Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Парасаттылық мектебі» ашылды

«Парасаттылық мектебі» ашылды

Жаңа оқу жылынан бастап Жұбанов университеті мен  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  Ақтөбе облысы бойынша  департаментінің бастамасымен  «Парасаттылық мектебі» ашылды.  Бұрын-соңды болмаған шара ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының бастамасымен қолға алынып отыр.

Бүгінгі салтанатты шараға Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы  Мирлан Мұхамбетов және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұрболат Махмұтов арнайы қатысты. Олар алдымен университеттің Ситуациялық орталық қызметімен, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығымен танысып, Цифрлы университет бағдарламасын жүзеге асыру бойынша презентациясын қызығушылықпен тамашалады.

Одан кейін қонақтар «Парасаттылық мектебі» кабинетінің ашылу салтанатына қатысып, лентасын қиды. Аталмыш кабинеттің жұмысы мен мақсатын таныстырған университеттің  «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 3-курс студенті Рахима Бақытжанқызы: «Парасаттылық мектебінің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлық фактілері жиі кездесетін жоғары және арнаулы орта оқу орындарында қазіргі қоғамның дертіне айналған осынау жайтқа мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру. Сонымен қатар, мұнда қатысушыларға парасаттылық, адалдық, әділдік принциптерін ұстау бойынша сабақтар өткізіледі. Өз кезегінде, қатысушылар білікті мамандардан үйренгенін өздері қызмет ететін оқу орындарындағы студенттерге жеткізеді», – деді.

Кабинеттің ашылуында сөз сөйлеген Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы  Мирлан Бегежанұлы Жұбанов университеті жастарды парасаттылыққа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастырудың, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық дағдыларын дамытудың жақсы бастамасы болып табылатынын атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша,  «Парасаттылық мектебі» – бұл қарқынды, шығармашылық атмосфераның, ұжымдық және жеке оқыту нысандарының, эмоциялық тұрғыдан еркін және қатысушылар арасындағы үздіксіз өзара әрекеттестіктің үйлесімі.

Парасаттылық мектебінің қатысушылары сыбайлас жемқорлық феномені және онымен байланысты ұғымдар туралы теориялық білім алады, алған білімдерін тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен командалық жобаларды әзірлеу кезінде қолданады, сондай-ақ өзінің шығармашылық және сыни құзыреттіліктерін дамыту мүмкіндігіне ие болады. Бүгінгі таңда аталмыш мектепке алғашқы 15 тыңдаушы қабылданған.

Бес күн бойы өтетін семинарда білікті мамандар, тренерлер, сарапшылар, психологтар қатысушыларға дәріс оқитын болады. Оқыту барысында сарапшылар мен арнайы жаттықтырушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа жобалар туралы әңгімелеп, олардың іске асырудағы тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ, курсқа қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында жобалық жұмыстарын қорғайды. Семинар соңында «Парасаттылық мектебінің» қатысушыларына бекітілген үлгідегі сертификаттар табысталады. Курс аяқталған соң оқытушылар алған білімдерімен бөлісіп, студенттерді парасаттылық және адалдық қағидаларына үйретеді.

Одан кейін қонақтар Жастар сарайындағы  «Мәңгілік Ел» конференц-залында бас қосты.  Басқосуды ашқан  Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков сыбайлас жемқорлықты жоюда университетте жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады. «Жұбанов университетінде республикалық «Саналы ұрпақ» жобасын жүзеге асырылуда. Университетте Тәртіптік-сыбайлас жемқорлыққа қарсы қимылдар кеңесі жұмыс жасайды. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде профессорлық-оқытушылық  құрам мен студенттер өздерінің идеялары бойынша студенттердің жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру және университеттегі жемқорлықтың алдын алу мүмкіндігіне ие. Бүгінгі күні Жұбанов университетінде сыбайлас жемқорлықты анықтау және оған қарсы күрес туралы жасырын сауалнама жүргізеді. Мүдделі тұлғалар университеттің ресми сайтында орналастырылған формаларды толтыра алады. Сондай-ақ, емтихан кезеңінде «Біз таза сессияға барамыз!» акциясының аясында университетте сыбайлас жемқорлықта құқық бұзушылық фактілері бойынша шағымдар қабылдайтын Call-орталығы бар. Сыбайлас жемқорлық қаупін жою үшін университетте сырттай оқыту жойылғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, бүгінгі күні университетте дипломломдық жобаларға қойылатын талаптар да күшейіп және GPA (студенттің орташа балы) өсті. Университет бейнебақылаумен толығымен жабдықталған, соның арқасында пәндер мен емтихандардың сапасы белсенді түрде бақыланады. Бұл шаралар университетте жарияланған «Сапа жылы» аясында өткізіледі» , — деді ректор.

Басқосуда Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы  Мирлан Мұхамбетов  іс-шара барысында студенттерді қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, жемқорлыққа қарсы күресте өзекті мәселелерді шешуде қолдау көрсеткен  университет басшылығына алғысын жеткізді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас пен құқықтық сана қалыптастыруға қосып жатқан үлесі үшін Жұбанов университетінің басшылығына алғысымды айтамын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бұзылуын болдырмау жөніндегі мұндай кездесулер жиі өткізілуі керек. Тек бірігіп жұмыс істеу арқылы біз туындаған мәселелерді шеше аламыз», — деп атап өтті Мирлан Бегежанұлы.

Жиын соңында қос тарап ынтымақтастық туралы  екіжақты келісімге қол қойып, нақты жоспар бекітілді.