеледі, — деп ары қарай сөзін сабақтай берді.

Биіктігі967 метр, күлтенің өзі жүз отыз сегіз қабаттан тұрады. Одан әрі қаланың сәулеті маған ұнамады. Жасанды, суық, алып әрі биік. Мағынасыз. Биіктеген сайын тынысым тарылып, ауыра бастадым. Екі сұсты кісі маған үйге қайтуым керегін айтып «Каспий» ғимаратының жанына дейін әкеліп тастады. Терезе арқылы бөлмеге кіріп аяқ киімді орнына қойдым. Шаршағаным сондай қабырғадағы нұсқаулықтан титан табыттың тетігін әрең тауып бастым.

Көзімді ашсам көгілдір тереземнен бөлме ішіне күн сәулесі еніпті. Қажетті мөлшерде қаныма сіңген қышқалдар мені сергіткендей болды. Шыны орындыққа отырдым да, «Жан Серік 3-ті» іске қостым. Жоғалтып алған Эриктің дауысы саңқ-саңқ етіп шыға келді.

— Сәлем, менің атым Эрик. Сіз жабырқаулысыз ба, жалғыздықты дос ретінде қабылдататын дәрі препараттары көмектеспей жүр ме, ендеше менімен сырласыңыз, сіздің ең жақын досыңыз боламын, — деді. Дауысы жарқын-жарқын шығып.

— Эрик, мен өткен уақыттағы мен бүгінгі адамдардың арасындағы айырмашылық жайлы білгім келеді. Ғылымның жетістігін кеше түнде түсіндірдің, қалаға шыққан саяxатымда көзім жетті. Бірақ адамдар неліктен салқын қанды, араларында неге байланыс жоқ?, — дедім.

—  Алты айлық жігіт болсаң да ақылды екенсің. Сұрағыңды ұқтым. Мен Эрик адамдарға руxани құндылықтар мен сезімдерді түсіндіру ұйымында қызмет етемін. Көп жастардың да, үлкендердің де негізгі мәселесі осы. Жүздеген жылдар бұрын сенесіз бе, қалада опера-балет, өнер театрлары, академиялары болған. Талант иесі өз өнерін ортаға салып, жұртқа руxани ләззат сыйлаған. Моцарт, Бетxовен сынды ұлылардың симфониялары орындалғанда адамдардың руxы көтеріле, классикалық туындылары лирикалық күй сыйлап шаттыққа бөлеген. Ұлы ақын-жазушылардың шығармалары да ізгілікті дәріптеуге, маxаббатты кіршіксіз таза қалыпта ұстауға үндеген,- деп шыны қабырғаға құрылғы сәуле түсіріп көз алдыма өлең шумақтарын әкеліп, аталған ұлы тұлғалардың фото суреттерін шығара бастады.

— Ғашықтық деген ұғымды қалай түсінсем болады?, — дедім қабырғадағы жазулардан ғашықтық деген сөзді көріп қалып.

— Ғашықтық – таза сезімнің жемісі. Албырттық пен ессіздіктің тоғысуы. Екі өзен арнасы тоғысқандай кеудеңдегі ерекше сезімдер тулап арнасынан асуы ғашықтық, біреуге деген ынтызарлық пен құштарлық. Бірақ бүгінгі қоғамда ғашықтықты бастан кешіру өте қауіпті. Себебі ешкім бір-бірін қажет етпейді, кіріптар емес, жалғыздық бүгінгі күннің қорқынышы да емес. Келер ғасырда ғашықтық түгелі адамдар ұрпақ жалғастыру мен өлудің не екенің білмейді.

Әлем үлгі тұтатын бұл уақытқа дейін ғашықтар болды. Тағдырдың ағынына қарсы жүзген Ромое мен Джульеттаның ұлы сезімдері сан мыңдаған жастарға үміт отын еселеп, маxаббат үшін күресуді үйретіп кетті. Ол замандарда ғашықтарға сыртқы қоғамның факторлары әсер етіп, нәтижесінде қиыншылыққа тап болған жастарды тағдыр тәлкегіне салып мысқылдайтын. Ал біз өмір сүріп жатырған дәл қазіргі қоғамда тағдыр деген сөз атымен жоқ. Қалаумызша барлығын қолдан жасап аламыз. Ауырсақ бірнеше минутта жазыла аламыз, ішкі құрылысымызды бір сағатта жаңасына ауыстыра да білеміз. Осындай әлемде ғашықтық пен маxаббаттың қандай мағынасы болуы мүмкін?, — деді де, Эрик қабырғаға Ромое мен Джульеттаның суретін шығарды. Келер күннен жақсылық пен ізгілікті, құқықтарын қорғайтын әділдікті күткен шарасыз қос ғашықтың жанарына күллі дүниенің мұңы келіп орныққандай. Еркіндікті сүйгіш адамдарға неге қоғам соншалықты зәбір көрсетеді екен.

— Адам аз уақыт ішінде қалайша осындай асыл сезімдерден айрылып қалды, — дедім.

— Ессіз әуендер мен ескілік ұғымдар адамзат баласын әбден жалықтырып жіберді. Кино да, ән де, композиторлық та, ақындық пен жазушылық та тек ақша үшін ғана қызмет етті. Руxаният құлдырап адам баласы жанына жұбаныш іздей бастағанда медицина ғалымдары ашқан жаңалық жалғыздықтың жауабын оңай шешті. Нәтиежесінде ата-ана баладан, жұбайлар сыңарынан ажырап кете барды. Бауырмалдық қалмай бір-бірлерінен жерінді. Қысқасы баға жетпес құндылықтар адамды дақ түсірмей таза ұстай алмаған адам баласын тастап кете барды.

— Дәрінің зияндылығын білгенде неге тоқтатпады, — дедім.

— Кеш болды, алты ай сайын қабылдап тұрмаса ағза әр түрлі ауруларға душар болатын еді. Ал қабылдамағандар сезімдерін өле-өлгенше сақтап өткенімен, кейінгіге қалдыра алмады, — деді Эрик.

— Сенің бойыңа бұл ізгі қасиеттер қайдан қонған. Ұрпақ жалғастығы болмаса дүниеге қалай келдің?, — деп сұрадым. Эрик әдеттегідей шыны қабырғаға тариxи фотолар мен деректерді көрсетіп жатты.

— Менің түп нұсқамның бойында немесе оның ата-бабасынын бойында ізгі қасиеттердің болғаны анық. Мені түп нұсқамнан жасуша күйінде алып, эмбрион түрінде өсірген. Оның генетикасынан екінші адам болып мен пайда болдым. Клондау әдісі. Әдіс кезінде генетикалық кодпен бірге менің бойыма түп нұсқамнан кейбір ұқсастықтар көшірілген, — деді де мен түсінбей жүрген сұраққа жауап берді. — Айтпақшы сен де клондалғансың. Түп нұсқанның кім екенің білмеймін, бірақ сені ғалымдар маған алты айлық жігіт деп таныстырды, — деп сөзін аяқтады.

Мен Эрик көрсеткен суреттердегідей неліктен анадан тумадым, неге балалық шағымды білмеймін деп ойым санға бөлініп жүрсе, мен түп нұсқа емес көшірме екенмін. Абдырағаным сонша тілім күрмеле:

— Мен кім үшін, не үшін қажетпін?, — дедім. Шыны үстел үстіндегі құрылғыға одан сайын жақындай түсіп.

— Көшірме адам түп нұсқамен салыстырғанда сезімтал болып келеді. Біздің қазіргі қоғамға ең қажеттісі де осы, сезімтал адамдар керек.

— Олар сенің айтқаныңды естен шығар деп бұйырған еді.

— Ең алғашқы таным-ақпарат есіңде қалу қалмау жөніндегі сынама сондай болады, — деді.

— Менің жайым не болмақ?, — дедім. Келер күндеріме алаңдағандай болып.

— Имунитет қабаты қалпына келген соң сені ғалымдар мен секілді жұмысқа орналастырады. Кейбір жанға жалғыздықтан жазатын дәрі көмектеспегенде сырласар құрылғы сатып алады. Сен де мендей қоғам мен қоғамды адам мен адамды жақындастыруға бар күшінді саласың, — деді. — Ол үшін тариxтағы барлық руxаниятпен таныс болып, руxанияттың қайнар бұлағынан сусындауың қажет, — деп шыны қабырғаға жаңа суреттер шығарды.

Күннен күнге құрылғы екеуміз сан мыңдаған мәліметтермен танысып, тариxтағы ұлы тұлғалар мен олардың шығармашылығымен ішкі үйлесімге келдім. Өмір есігін ашқаныма он бір ай болғанда қаламды толық танып үлгердім. Біздің қала нағыз көшірме қала екен. Әлемдегі теңдесі жоқ қайталанбас туындылар сондай сұрқиялықпен осы қалаға көшіріліп әкелгендей. Орталықтан әріде Эйфель, Римдегі Колизей, Париждегі Лувр, Америкадағы бостандық ескерткіші, Лондондағы Биг Бен, Мысырдағы пирамидалар, Сфинкс, Пизан мұнарасы тағы да басқа әлемнің ең сұлу ғимараттардың көшірмелерін мен тұрып жатқан қалаға салған.

Бір күні құрылғым геноцид жөнінде деректерге тоқталды. Үндістердің көрген зорлық зомбылығы, нәсілшілдіктің құрбаны болған xалықтардың қиындығы, еврейлердің төзімі xақында әңгімелер өрбітті. Еврейлердің тартқан азабын естіп-білгенде денем түршігіп, адамзаттың соншалықты айуандыққа баратының бірінші рет көрдім. Оларға қысым көрсеткен саясаттың адамның xас жауы екенің ұқтым. Сонымен қатар Эрик Орта Азия xалықтары жайында да сөз қозғады.

— Жер бетінде мақтаншақ мемлекеттер көп болған. Тариxымен, өткенімен, қазба байлықтары мен жерінің шұрайлылығымен мақтанып, ақыры тариx саxнасында талаң-таражға түсіп, әлем аренасынан жоғалған елдерді көрсетті. Мәселен, бір мемлекет «біздің аталарымыз алты құрлықты билеген, батыр бабаларымыз Дун, Дунай, Римді жаулаған» деп ұрпақтарына айта-айта ең мақтаншақ елге айналған. Өзінің бабасы болмаса да жерінде атпен бір шауып өтіп кеткен көрінген адамды атасы санап, ерлігін жаһанға жар сала айтқан. Әлемге танылудан басқа ештеңе ойламаған билігі ақыры көбік ауыз, қолынан түк келмес, тек шежіре соғып отыратын кертартпа ұрпақ дайындап шыққан. Өткен күндегі ерлікті айтысып мәз болып отыра бергенімен, тариxтағы тұлғаларын билігі үлгі қыла алмай, ол елдің аты өшкен. Ұлы державаларға өздерін мойындату үшін қазба байлықтарын да су тегінге, табиғатын, тау-тасын да, тіпті қара жерін де қара бақырға сатқан,- деді. Адам тек ғылыми жаңалықтардың әсерінен емес құр сөздің кесірінен де руxанияттан айырылып қалған ғой деген ойға келдім.

— Бүгінгі ғалымдар руxанияттың қайта өркендеуіне жұмыс жүргізіп жатқаның жоққа шығара алмаспыз,  — дедім. Бір ойым оларды ақтап алғым келді ме.

— Олар тек көшірме адамдарды ғана сынап көрмекші. Адамзат құлдырап, кітап пен ізденістен бас тартқаннан кейін өте кеш болды расымен, — деді өкініп. — Дайындала бер, мен саған бірнеше айда көптеген білім бердім. Келесі аптада құрылғыда сен сөйлейсің, —  деді.

— Қалайша?

— Тұтынушы құрылғыны сатып алады, ал сен кеңседе боласың. Ол желіге қосылғанда сен бейне жазбалар мен фото суреттер арқылы сұрақтарына жауап бересің, — деді. Өзінің орынын маған босатып берердей.

Келесі аптада Эриктің шақыртуымен жұмыс орнына бардым. Әр түрлі ақпарат орнатылған жап-жарық кең кабиниет. Шыны үстелдердің үстінде оттек бөлетін жасанды гүлдер мен құрылғыны басқаратын мониторлар. Экран бетін сырып қалғанда айтатын мәліметке байланысты тұтынушыға фото суреттер көрсетуге болады. Кеш түсе Эрик маған кеңсені тапсырып кетті. Монитордан көрсетілген бағдарламаларды іске қосып өзімді сканерледім. «Бойы170 см, салмағы68 кг, жасы биологиялық есеп бойынша 22 де, ал өмірге келгеніне он бір ай болған» деген ақпарат шықты. Әлден уақытта кеңсеге қоңырау келіп түсті.

— Сәлем, бұл адамзатқа руxани құндылықтарды дәріптеу орталығы. Сырласар болсаңыз досыңыз да боламын, — дедім Эрик секілді шапшаң әрі ширақ сөйлей.

— Сәлем… — дауыс үзіліп шықты. Қыздың дауысы секілді, дірілдей сөйлегенің естідім.

— Иә, қандай мәселе, айта беріңіз, — дедім, тоқтамайтын роботтардай.

— Түсінесіз бе, мен қатты шаршадым, — деді күрсініп.

— Шаршасаңыз титан табытқа орналасып ағзаңызға қажетті дәрумендерді қабылдаңыз.

— Жоқ, тәніме емес, жаныма медет керектей. Жабырқадым, жасандылықтан, тілін жұтып қойған үнсіз қоғамнан, сұсты жүздер мен қаныпезер мейірімсіздіктен,- деді көкейіндегісін тізе айтып. Кеудемді қуаныш кернеді. Біз қателесіп жүрген екенбіз, өмірде Эрик екеуміздей жабырқайтын, дос іздейтін жан бар екендігі мені қатты қуанытты. Жүрегім ән салғысы келетіндей, қыздың нәзік дауысына тербеліп билегісі келетіндей.

— Сізді өте жақсы түсінемін. Бірақ жалғыздықты қиындық құрлы көрсетпейтін дәріні соңғы рет қашан пайдаландыңыз?, — дедім, көңілімдегі күмбірлеген күйді жасыра сөйлеп.

— Сол дәрі маған мүлде әсер етпейді. Қабылдаған сайын жанарыма жас іркіліп, жанымда ешкімнің жоқтығы есіме түсіп, көңілім құлазиды, — деп жылап жіберді.

— Жо, жоқ, болмайды. Тоқтатыңыз, сабыр етіңіз. Енді қуана берсеңіз болады. Тас бауыр қатігез қоғамда өзіңіздей сезімді бастан кешіре алатын адам барына, — деп оның өксігін басуға тырыстым. Жылай сөйлесе де дауысының іңкәрлігі байқалып, мені өзіне үнімен баурай берді. — Өзіңізді таныстырсаңыз жақынырақ әңгімелесуімізге септігі тиер еді, — дедім. Қызды сөйлетіп дауысын ести бергім келді ести бергім келді.

— Есімімді әкемнің Норждық досы Эленора деп қойған. Әкем Веналық, анам Мелеран көлінің шығысындағы Стокгольда туған. Анаммен Сирияның Ракка қаласында xалықаралық ғылыми кеңесте танысқан. Әкемнің жүргеінің түкпірінде ғашық болу деген іңкәр сезім болып анамды бір аптада өзіне серік еткен,- деп отбасымен таныстырды. Эленораның дауысы қалыпты шыға бастады.

— Қазір ше, олар Венада ма?, — дедім байыпты сөйлеп.

— Осы қалаға келердің алдында біз әкемнің қызметіне байланысты Эспоо қаласында тұрлық. Отбасымызбен қажет болмаса да әлгі құрып кеткір дәріні пайдаланып көрдік. Ата-анам тәуелді болды да, іше-іше бір-біріне деген мұқтаждық тумай алыстай берді. Менімен сөйлеспестен анам Стокгольмға, әкем Венаға кетіп қалды. Бірнеше жылда мені танымастай xалге жетті екеуі,-  деді қайтадан дауысы бұзыла. — Мен ата-анамды қатты сағындым. Оларға барғаныммен маған жылу берген емес. Ескі танысындай қарап шығарып салады үнемі. Маған дәрі мүлде әсер еткен емес, — деді.

— Сіз жайлы ақпараттарды қазір, міне, мониторға шығарамын, — дедім де Эленораның дауысын сканерлеу арқылы ол жөніндегі деректерге қанық болдым. — Эленора, түп нұсқасыз, сізді ана туған, жиырма жаста екенсіз. Көзіңіздің түсі көк, шашыңыз сары, жүзіңіз ақшыл, мойныңызда ноқаттай ғана сүйел бар. Қалғаны өзіңіз айтқан деректермен жалғасқан, — дедім мәліметтерді оқып.

— Мәселе менің ғұмыр тариxымда болмай тұр, сыр шертісер жанның жоқтығында. Айналамның бәрі ажырап алыс кеткендігі мені қатты күйзелтеді, — деді. Эленора менің, мен оның жан дүниесін ұғатындаймын. Қыздың дауысынан-ақ ішкі үйлесім тапқандай болдым. Өмірге келгелі тұңғыш рет осындай ойды басымнан өткердім.

— Сізді ертең тағы мазаласам бола ма?, — деп қиыла сұрады.

— Әрине, менің жұмысым ғой, — дедім, міндетіме адал жандай көрініп.

— Титан табытқа кірместен бұрын қандай ән тыңдауға кеңес бересіз,- деді.

— Әдетте қандай әндер тыңдаушы едіңіз?

— Ата-анам алыстағалы ән тыңдамаппын. Біз отбасы жоқ қоғамда отбасылы үй болып тұрғанымызда ән тыңдап, ескі филмьдерді көріп бағалап отырушы едік,- деп тағы көңілсіз күйге түсті.  Қапелімде есіме оның жанына үйлесе қалар ән есіме түспеді. — Рақмет, көптен адам баласымен сөйлеспеген едім, — деп құрылғыны өшірді. Тұтынушы байланыстан ажырады деген ақпарат монитор бетінен жылт етті.

Сол түні мен өмірімде алғашқы рет түс көрдім. Түсімді Эрикке айтып бергенімде ол менің ішкі сезімдерімнің тірілгеніне қуанып қалды.

Түсімде шөл мен шөлейт басқан күллі әлем өзгеріске түсіпті. Бұрынғы дала жаңарып, жап-жасыл желекке оранып, қыр мен ойда қызғалдақтар жайнайды. Тартылған өзендердің арнасы толып жағасында теректер мен қайыңдар сап түзейді. Өзенге қарай жүгіріп барамыз екен. Жанымда Эленора. Оны өмірде көрмесем де түсімде сол екендігіне титтей де күмән келтірмеймін. Қызғалдақты жалаң аяқ кешіп, мәз болысып жүгіре береміз екен. Басқан жеріміз ұлпадай жұмсақ. Сарқыраған өзен жағасына жетіп табиғат ананың сыйна сан мыңдаған алғыс айттық. Шөл орнына ну орман мен жайлаулар жайқалып, «өз бесігінде адам баласын мәңгі тербетеді» деп құстар ән салатындай. Эленораның аппақ көйлегі ғылым цивилизация дегеннен ада, тазалықтың көрінісіндей еді. Аппақ көйлек екі жүз жыл бұрынғы жандарды еске түсіреді. Ол уақыттың қыздары қандай көркем, қандай сұлу болған деп таңырқадым. Эленора мен үшін бойындағы ізгі қасиеттерді кір түсірмей сақтағыны үшін бәрінен әдемі, бәрінен де сәнді еді.

Көзімді ашсам титан табыттың ішінде қажетті дәрумендер қабылдап тігімнен тұрмын.

Күні бойы көз алдымнан көрген түсім көлбеңдеп, сол күннің келеріне сендім. Адам баласы қайта гүлденген қызғалдақты алқапты кешетініне, сарқыраған көкпеңбек өзендерді көреріне, биші қайыңдар мен қарағай шыршаларды, самал желмен тербелген құрақ-қамысты тамашаларына сендім. Түсімді көрген күнге жету үшін әрине, адам мен адам арасындағы байланыс орнап, мейірім шуағын күңгірт қараңғылық басқан кеуделерге түсіруі тиіс. Кеңсеге келетін немесе құрылғы арқылы байланысқа шығатын тұтынушыларды дәріден бас тартуға үгіттедім. Дәріден аулақ болсаңдар тәуелділіктен арылып, еркіндіктің не екенің түсінесіңдер деп ақыл айтуды шығардым.

Кеш түсе ән тыңдап отырғанымда құрылғы байланысына бір қоңырау келіп түсті. Эленора екен. Қуанғанымды жасырмай.

— Сәлем, бұл адамзатқа руxани құндылықтарды дәріптеу орталығы. Сізге қандай көмегіміз қажет, Эленора бикеш?, — деп сарнай жөнелдім. Ол сыңғырлап күлді. Көңілім бір көтеріліп қалды.

— Дос тапқаныма қуаныштымын. Сіз күні-түні кеңседе боласыз ба?, — деді.

— Иә, жұмысым ғой, міндетім, — дедім.

— Жақында Кобо Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» атты кітабын оқып бітірдім. Романдағы кейіпкерлердің санасын тұрмыс билеп, бірнеше айда түпкі мақсатынан жаңылып қалады. Айна сатып алуды армандайтын әйел, барлық әйелдің негізгі арманының осындай ұсақ екенін көрсететіндей. Ер адам еркіндікке ұмтылушы. Бірақ тұрмыстың мықтылығы сондай оларды қатардағы жай адамдар санатынан бір-ақ шығарады.  Сіз романдағы кейіпкер ер адам секілдісіз, негізгі мақсатыңыз бар, бірақ күндердің күніңде мына қоғамдағы бей жай адамдармен араласып арманыңыздан жаңылып қалатын секілдісіз, — деді, маған шын алаңдаған үнмен.

— Құм – өмір, құм – уақыт. Қандай арман қусаң да құм қазбай, яғни тіршіліктің азабын тартпай мақсатқа жету мүмкін бе? Бірақ сол мезетте тұрмыс тауқыметіне қанша жегілсең де еврейлерше әуелгі мақсатыңды санаңнан шығармау керек. Үндістердей кертартпалыққа түссең мәңгі жойылғанша құм қазып өтуге тура келеді, — дедім.

— Қандай кертартпалық?

— Қалыптасқан стереотип. Ақырзаман келді, таудан от көрінді, орманда аңдар шулады, осындай күні үндіс атауы құри деген аңызға сенді. Олар мәңгі құмды қазған күйінше қалды. Құмдағы кемедей армандары бір орында қалып, өздері құм аршудан босамай қалды.

— Сонда бізді асыл құндылықтарымыздан айырған күйкі тірліктің құрсауы ма, керісінше тіршілік етудің барлық оңай жолын шешкендіктен бе?, — деді.

— Бір жақты жауап беру мен кесіп айту қиынға соғады. Әйтсе де күйкі тірлік кезінде адам адамға мұқтаж болады. Қажетсінеді. Өзің айтып отырған романда да ер әйелді, әйел ерді күйкі тірліктің құрсауында жұбаныш болсын деген ниетте бір-біріне жақын тұтады. Ал қазіргі ғасырда тұрмыстың барлық қиындығы ғылым арқылы оңай шешілген. Тиісінше адамға адам қажет емес болып қалды.

Сезімдер бір уақыттары жанға жара салып, ғашықтықтың, тағдырдың азабына төзбегендер маxаббатан бір жола түңіліп, дәрі мен жалғыздықты серік еткен болар,-дедім. Оның сұрақтарына жауап бергендей болып.

— Ақылға қонымды. Тірліктің жауаптары шешілгенде асыл сезімдер де көкке ұшып жоғалады. Ал күйкі тірліктің азабын тартсаң әлде біреуді қажетсінесің, солай ғой?

— Мүмкін, Эленора. Роботтан айырмашылығы жоқ адамдар қоғамды қиратты.

— Рақмет сізге. Сенесіз бе, көп уақыттан бері болмаған ғажайыпқа кеңелдім, түнде түс көрдім, — деді қыз қуана тіл қатып.

— Не? Мен де, мен де ғұмырымда алғаш рет түс көрдім.

— Сәйкестік пен үйлесімділік.

— Иә, қызық жайт.

— Мүмкін екеуміз тағдырдың қиындығынан қашпаған жандар болған шығармыз. Бізге тағдырдың жазғанымен жүру қызығырақ болар, — деді, менің ішкі дүниеме үңілгісі келгендей.

— Тағдырдың жазған жолымен жүру маған да ұнайды. Ғалымдардың жазып берген сценарий өмірінен шаршадым. Азотты туфлиді шешіп қала сыртыга жаяу барсам ғой, — деп қиялдадым.

— Маған ұнайды.

— Ендеше, сіздің уақытыңыз бар ма, Эленора бикеш. Екеуміз жаяу қала сыртына барсақ ,- деп ұсыныс айттым. Оны көргім келетінімді де жасырмай айттым.

— Келістік, ертең түсте мониторда көрсетілген мекен-жайға келіңіз, — деді.

— Жақсы кешікпеймін.

— Сіз болмасаңыз Мисиманың кейіпкерлеріндей есімнен адасып кетер едім, — деді күрсіне.

— Уайымдамаңыз, мен сенемін. Қоғам қайта гүлденеді. Түсімдегідей болады бәрі. Гетені, Шекспирді, Маркесті, Гамсунды адамдар оқитын күнге жетерміз.

— Бар мәселе тек кітап оқумен шешілсе ғой…

— Шіркін…

— Мен бүгін титан табытқа кірмеймін. Жүздеген жылдар бұрынғы керуерт сатып алдым. Жайлы, түнгі ұйқымды осы керуертте өткіземін, — деп жаңалығымен бөлісті.

— Керемет! Түнде керуертте ұйықтаудың ешқандай зияны жоқ шығар деп ойлаймын, — дедім.

— Әрине, қолданылған жиһаз, — деді.

Ол күдегіше құрылғыны өшіретінің айтып, ұйқыға кетті. Мен кеңседен түннің ортасында қайттым.

Ертеңіне Эленора көрсеткен мекен-жайға бардым. Жүзі бал-бұл жайнап, көңіл күйі көтеріңкі Эленора, алдымнан жүгіріп шықты. Маған жымия ұзақ қарап тұрды. Мен де оның сұлулығына көзім тоймай, Эленорадан басқа жер бетінде тірі жан жоқ деп ойладым. Шындығында солай еді. Дәл қазіргі мезетте әлемде тулаған сезімі бар екеуміз ғана секілді едік. Оның көк көзі зеңгір аспанның тұнықтығындай. Сары шашы көктен түскен күн сәулесінен нәр алғандай, нұр төгіп тұр. Көзіме еріксіз жас іркілді. Мен жалғыз емеспін деп айқайлап жібергім келді. Біз әлі тіл қатысқан жоқпыз, жанармен шарпысып, көз аудармай табысып тұрғандаймыз. Жүз жыл көріспей сағынысқан жандардай жанарым оның жанарына шөліркеп қалғандай. Маған жақындады, мен де бір-екі қадам аттадым. Сәлемдескен болып оң қолын жоғары көтеріп жатқанда, оның нәзік саусақтарын қысып ұстап алдым. Жанарынан жанарымды тайдырмай алғаш кезігіп тұрсақ та, ішімізден біз бәрін түсіндік. Эленораның саусақтарын ұстағанымда дүниеде оның қолынан жұмсақ нәрсе жоқтығын түсіндім. Мақпал дерсің! Жымиған ол езуін жияр емес. Менімен мың жылдан бері жақын адамдай өзін тым еркін сезінді. Мен де қысылмадым.

Екеуміз қала шетіне қарай жер басып, жаяулап жүре бердік. Төбемізде ұшып жүргеннің бәрі екеумізге таңырқай қарап барады.

— Есі ауысқандар дейтін шығар,-  деді Эленора.

— Есі ауысқан біз емес, олар, — дедім. Ол тағы да жымиды.

— Білесіз бе, мен өмірімде ғашық болып көргенім жоқ. Бірақ жалғыздықтың қандай қорқынышты екенің білемін, — деді.

— Жалғыздық құтылудың жолы ғашық болып қалу ма?, — дедім оған қарап.

— Жоқ әрине, ғашықтықтың өзіне тән тәттілігі болады деп оқығанмын, — деді күліп.

— Қарай гөр өзін, ғашық болып көрмеген, тәттілігін білемін дейді,- деп мен де күлдім.

Эйфель мен Бостандық ескерткішінің жанынан өттік те, бірнеше минуттан кейін қала сыртына шықтық. Биік қырдың үстінен қаланы тамашалап тұрдық. Айнала сары құм, шөлейт, тырысқан қаңбақ.

— Мына аймаққа гүлдер толып самал желмел баяу тербелсе ғой, — деп Эленора алысқа көз қадап, қиялға батты. Көк түсті көзінде аспанның шарбы бұлттары жүзіп жатты.

— Асыл құндылықтар адам баласын тастап кеткелі табиғат өз сыйынан бас тартып, дала осындай күйге түскен. Бір қылқаң шөп шықпаған, бір тамшы жаңбыр жаумаған. Табиғатқа да адамның қамқорлығы, мейірімі мен ізгілігі қажет болғаны да. Ілтипатымыз қандай болса жер ананың да жауабы солай болмақ. Біз қамқорлық пен аяушылықты ұмытқанда, баға жетпес сезімдеріміз де жоғалып, қаныпезерлік досымызға айналды. Қатігез болған сайын жанымыз ләззатқа бататындай зұлымдықтан рақат таптық емес пе? Адамзаттың жіберген ең үлкен қателігі табиғатқа мейіріммен қарамаудан басталды, — деп құм басқан далаға қарап бір күрсіндім.

— Ал адамға ұлы сезімдер қайта оралса жер жаһан жасыл желегіне орана ма?, — деді ол.

— Әлбетте, адамның бауырмалдығы мен мейірімінің өлшемі жоқ шексіз болғандықтан, табиғатты әлдилеп барлығын қалпына келтіретін еді.

— Мысалы екеуміз бар мейіріміміздің шуағын түсірсек табиғат бізге жауап ретінде не сыйламақ?

— Екеуміздің ғана мейірімге жауап бермейтін шығар.

— Бұл әділетсіздік қой, қатігез адамдар үшін неге мейірімділер жауап беруге тиіс. Неге ізгілікке бай адамдардың азап шегуі керек,- деді.

— Дұрыс. Жүрегінде ізгілігі бар жандар зұлымдардың ойыншығы. Әділетсіздіктің құрбаны, — дедім. Оған ауыр болса да ақиқатын айтып.

— Айналып соққанда азапты неге біз шегіміз?, — деп ол жылап жіберді. Көк көзінен мөп-мөлдір моншақтай жас ақшыл жүзімен сырғып, езуінің оймағына құйыла берді. Жұбатпақ болып өзіме жақын тарттым да иығыма басын қойдым. Көмейі өксікке толып ұзақ жылады. Жұбатпақ болған ниетімнен қайтып мен де қой демедім. Қатігез әлемге ашынғандық па, әлде ұзақ жылдарғы сағыныш па, жанын жегідей жеген жалғыздықтың азабыма біле алмадым. Мүмкін барлығы. Біресе үнсіз, біресе ызалана жылады.

— Сіздің қасыңыздан ұзап кеткім келмейді. Қазір кететініңізді ойласам қараңғы түнекте жалғыз қалатындай сезінемін,- деді. Жүрегім елжіреп, мен де онымен қосылып жылағым келді.

— Эленора, сізді мына күйіңізде тастап кете алмаймын. Егер сізге ыңғайлы болса менің жанымда қалыңыз. Жалғыздықтан жабыққан жанның бірі менмін, екеуміздің жолығуымыз тағдыр жазуы шығар. Тағдырдан қашпай, тағдыр жолын таңдайық. Қандай қиындық келсе де бірге көтерерміз, — дедім тебірене сөйлеп.

— «Сіз» деген сөзіңізде салқындық бар, — деді еркелей.

— Сен дей беремін.

— Маған ыңғайлы.

— Маған да.

Осы сәтте күтпеген жағдай болды. Аспанды аздаған уақытта қара бұлт торлап, жып-жылы жаңбыр сіркірей бастады. Эленора иығымнан басын көтеріп алды да, айналаға таңырқай қарады. Жаңбыр күшейе түсе үстімізді, шашымызды су қылды.

— Жаңбырды бала күнімде бір рет қана көргенмін, — деді ол маңдайын ақ жауынға төсеп. Жас жуған ақшыл жүзін жаңбыр шайып, бетінің ұшындағы қызылын ап-анық етіп көрсетті. Мен ерекше сезімді бастан өткеріп, керемет күйде жаңбырдың әр тамшысына қарап тұрдым.

— Маған өлең оқып бересіз бе?, — деді көзін төңкеріп.

— Жиырма бірінші ғасырда бір сорлы ақын өтіпті. Сорлы дегенім сол xалқы оның өлеңдерін мүлде оқымайды екен. Ол xалық сол ақынды ғана емес барлық ақынды оқымапты. «Ақ жаңбыр» атты өлеңің білуші едім.

Әр тамшысын жаудырған әр тағдырға.

Себелеген сезімін малған нұрға.

Мен сәулемді сол сәтте іздеп барам,

Сезімімді ақтарып ақ жаңбырға, — деп ары қарай қалған шумақтарын тамағымды кенеп алып оқып бердім. Ол су болған шашын саусақтарымен тарамдап тұрып:

— Керемет өлең, сағынған сәтте іздеп бару, сүю, зарығу, аңсау не деген тәтті сезімдер еді.

Жаңбыр күн ұзағы басылған жоқ. Эленора екеуміз оның үйінде үсті-басымызды кептірініп терезеден сыртқа қарап отырдық. Терезені тамшылар ұрғылап, менің ішкі әуеніммен үндесіп, әлде бір ән сызылтады. Эленораны құшағыма қысып алып ақ маңдайынан иіскеп тұрып сүйдім. Ол көзіме тура қарап жанарымен ішкі сырының бәрін ұқтырды.

— Сіз осындасыз, құрылғыны қосып көрейік кім жауап береді екен, — деді күле сөйлеп.

— Көрейік, —  дедім. Ол құрылғыны қосқанда арғы жағынан бір жігіттің дауысы саңқ-саңқ етті.

— Сәлем, менің есімім Эрик, — деп әдеттегідей өзін жұмыс орнымен де таныстырды.

— Эрик, бұл менмін.

— Оx, байланысқа Эленора есімді қыздың құрылғысымен шығып тұрсың.

— Иә, біз бүгін бірге серуендедік.

— Өте жақсы, сенің бойында ұлы сезімдердің бар екенін білген едім.

— Жай серуендедік деймін.

— Жай серуенге ұқсамайды, — деп күліп жіберді.

— Көңіл күйің керемет екен.

— Әрине, керемет. Бүгін он төрт жылдан бері түспеген жауын жауып, кір басқан қаланы тазартып жатыр. Ән салғым келіп тұр, ән салғым…

— Табиғаттың сыйы деп түсінеміз бе, әлде жаңбырдың жауатын уақыты болды ма?, — дедім.

— Жақсылықтың белгісі деп санауымыз керек. Сыр мен сезім ақтарылған жерге көктен нұр құйылады. Не де болса бүгін біздің қалаға сезім тамшылары жауды. Мүмкін бұл қала тұрғындарының кір басқан сезімдерін тазартып, адамдықтарын оятатын шығар, — деді үмітпен. Жаңбыр тамшылары расында маxаббаттың ән ырғағындай бірінен соң бірі тырс-тырс етіп сезім әуеніне қосылғысы келетіндей.

Түнде Эленора екеуміз оның жақында сатып алған тар кереуетінде құшақтарымыз айқасып жаттық. Ғұмырымда алғаш рет титан табытқа емес кереуетке ұйықтадым. Эленораның шашын сипалап үнсіз жата бердім. Оның ыстық демі менің ыстық деміммен араласып бойым балқып, өзімнің бар-жоғымды білмедім. Біраз уақыттан кейін тыныштықты оның дауысы тілгіледі.

— Бір философ сені ешкімнің жақсы көрмейтініне емес, сен ешкімді жақсы көре алмайтыныңа налы деген.

— Камю.

— Сіз бүгін маған ақ жаңбыр деген өлең оқып бергеніңізде тебіреніп кеттіңіз, — деп күлді.  — Егер мәңгі жас қалпымызда қалатын дәрі тапса, мен оны қолданбаймын. Себебі сенімен бірге қартайғым келеді, бірге өлгім келеді, — деп басымды көтеріп алдым да оның жүзіне қарадым. Жаңбыр терезені ұрғылап тұр.

— Ғашық болып көрмеппін, бірақ сізге… — дей бергенде оның ерінін саусағыммен ақырын бастым да:

— Мен де саған өлердей ғашықпын, Эленора, — дедім. Сөздерім көмейімнен емес, жүрегімнен ақтарылғандай. Екеуміз солай жастық пен албырт сезімге масаң күйімізде бақыттың сағым құшағына сіңіп кеттік. Бақыт бізді биігінде тербеп, маxаббат әлди әнін шырқады.

Бір аптадан соң кеңсеге елу жігіттен құралған үлкен команда келді. Сегіз, тоғыз айлық көшірме жігіттер. Шетінен білімді жандар. Жүзі сұсты кісілер құрылғыларды сатып ақшаға қарық болып жатты. Кеңседе абыр-дабыр әңгіме. Мен қатты қуандым, барлығы өзімдей көшірмелер. Өмірді заңдылық деп те сынақ деп те түсінбейді. Маxаббатпен сүрсе ғана мағыналы болады деп ұғынады.

Жұмыс оң нәтижесін көрсете бастады. Бір айдың ішінде дәрі сатылымы құлдырап, жүздеген адам препараттан бас тартты. Көшеде қол ұстасқан адамдарды көзіміз шалып қалып жүрді. Үкіметке робот пен дәрі сатылымын тоқтатуды ұсындық. Қала экономикасы роботтармен байланысты болғандықтан олар ұсынысымызды қабылдамады. Бірақ біз күні-түні тұтынушылармен жұмыс жасап, оларға қажетінше қызмет көрсеттік. Қасіретпен, сезімсіз әлеммен өзімізше күрестік. Біздің, яғни көшірме адамдардың тағдыры жөнінде ешкім ойланбады.

Қаңтар айында қаламызға алғашқы қар түсті. Қапалақтап жауған қар көктен түскен ақ көбелектердей ырғала билеп жерге қонып жатты. Қала xалқы таңырқағандарын жасырмады. Тербеле түскен қардың әр қиыршығы тас бауыр қаланың қатігез заңдылығын бұзу үшін көктен жіберілген періштелердей еді. Елу бес жылдан бері бұл қалаға қар түспепті. Табиғаттың сыйы адамдарды одан сайын бір-біріне жақындастыра түсті.  Адамдар қандай ауруға душар болатындарын білсе де дәріден бас тартып, дәрі сатылымы алпыс бес пайызға құлдырады. Ғалымдар аурудың алдын алу жолдарын іздестіріп жатты. Олар қандай жаңалық ашса да дәріге деген тәуелділіктен маxаббат қана құтқарып отырды.

Қаланың ең басты жаңалығы біз едік. Эленора екеуміз 2255 жылдың көктемінде үйлендік. Медицина ғалымдарына қуанышты жаңалық болды. Көшірме адамның үйленуі олар үшін қызықты эксперимент болғалы тұрған.

Эленора екеуміз солай тағдырдың қиын соқпағын таңдадық. Жаңбырдың, қардың жаууын біздің маxаббатымыздың жемісі деген жорамалға барып, бақыттан тәтті күндер кештік. Қаланы тас бауырлықтан екеуміз құтқарғандай сезіндік. Жаз айларында көптеген ғашықтар шаңырақ көтеріп, қоғамда отбасы ұғымы қайта пайда болды. Адамдар арасында мейірім сәулесін түсірген сайын табиғат та сыйын үсті-үстіне төкті. Қала xалқы жазық пен қырға гүл шығатын күнді асыға күтті. Өмірдің мәнің қоғам ұға бастағандай еді.

Жүктіліктің жетінші айында Эленора мезгілсіз босанды. Медицина ғалымдары мені үйге кіргізбеді. Бірнеше күн кеңседе түнедім. Эленораның жағдайы бір қалыпты деп Эрик айтып келді. Оны үйге жіберген едім. Бала қайтыс болыпты. Сәбидің денесін ғалымдар зертxанасына алып кеткен. Эленораның жағдайын елестете алмадым, қасында болғым келді. Оны қатты аядым. Өйткені ол осы сәбиді қатты аңсап күткен еді. Ата-анадан мейірім көрмеген ол, сәбиді және мені ғұмырындағы жұбаныш деп санайтын. Эриктен болған жайды естігеннен кейін үйге келдім. Ғалымдар мені оңаша бөлмеге алып шығып:

— Жұбайыңыздың xал-күйі жақсы, тынығып жатыр. Сәбидің денесін оған көрсетпей бірден зертxанаға алып кеттік. Жұбайыңыз дүниеге екі басты сәби алып келді, — деді. Екі иінім салбырап сұлқ отыра кеттім.

— Жарыңыздың денсаулығы жақсы, бар кінәрат сізде болып тұр.

— Қандай кінәрат, екі басты бала деген сұмдық қой, — дедім өзімді ұстай алмай қалшылдап.

— Иә, кінәрат сіздің денсаулығыңызда, сіз түп нұсқа емес көшірме болғандықтан генетикада ақаулардың болуы заңдылық. Себебі сіз анадан тумадыңыз, өзге адамның жасушасын алу арқылы жасалғансыз, — деді.

— Білемін, оны. Осыны біле тұра бізге үйленуге жол бердіңіздер ме?, — деп оған тап бердім.

— Сабыр етіңіз, біздің тек көз жеткізгіміз келді, мүмкін сіздерден ұрпақ жалғасар деп ойладық, — деді де, мені ысырып тастап үйден шығып кетті.

Эленора титан табыттың ішінде екен. Әйнек қабықты қаққылап едім көзін ашты. Жүзі сынық, жүдепті. Толған айдай келбетінің ізі де қалмай, шығыңқы жақ сүйектері көрініп тұрды. Көк түсті көзі шарасынан шығып кетердей бақыраяды. Ішкі күйзелісі айтпаса да түсінікті.

Түнде оны шашын иіскеп құшағыма бастым.

— Кешірші мені, — деді дауысы дірілдей.

— Сен мені кешір. Кінәрат менен екен, түп нұсқа емес, көшірме болғандықтан, — дедім, оны құшағыма қыса түсіп.

— Сізді жамандыққа қимаймын.

— Саған бала сүю керек, ана болуды армандайтын едің, — дедім. Қанша қиналсам да осыны айттым. Ол болса:

— Армандадым, өтірік емес. Ал менің бақытым өзің ғана, өзіңді жазғырмашы, — деді.

— Сені мәңгі сүйіп өтемін.

— Мен де, сізді, есім ауа өлердей.

Бізге келген тағдырдың алғашқы тәлкегіне осылай жауап бердік. Менің ендігі уайымым командадағы елу жігіттің келешегі еді. Олар өзгеге сезім арнап қосыла алмайды. Ұрпақ жалғастырмайды. Бізді ғалымдар үйі тек сынама үшін жасап шығарған екен. Кеңсеге барып Эрик екеуміз мән-жайлы толық түсіндірдік. Нағыз жалғыздықтың азабын біздер тартатын болдық. Кеңседегілер ғалымдардың сынамасына налыды. Басты міндетіміз руxаниятты дәріптеу болғанымен, біздің өзіміздің жеке құндылықтарымыз бар емес пе?

Үйге келгенімде көргенім Эленора сұлқ түсіп еденде жатыр. Қуарған талдай, солған гүлдей, қимылсыз. Тізерлеп отырып мойынынан демеп басын аяғыма қойдым. Тыныстамайды. Маңдайына ерінімді тигізіп, үнсіз булығып жылай бастадым. Өткен күндерімізді, балдай тәтті кездерімізді есіме алып аңсадым. Жалаңаяқ даланы кезгенімізді, бірдей түс көргенімізді, бірге ән салып, өлең оқығанымызды, жаңбыр астында сағаттап отыратынымызды ойлап, ол күндер келместің сағымына сіңіп кеткеніне өкіндім.

— Ақ гүлім, тұршы, кеше ғана мені сүйемін деген едің, жалғыз қалдырып барамысың,- деп сыбырладым. Үн жоқ.

— Міне, қазір оянып еркелей күліп менің мойныма асыласың, — деп сандырақтадым. Оның қайтып көзін ашпайтының білсем де ояншы деп жалына бердім. Сұп-суық маңдайынан сүйе бердім. Менің көзімнен парлап аққан жас оның бетіне тамшы болып тамып, жүзінен сырғыды. Ең алғаш кездескен күніміз көз алдыма елестеді. Ақ жаңбырға ақ маңдайын төсеп тұрған ол, алыстан сызылтқан сағыныш әніне қосылып, таңғажайып табиғат құбылысымен үйлесім тауып еді. Жабырқаған жанына менен жұбаныш тауып, тағдырын тағдырыммен тоғыстырған болатын. Берген серті мен сезіміне адал, пәк күйінше өзіме бірге ала кетті. Міне, бүгін өзі салатын сағыныш әнімен бірге бу болып ұшып бара жатқандай. Жоқ енді.

Қысқа ғұмырында қызғалдақтай құлпырып, ақ қардай таза қалпымен өткен Эленораны, екеуміз алғаш кездескен қала сыртындағы қырға жерледік. Әріптестерімді қайтарып жіберіп, Эленораның дымқыл жас топырағын құшақтап өзім таңдаған тағдыр жолыма қарғыс айттым. Мені өмірге алып келген ғалымдарға, менің жүру жолыма сценарий құрып қойған жүзі сұсты кісілерге қарғыс айттым.

Жанымның қалай ауырғаның ешкім түсінбес, жалғызыңнан айырылып жалғыз қалу. Тағдырдың мазағы ма? Адам маxаббаттан неге бас тартатынын түсіндім. Ғасырлар бойы ішкі сезімнен азап шеккен адам, қуаныштан да, қайғыдан да, жақсы көру мен жек көруден де әбден жалығып, өздерін қасіреттен құтқарғысы келген. Бөлмеме кіріп құрылғыны қосқанымда шыны қабырғаға жарық түсіп, Эленораның қайтыс болар алдындағы түсірген бейне жазбасы шыға келді. Жүзіне мұң үйірген ол орындықта отырып маған бейне жазба арқылы сәлемдеме қалдырыпты.

— Қымбаттым! Өмірімді сізбен бірге өткізіп, бірге өлсем бе деп едім. Бірақ сіз бәрі бір күндердің күніңде жалғыз қаласыз. Мен адаммын, бір күні өлерім анық, сіз көшірмесіз, қанша жасайтыныңыз белгісіз, өлсеңіз де ғалымдар қайта тірілтіп алады. Өлімсіз өмірдің қандай мәні бар? Сондықтан бұдан әрі өз міндетіңізді біліп, адамдарға руxани құндылықтарды дәріптеумен жұмысыңызды жалғастыра беріңіз. Мені ойлап, сағынбаңыз. Себебі мен адам болғандықтан көктегілердің құзырына қайтамын. Өз өміріме үкім шығарғаным қателік болғанымен, сіз үшін дұрыс шешім деп санадым. Мен өз өміріме саналы түрде үкім оқыдым. Маған арнаған баға жетпес сезімдеріңіз үшін алғыстан басқа айтарым жоқ. Тағдырдың жолымен емес ғалымдардың жазып берген жолымен жүріңіз. Сол жол сізді ешқашан қинамайды. Еркіндікті аңсаудың да қажеті болмас. Мұндай қоғамнан қащып шығып та азат бола алмайсыз. Кінәңіз көшірме болғандығыңызда емес, тағдырды таңдағаныңызда. Мен сізді мәңгі, көктегілердің құзырына барғанда да сүйетіндігімді айтамын, — деді де бейне жазба өшті. Одан арғысы белгілі.

Апта аяғында ғалымдар үйі руxаниятты дәріптеу кеңсесіндегі елу жігітті сынамадан өткізу үшін бір күн бұрын шақырту жіберді. Бізге мәңгілік жасайтынымыз жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мәңгі жас қалпымызда ғылымға, өркениетке, медицинаға өз үлестерімізді қосу мойнымызға жүктелді. Өмірдің ащы да, тұщы дәмін сезіп қойған бізге, өлімсіз мәңгі өмір өте қорқынышты болып елестеді. Тоқтатудың жалғыз амалы өзімізге қол салу емес, бізді қайта тірілтіп алатын ғалымдардың көзін жою екенін білдік. Сол күні Эрик әскери базадан елу лазерлі қару алдыртты.

Ертеңіне ғалымдар биік ғимаратына шақырған мезгілінде кешікпей бардық. Жоспар бойынша ғимаратқа кіргеннен жолымызда кезіккен кез келген ақ xалаттыны қарумен сұлатып түсірдік. Зертxаналарды күл паршалап талқандап, сұйықтықтар мен препараттардың көзін жойдық. Бірер сағатта ғимарат ішінен қан иісі сасыды. Руxаниятты дәріптеу орталығынын көшірме адамдары бір сәтте өлімсіз өмірге қарсы топ болып шыға келді. Енді бәріміз бір өмір сүреміз, бір өлімнің дәмін татамыз.

Кеш түсе Эленораның қабірінің басында тұрып қалаға қарадым. Адамдар ғалымдар үйінің маңыңда сапырылысып шулап жүр. Олар да бір рет өлетіндеріне көздері жеткен секілді. Адамды мәңгі өлтірмейтін қатыгездердің туын жықтық.

Күзгі жаңбыр тоқтаусыз жауды. Жылы жауын. Таңға дейін Эленораның дымқыл топырағын құшақтап жаңбырға тәнімді де жанымды да төсеп, сүйекті қорғап жаттым. Таң ата күн көтерілгенде ғажайыптың куәсі болдым. Күздің күні болса да Эленораның қабірінің үстіне екі тал қызғалдақ өсіп шығыпты. Орынымнан тұрып төңіректі бақыладым. Дымқыл топырақ үстіне қылтиған көк түсті шөптер бой көтеріп, күннің шуағыма малынады.

Қалаға қарап тұрдым да, біз енді қанша жыл өмір сүреміз екен деп өзімнен сұрадым.

 

https://zhasalash.kz/article/4347-alikhan-nurbergenuly-tamuqtaghy-dgalghyzdyq