Среда, Апрель 17, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғибратты ғұмыр иесі

Ғибратты ғұмыр иесі

Кеше Жастар сарайының «Мәңгілік ел» конференц-залында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының ғылыми-педагогикалық қызметіне арналды.

Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған облыс басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ бұрынғы шақырылымдардағы Парламент депутаттары, белгілі ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері, аталмыш оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы, белгілі кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері және студент жастар қатысты.

Жиынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков ашып, алғашқы құттықтау сөзді облыс әкімі Оңдасын Оразалинге берді.

— Мен осы киелі шаңырақта білім алдым, Амангелді Айталының өзімнің ұстазым екенін әрқашан үлкен мақтанышпен айтамын. Ал еңбек жолымды бастаған тұста ол кісімен әріптес те болдым. Амангелді Айталы — тек Ақтөбе өңірі ғана емес, бүкіл қазақ елінің, алты алаштың мақтанышына айналған тұлға, — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне жолдаған Құттықтау хатын оқып берді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Смағұлов өзінің құттықтау сөзінде:

— Амангелді Айталыны біз көрнекті ғалым ретінде ғана емес, ең алдымен, елге, халыққа жанашыр, ой-өрісі биік, азаматтық ұстанымы берік тұлға ретінде білеміз және құрметтейміз. Амангелді Айталы екінші және үшінші шақырылымдардағы Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезінде қоғамдағы түрлі өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешім табуына атсалысып, өз сайлаушыларының сенімін ақтады, — деп атап өтті Асылбек Смағұлов.

Сондай-ақ, ол мерейтой иесіне ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің жолдаған Құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстады.

Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов өзінің құттықтау сөзінде мерейтой иесінің ғалым ретіндегі биігін, туған еліне адал перзент ретіндегі еңбегін айрықша жоғары бағалайтынын жеткізді:

— Шәкірім қажы атылғаннан кейін, қазақтың философиясы терең дағдарысқа ұшырады. Бұл жағынан біз тәуелсіздікке дүбәра халде жеттік. Сол олқылықтың орнын біздің кейінгі ғалымдарымыз толтырып келеді. Мен Тәуелсіздік таңының осы Амангелді Айталы сынды тұлғаның кемелденген шағымен тұспа-тұс келгеніне қуанамын. Елдің еңсесін тіктеу үшін үлкен ойшылдар да керек. Ол — үлкен абыз философ, табиғатынан философ адам, — деп атап өтті ол.

Жиында, сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев, белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, белгілі ақын Ханбибі Есенғарақызы, т.б. сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Амангелді Айталы ұзақ жылдар бойы ғылыми-педагогикалық салада, соның ішінде Батыс аймақтағы ең ірі оқу орындарының бірі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде 40 жылға жуық уақыт еңбек етті. Ғылыми кеңес отырысында аталмыш оқу орнының басшысы Бауыржан Ердембеков көрнекті ғалымға «Құрметті профессор» атағын беріп, арнайы сый-сияпат табыстады.

Жиын соңында мерейтой иесі Амангелді Айталы сөз алып, ұйымдастырушыларға, айтулы жасына орай еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген қонақтарға және өзінің ұжымына ризашылығын жеткізді.

Осы шара аясында А.Айталының 80 жылдық мерейтойына орай «Хабар» телеарнасы түсірген «Қазақты намысы қамшыласын» атты фильмнің көрсетілімі және мерейтой иесінің «Рухани кемелдік» атты кітабының тұсаукесері өтті.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

https://aqtobegazeti.kz/?p=79537