Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қоғам қайраткеріне құрмет көрсетілді

Қоғам қайраткеріне құрмет көрсетілді

Жұбанов университетінің кеңейтілген Ғылыми кеңесі белгілі қоғам қайраткері,  профессор Амангелді Әбдірахманұлы Айталының  80 жылдығына арналды.

Айтулы шараға еліміздің бірнеше өңірінен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, облыс әкімдігінің өкілдері, қалалық әкімдік басшылары, мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің, дін өкілдері, ардагерлер, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кеңейтілген Ғылыми отырысты жүргізген ректор Бауыржан Ердембеков: «Құрметті Оңдасын Сейілұлы, әріптестер, бүгінгі жиын қонақтары! Өздеріңіз жақсы білесіздер: қандай да болмасын ұжым бірнеше ұрпақ өкілдерін біріктіреді. Ұжым ұйтқысы – ұрпақтардың қаймақтары. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050 Стратегиясы» Жолдауында атап көрсеткендей, «аға буын кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септігін тигізеді. Ал кейінгі толқын жастар – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегі». Біз бүгін сіздермен осындай ұлағаты мол аға буын өкілдерінің бірі де бірегейі Амангелді Әбдірахманұлы Айталы ағамызды мерейлі 80 жасымен құттықтауға арналған арнайы жиында бас қосып отырмыз», — деді.

Мерейтой иесін университет ұжымы атынан құттықтаған университет ректоры қайраткер тұлға Амангелді Әбдірахманұлының білім және ғылым саласындағы айрықша еңбегіне тоқталып, ұстаз-ғалымның ізгі қасиеттері мен жемісті еңбектері отбасы үшін ғана емес, өзімен қанаттас жүрген әріптестері мен тілектес дос-жарандары, шәкірттері үшін зор мақтаныш, үлгі-өнеге екенін ерекше атап өтті.

«Амангелді ағамыз өткен ғасырдың сонау 60 жылдары бүгінгі университетіміздің іргетасы іспеттес Ақтөбе педагогикалық институтында ұстаздық жолын бастаған алғашқы ғылым кандидаттарының бірі. 1968  жылдан 1999 жыл аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты боп сайланғанға дейін осы қиындығы да, қызығы да мол ұстаздық жолдың барлық сатыларынан өтті деуге болады. Осы залда отырған аға және кейінгі буын өкілдері Амангелді ағамыздың кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін атқару барысындағы қарым-қабілетінің, біліктілігі мен іскерлігінің, шәкіртке деген сыйластық, әдеппен әдептелген ұстаздық шеберлігінің тірі куәгерлері.

Амангелді Әбдірахманұлы осындай биік кәсіби де, адами де қасиеттерімен қандай да болмасын ортада сыйлы, өмірде жиған-тергені бай тәжірибесімен, білім-білігімен еш бүкпесіз, риясыз көңілмен өз замандастарымен бөлісе алатын көпшіл азамат. Сондықтан да ардақты азаматымызды, ғалым-ұстазды, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ағамызды мерейлі жасымен құттықтауға дүйім республика жұртшылығының өкілдері атсалысып, қатысып отыр. Бірнеше республикалық және облыстық басылымдарда мерейтой иесі туралы мақалалар жарияланды. Республикамыздың «Хабар» телеарнасы және облысымыздың «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы арнайы видеотүсірілім көрсетті. Республикалық басылымдарда, университет сайтында құттықтаулар жарияланды, өзіміздің баспа орталығынан ағамыздың «Рухани кемелдік» тақырыбындағы ғылыми еңбегі, ғылыми еңбектерінің библиографиялық көрсеткіші жарық көрді. Осындай құрмет-қошемет, ыстық лебіздер легі бүгінгі жиынымызда да өз жалғасын табатындығына сенімдімін»,- деді Бауыржан Ердембеков.

Бұдан кейін Амангелді Әбдірахманұлының шәкірті, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин мерейтой иесінің ғылыми-педагогикалық қызметіне шолу жасап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

«Сізді сексенге толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білікті ғалым, өнегелі ұстаз, ұлтжанды тұлға ретінде ел дамуына қосқан үлесіңіз көп. Қазақ руханияты туралы айтқан салмақты ойларыңыз бен парасатты пайымдарыңыз өскелең ұрпаққа жол көрсетер құнды дүниелер деп білемін. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еттіңіз, шәкірт тәрбиелеу ісін абыроймен атқарған жансыз. Ғылым жолындағы еңбектеріңіз бір төбе. Парламент Мәжілісі қабырғасында атқарған елеулі қызметіңізді қалың жұртшылық жақсы біледі. Заң шығару ісіне белсене араласып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне  сіңген еңбегіңіз – жас буын үшін жақсы өнеге. Сізге зор денсеулық, табыс, ал отбасыңызға амандық пен бақыт тілеймін!», —  делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Мәжіліс барысында еліміздің 17 жоғары оқу орындары  ректорларының  құттықтау жеделхаттары келіп түссе, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің, Парламент Мәжілісі төрағасы Нығматулин Нұрлан Зайроллаұлының, Мемлекет және қоғам қайраткері Сағындықов Елеусін Наурызбайұлының  құттықтаулары оқылды.

Ғылыми кеңес отырысы барысында сондай-ақ, ақын, драматург Мұхтар Шаханов,  ақын, жазушы Ханбибі Есенқарақызы,  Мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Қасымұлы Елекеев,  Мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер Бекет Тұрғараев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Асылбек Айжарықұлы Смағұлов, «Нұр – Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби қажы Оспан,  Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Марат Қойшыбайұлы Телеуов және С.Баишев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, профессор Ахан Бекежан сынды белгілі ғалымдар көрнекті ғалымның өзі қызмет атқаратын кафедра ұжымы сөз сөйлеп,  мерейтой иесінің ғалымда жеткен жемісті табыстары мен өнегелі істеріне тоқталды. Сондай-ақ салтанатты ша­ра­да Амангелді Әбдірахманұлының мерейтойына тарту есебінде жас ақын, Жұбанов университетінің магистрі Сайлауқазы Қастербек арнауын жеткізді.

Мерейтойлық жиын соңында көрнекті ғалым, өнегелі ұстаз, белгілі қоғам кайраткері Амангелді Әбдірахманұлы  Ғылыми Кеңес шешімімен Жұбанов университетінің «Құрметті профессоры» медалімен марапатталып, ерекше сый-құрметке бөленді.

Амангелді Әбдірахманұлы — 2010 жылдан бері Жұбанов университетінде «Әлеуметтік зерттеулер» ғылыми орталығының директоры қызметін атқарып келеді.